Accessibility links

Олимпиададан соң ауыр атлетикадан әлем чемпионаты Қазақстанда өтетін болды


Екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильин. Пекин, 2008 жыл.
Екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильин. Пекин, 2008 жыл.
Қазақстан ауыр атлетикадан ғана емес, спорттың біраз түрінен әлем және Азия чемпионаттарын өткізуге дайындалып жатыр.

Қыркүйектің 28-і күні Астанаға халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Тамаш Аян келді.

АУЫР АТЛЕТИКАДАН – АЗИЯ, ОДАН КЕЙІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ...

Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Тамаш Аян. Пекин, 2008 жыл. Сурет Пекин олимпиадасының ресми сайтынан алынған.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Тамаш Аян. Пекин, 2008 жыл. Сурет Пекин олимпиадасының ресми сайтынан алынған.
Спорттық ұйымның басшысы өзінің іс-сапары барысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, премьер-министр Серік Ахметов және спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасы Талғат Ермегияевпен кездеседі. Тамаш Аян 2014 жылы ауыр атлетикадан өтетін әлем чемпионатын Астана қаласында өткізу туралы келісімге қол қоймақ.

Соңғы әлем чемпионаттары мен Лондон олимпиадасындағы Қазақстан ауыр атлеттерінің жеңісінен кейін халықаралық федерация әлем біріншілігін Астанада өткізуді ұйғарыпты. 2014 жылғы әлем чемпионатында ауыр атлеттер Рио-де-Жанейро олимпиадасының жолдамаларын сарапқа салады.

Ал бұл біріншілікке дейін, 2013 жылы Астана қаласы ауыр атлетикадан Азия чемпионатын өткізеді. Құрлық чемпионатын өткізу үшін Астана, Паттайя (Таиланд), Тайпей қалалары өз кандидатураларын ұсынған. Азия ауыр атлетика қауымдастығы чемпионатты өткізу құрметін Астана қаласына берді.

АСТАНАДА БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ

Ал 2013 жылы Қазақстанда бокстан әлем чемпионаты өтеді. Халықаралық бокс қауымдастығы бұл біріншілікті өткізу құқығын алдымен Астана қаласына берген еді. Бірақ биыл Қазақстан спорт және дене шынықтыру агенттігі бокс бәсекесін Алматыда өткізуді ұйғарыпты.
Бокстан олимпиада чемпионы Серік Сәпиев. Лондон, 12 тамыз 2012 жыл. Фото Facebook әлеуметтік желісінен алынды. (Көрнекі сурет)
Бокстан олимпиада чемпионы Серік Сәпиев. Лондон, 12 тамыз 2012 жыл. Фото Facebook әлеуметтік желісінен алынды. (Көрнекі сурет)

Чемпионат Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.

Келер жылдың қаңтарында Алматы дзюдодан «әлем шеберлері» турнирін қабылдайды. Бұл жарысқа олимпиада ойындары мен әлем чемпиондары келеді. Жарысқа елуден астам елдің үздік спортшылары қатысады деген болжам бар. Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясы мәлімдеді.

2013 жылдың ақпан айында теннистен «Дэвис кубогының» жарысы өтіп, Қазақстан-Австрия құрамалары кездеседі.

АСТАНАДА – ВЕЛО ЖАРЫС, КОНЬКИ ЖАРЫС...

2014 жылы Қазақстан велоспорттан Азия чемпионатын өткізеді. Бұл туралы халықаралық велоспорт федерациясының Маастрихт (Голландия) қаласында өткен 181-конгресінде белгілі болды.

Лондон олимпиадасындағы веложарыс. Қазақстандық атлет Александр Винокуровтың алтын алған сәті. Лондон, 28 шілде 2012 жыл.
Лондон олимпиадасындағы веложарыс. Қазақстандық атлет Александр Винокуровтың алтын алған сәті. Лондон, 28 шілде 2012 жыл.
Ал Қазақстан велоспорт федерациясының дерегіне сүйенсек, Астанадағы «Сарыарқа» велотрек кешенінде трек жарысы ұйымдастырылады. Тас жолдағы жарыс Алматыда болуы мүмкін.

Бұдан бөлек, 2015 жылы велортектен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Астанада өтеді.

2015 жылы қыста Астанадағы «Алау» коньки кешенінде спринттік коньки тебуден әлем чемпионаты ұйымдастырылады. ISU (Халықаралық коньки федерациясы) әлемдік сынды өткізу құқығын 2012 жылы берді.
XS
SM
MD
LG