Accessibility links

«Байқоңыр» көрсеткен күйкі тірлік


«Байқоңыр» кинофестиваліне конкурс аясында және одан тыс қатысқан фильмдер «Көктөбедегі» шатыр ішінде көрсетілді. Алматы, 17 қыркүйек 2016 жыл.

«Байқоңыр» кинофестиваліне конкурс аясында және одан тыс қатысқан фильмдер «Көктөбедегі» шатыр ішінде көрсетілді. Алматы, 17 қыркүйек 2016 жыл.

Алматыда бүгін «Байқоңыр» кинофестивалі аяқталады. Конкурсқа қатысқан фильмдердің түгелге дерлігі нақты адам жайлы баяндайды. Байқауға ұсынылған шығармадан кейіпкерін іздеген жас кинематографистердің қарымы байқалады.

«Байқоңыр» кинофестивалі 29 жасқа дейінгі кинематографистер 2015-2016 жылдары түсірген 40 шақты қысқа метражды фильмдерді жұртқа таныстырды. Оларды 202 фильмнің арасынан іріктеп алған.

2D ФОРМАТЫНДАҒЫ АРДАГЕР

Конкурсқа қатысқан фильмдердің көлемді бөлігі деректі кинодан тұрады. Сегіз фильм кеше, яғни фестивальдің алғашқы күні көрсетілді. Жас кинематографистер кинокейіпкер іздеудің ең оңай жолын таңдаған. Мысалы, Қазақстанда дәстүрлі кейіпкер саналатын екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан адамдарға фестивальдің екі фильмі арналған.

«Байқоңыр» кинофестивалі қазылар алқасының төрағасы – қазақстандық режиссер Рашид Нұғыманов. Алматы, 17 қыркүйек 2016 жыл.

«Байқоңыр» кинофестивалі қазылар алқасының төрағасы – қазақстандық режиссер Рашид Нұғыманов. Алматы, 17 қыркүйек 2016 жыл.

Санат Шәкиевтің «Ильменау коменданты» фильмінің кейіпкері – отставкадағы полковник, жазушы әрі журналист Қалмұхан Исабаев. Ол екі жыл соғыста болып, соғыстан кейін бірнеше жыл Германияда қалып, Тюрингия аймағындағы Ильменау қаласының коменданты қызметін атқарған. Оны жалғыз ұлы Қызыл армиямен соғыста қаза тапқан қарт немістердің үйіне орналастырады.

Ардагер үй иелерімен жылы қарым-қатынас қалай орнатқаны жайлы айтып береді. Бұған совет офицерінің солдаттардың жорық асханасынан әуелі кейінгі кезде асқа жарымаған отбасын, ал Ильменаудың ашыққан өзге тұрғындарын сосын тамақтандыру туралы жарлығы септеседі. Қалмұхан Исабаев Берлиннің Трептов-паркінде бес мыңдай қазақ жауынгері жерленгені туралы айтып, олардың есімдерін ұмытпауды ескертеді.

Соғыс кинохроникасы үзінділері мен 2D графигі пайдаланылған фильм видео-сұхбат форматында түсірілген. 2D форматы фото немесе кинохроникадан алынған скринді біртіндеп «жандандыратын» графикаға айналдыру арқылы түсіріледі. Ертеректе «Ильменау коменданты» фильмі «Жас Дидар» сыйлығын алған.

СЫЗДАУЫҚ

Бірнеше деректі фильм белгілі бір мамандық иелері туралы киноәңгімелер түрінде түсірілген. Қымбат Тойшының «Ауыл тынысы» фильмі жыл он екі ай бел жазбай еңбек ететін фермер отбасы туралы. Олар жылыжайында раушан гүлдерін, көкөністі өздері баптап, сатады. Фермер раушан гүлін жалаңаш қолымен жинаған кезде гүл тікендері кірген жарасы үнемі іріңдеп жүретін алақанын көрсетеді. Ол «мына қолдарыммен түскен ақшаны санаған кезде жарамды ұмытып кетемін» деп әзілдейді. Фермердің «бағасы импортқа қарағанда арзандау қазақстандық өнім өсіріп отырмын, ендігі міндетім – Қазақстан халқын асырау деп санаймын» деген сөздерінен пафостық сарын байқалады.

Мәдина Беспаеваның «Сүйінші!» фильмі қазақ ауылында тұратын пошташы әйел жайлы. Фильм кейіпкері – бірталай жасқа келіп қалған, қулық-сұмдығы жоқ ақкөңіл жан. Оның айтуынша, қазір жұрт ешкіммен араласпай томаға-тұйық күн кешеді, бәрінің мойнында ипотека борышы немесе несие бар, есесіне автомобилі бар. Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин – оның ең жақсы көретін адамдары. Фильмде деректі фильм түсіру кейде қауіпті екенін көрсететін эпизод бар. Ауылдың масайып алған әлдебір тұрғыны «менің рұқсатымсыз неге түсіресіңдер?» деп ашуланып, дүкенде шу шығарады, сосын көшеде оператор қызды қуып жетіп, камерасын тартып алуға тырысады. Әлгі эпизодта адамдардың өздері көрінбейді, техникаға таласқан үндері ғана естіледі.

Ал Мәдина Мұрзалинова-Яковлева «Ерекше балалардың әкелері» фильмінде балалар аутизмі проблемасын өзгеше қырынан көрсеткен. Негізгі кейіпкерлер – осындай сырқат балалардың әкелері. Олар баласының дерті жайлы алғаш естіген кезде қалай есеңгіреп қалғаны және баласынан бас тартпай немесе отбасынан кетіп қалмай мұндай ауыртпалыққа қалай мойынсұнғаны жайлы әңгімелейді.

БИЛІК АРАЛАСПАЙТЫН ЖАЙТТАР

«Байқоңыр» фестивалінде көркем фильмдер көп. Бірнеше фильм отбасындағы күрделі қатынастардың балалар мен жасөспірімдерге қалай әсер ететіні көрсетілген. Фариза Танаеваның «Әке» фильмінің кейіпкерлері – ері, әйелі және екеуінің алты жастағы қызы. Ара-тұра кездесіп қалатын жұмыстан нәпақа айыратын отағасы ішімдікке үйір әрі дін жолында жүрген әйелін жиі ұрып-соғады. Мұның бәрі отбасындағы кикілжіңді іштей уайымдайтын, ал анасынан гөрі әкесін көбірек жақсы көретін кішкентай қыздың көз алдында өтеді. Әйелімен арадағы кезекті ұрыс-керістен кейін күйеуі киім-кешегін жинап үйден кетеді. Көздері жасқа толы қыз далаға жүгіріп шығып, алыстап бара жатқан көлікті көзімен ұзатып қарап тұрады.

«Байқоңыр» кинофестивалі баннері алдында суретке түсіп тұрған бойжеткен. Алматы, 17 қыркүйек 2016 жыл.

«Байқоңыр» кинофестивалі баннері алдында суретке түсіп тұрған бойжеткен. Алматы, 17 қыркүйек 2016 жыл.

Рашид Сүлейменовтің конурстан тыс көрсетілген «Панчбот» фильмі ауылда тұратын уаххабиттер отбасының тыныс-тіршілігіне арналған. Отағасы – отбасы мүшелеріне бөтен жандармен араласуға, ал балаларына мектепке баруына тыйым салған озбыр жан. Ол кішкентай ұлы Әлидің сәл тентектігін көтере алмай, оны шыбықпен сабайды. Имам бастаған бүкіл ауыл баланың шырқыраған дауысын естіп уаххабиттердің үйіне жиналады. Жанжалдың соңы жер кімдікі әрі бұл жерде қалай өмір сүру керек деген қызу дауға ұласады. Фильмде әлгі ауылда мүлде билік жоқ сияқты әсер туады, өйткені жағдайға ешбір билік өкілі араласпайды. Уаххабиттер отбасы уаххабиттер ұйымының әлдебір құпия заттарын жәшікке салып түн қараңғылығын жамылып ауылдан кеткеннен кейін жанжал аяқталады.

ЖҰДЫРЫҚҚА ЖҮГІНУ

Бірнеше фильмде өзгелерге өзін танытуға (көбінесе жұдырықпен) тырысқан әрі әлдебір себептермен әкесіз өсіп келе жатқан жасөспірімдер образы жасалған. Дархан Төлегеновтің конкурстан тыс көрсетілген «Таңсәрідегі нұр» фильмінің кейіпкері – Димаш деген «қиын» жеткіншек. Ол өзге топтармен жиі төбелесетін жастар тобының басшысы. Бөлмесінде анасы екеуі қалған кезде Димаш әкесі бар кезді сағынып ескі фотосуретке үмітпен қарайды. Димаш анасының жаңа күйеуімен тіл табысқысы келмейді.

«Байқоңыр» кинофестивалінде «Қаттырақ қағыңдар!» комедиясының көрсетілімі. Алматы, 17 қыркүйек 2016 жыл.

«Байқоңыр» кинофестивалінде «Қаттырақ қағыңдар!» комедиясының көрсетілімі. Алматы, 17 қыркүйек 2016 жыл.

«Қиын» балалар проблемасы Мәлік Зеңгердің «Қаттырақ қағыңдар» («Стучите громче») комедиялық фильмінде де қозғалған. Көрермендердің көбі дәл осы фильмді көруге жиналғаны байқалды. Комедия кейіпкері екі баланы (мектеп жасындағы ұл мен қыз бала) қарайтын бала күтушісі болып жалданады. Совет заманындағы «Бала күтуші мұртты ағай» («Усатый нянь») кинокомедиясын еске салатын фильм кейіпкері қарауындағы «шулер» баладан картадан жеңіледі әрі бір-бірінің көзіне шөп салған ерлі-зайыптылар арасындағы жағдайға куә болады.

Қазылар алқасы мүшелерін есептемегенде, көрермендер залында кино саласының кәсіби қайраткерлері онша көп емес еді. Режиссер, сценарист әрі актер Асқар Ұзабаев бірнеше деректі және барлық көркем фильмдерді көріп шыққанын айтады.

– Бір қуаныштысы, дарынды жастар көп екен. Бірақ жаппай авторлық киноға еліктеушілік бар, ал бұл онша жақсы емес. Көріп шыққан фильмдеріміздің бәрі бір сарынды түсірілген. Бірақ жас режиссерлер оқиғаны қалай баяндауға болатынын түсінген. Алайда әлгіндей еліктеушілікке ұрынғаны жаман. Әлі жас қой, бұл студенттік жұмыстары, сондықтан біртіндеп бұл әдеттен арылатын шығар деп ойлаймын, - дейді Асқар Ұзабаев.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG