Accessibility links

Байқоңыр космодромы басшысы қызметінен кеткені хабарланды


Ұшуға орнатылып жатқан Ресей зымыраны. Байқоңыр, 11 ақпан 2014 жыл. Көрнекі сурет.

Ұшуға орнатылып жатқан Ресей зымыраны. Байқоңыр, 11 ақпан 2014 жыл. Көрнекі сурет.

Ресей ақпарат құралдары Байқоңыр космодромы басшысының қызметінен кеткенін хабарлады. Космодром өкілдері Азаттыққа "басшы Мәскеуде іссапарда жүргенін" айтты.

Ресейлік ақпарат құралдары бүгін "Байқоңыр космодромының басшысы, "Оңтүстік" ғарыш орталығы" федералдық мемлекеттік унитарлық мемемесінің директоры Евгений Анисимов қызметінен кетті" деп хабарлады.

Ресейдің "Коммерсантъ" басылымы бүгінгі санында "Роскосмос" агенттігіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап, Евгений Анисимовтың кеше, 17 ақпан күні Мәскеуде "басқа жұмысқа ауыстыруды сұрап өтініш жазғанын" хабарлайды. Басылымның жазуынша, Анисимов Мәскеуге "Роскосмос" басшысы Олег Остапенкомен кездесуге шақырылған.

"Роскосмос" басшысының баспасөз қызметінің басшысы Ирина Зубарева "Коммерсантъ" басылымына Анисимовтың "жеке басындағы жағдайларға байланысты қызметтен кету туралы өтініш жазғанын" растаған.

Байқоңырдағы "Оңтүстік" ғарыш орталығы" федералдық мемлекеттік унитарлық мекемесі басшысының қабылдау қызметі Азаттыққа Евгений Анисимовтың "Мәскеуге іссапармен кеткенін" айтып, оның қызметтен кеткеніне қатысты басқа комментарий беруден бас тартты.

"Коммерсантъ" Евгений Анисимов "Роскосмостың" жаңа басшысы Олег Остапенконың командасымен сыйыса алмады" деген болжам айтады.

Евгений Анисимов Байқоңыр ғарыш айлағында 30 жылдан астам уақыт қызмет істеген. Ол "Оңтүстік" ғарыш орталығы" мекемесін 2010 жылдан бері басқарған.

"Протон" құлаған жер. Қызылорда облысы, Байқоңыр, 31 шілде 2013 жыл.

"Протон" құлаған жер. Қызылорда облысы, Байқоңыр, 31 шілде 2013 жыл.

Қазақстандық ресми ақпарат құралдары 20-21 ақпан күндері "Қазғарыш" агенттігінің башысы Талғат Мұсабаев пен "Роскосмос" жетекшісі Олег Остапенко Байқоңыр ғарыш айлағын 2014-2016 жылдары бірігіп пайдалану жөнінде келіссөздер жүргізетінін хабарлады.

2014 жылы 9 қаңтар күні "Известия" газетіне сұхбат берген "Қазғарыш" агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев "Қазір біз Ресеймен бірлесіп ғарыштық зымыран ұшырамыз. Бұл істі алда да жалғастыра беруді қалаймыз. Қазақстанда жағдайды дұрыс түсінетін бірде-бір адам Ресейдің Байқоңырдан кеткенін жөн көрмейді" деп мәлімдеген еді.

Байқоңыр ғарыш айлағына байланысты екі ел арасындағы келіспеушіліктер 2013 жылы шілденің 2-сі күнгі "Протон-М" зымыран тасығышы апатынан кейін жиілей түсті.

"Протон-М" апатынан кейін Қазақстанда зымыран ұшыруға улы гептил отынын пайдалануға қарсы бірнеше мәрте наразылық акциялары өтті.

2013 жылы 22 қараша күні Қазақстанның қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Байқоңырда болған апаттан экологияға 89 миллион АҚШ доллары (13 миллиард 690 миллион 747 мың 305 теңге) көлемінде зардап келгені туралы Ресейге хабарлаған еді.

28 қараша күні "Роскосмос" баспасөз қызметі "Ресей Қазақстан ұсынған есептің қаншалықты растығын анықтап, тек нақты дәлелденген экологиялық залал үшін ғана өтемақы төлейтінін" мәлімдеген. Әзірге Ресей өтемақыға қатысты шешімін хабарламай отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG