Accessibility links

Байқоңыр халқы да рубльдің құлдырауына шағымданады


Рубльдің құнсыздануы жалақысын Ресей ақшасымен алатын Қазақстан азаматтарына ауыр тиіп жатыр. Соңғы кезде мұнда азық-түлік те шамамен 15-20 пайызға қымбаттаған.

Байқоңыр қаласы және Байқоңыр маңындағы Төретам, Ақай ауылының жалақысын рубльмен алатын тұрғындары айлықтары жетімсіз бола бастағанын айтып отыр.

«10 МЫҢ РУБЛЬ 30 МЫҢ ТЕҢГЕ БОЛЫП ҚАЛДЫ»

Байқоңыр қаласындағы ресейлік кәсіпорындардың бірінде істейтін Роза Дәрібаева рубльдің құнсыздануына байланысты барған сайын жалақысының мардымсыз болып бара жатқанына шағымданады.

- Айлықты рубльмен аламыз. Рубль деген ақша болмай қалды. Алатын ақшамыз балаларымыздың киімі түгіл тіпті азық-түлікке жетпейді, - дейді Роза Дәрібаева Азаттық тілшісіне.

Байқоңырда Роза Дәрібаева сияқты жалақысын рубльмен алатын тұрғындардың айтуынша, рубль құнсызданғаннан кейін олардың жалақылары шамамен екі есеге азайып кеткен. Мәселен, 10 мың рубль алатын азаматтардың жалақысы теңгеге шаққанда бұрындары шамамен 50 мың теңге болса, қазір 30 мың теңге болып қалған.

Бұған қоса, азық-түліктің бағасы да шарықтап өсіп барады. Жергілікті биліктің есебіне қарағанда, мұнда соңғы бірнеше айда азық-түліктің бағасы шамамен 15-20 пайызға қымбаттаған. Осындай қиын шақта тұрғындар жергілікті билік осы жайтты ескеріп, халыққа әлеуметтік тұрғыда көмектессе деген тілек айтады.

Әкімшілік істері Ресейге қарайтын Байқоңыр қаласында теңге мен рубль қатар жүреді. Мұнда ресейлік кәсіпорындар тұрғындармен - рубль арқылы, қазақстандық кәсіпорындар теңгемен есеп айырысады.

ШЕНЕУНІКТЕР УӘЖІ

Байқоңыр қаласының ресейлік әкімшілігінің баспасөз қызметінің өкілі Елена Митрофанованың айтуынша, азық-түліктің бағасын тұрақтандыру мақсатында жергілікті кәсіпкерлермен түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Байқоңыр қаласына Төретам жақтан кіреберіс. 14 шілде, 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Байқоңыр қаласына Төретам жақтан кіреберіс. 14 шілде, 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

- Бізде азық-түлікті негізінен Қазақстаннан әкелеміз. Ресейден әкелінетін тауарлар бағасы жағынан соншалықты қымбаттаған жоқ. Сондықтан ресей және украин азық-түліктерін таңдауға тырысамыз. Әкімшіліктегі сауда бөлімі кәсіпкерлермен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ресейлік өнімдерді сатып әкелуге бағыттап жатыр, - дейді Елена Митрофанова.

Жалақы көлеміне байланысты шағымдар Ресей өкілдігімен қатар, Қазақстан жағына да түсіп жатыр. Қазақстан президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Серік Қожаниязовтың айтуынша, кейбір азаматтар жалақылары мен зейнетақыларын теңгемен алу жөнінде ниет білдірген. Алайда өкіл келісім-шартқа байланысты мұның мүмкін емес екенін айтады.

Серік Қожаниязов Байқоңырдағы қымбатшылық мәселесін шешу үшін қараша айынан бері айына екі рет азық-түлік жәрмеңкесін де ұйымдастырып жатқанын айтады.

- Екі аптада бір рет Арал, Қазалы, Қармақшы ауданының жәрмеңкелерін ұйымдастырып жатырмыз. Онда күнделікті өмірде қажет азық-түліктер түрі қойылады. Жаңа жылдың қарсаңында және жағдайда бәлкім, жәрмеңкелерді көбірек өткізетін шығармыз, - дейді Серік Қожаниязов Азаттық тілшісіне.

Ресей ақшасы рубль бірнеше ай бұрын құнсыздана бастаған еді. 15 желтоқсан күнгі мәлімет бойынша, бір рубль құны - 3,17 теңге болып тұр. Рубль бағамы мен Ресейдің көмірсутек энергиясына тәуелді экономикасы әлемдегі мұнай бағасының төмендеуі және Батыс елдерінің Ресейге салған санкцияларына байланысты өзгеріп тұр.

ИНФОГРАФИКА: Ресей рублінің теңгеге шаққандағы бағасы

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG