Accessibility links

Байқоңыр мектептері тұтас Ресейге қарайды


Байқоңыр қаласындағы ғарышкер ескерткіші.

Байқоңыр қаласындағы ғарышкер ескерткіші.

Қазақстан мен Ресей арасында «Байқоңыр дауы» ушыққанда қаладағы әлеуметтік мәселелер тағы бір көптің назарына ілінді. Азаттық денсаулық сақтау мен білім саласы бойынша тұрғындардың және әкімшіліктің пікірін білді.

Байқоңыр қаласы тұрғындарының шағымдарына орай мұндағы проблемаларды үшке бөлуге болады: қымбатшылық, білім беру және денсаулық сақтау мәселелері.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

Байқоңыр тұрғындары қалада азық-түлік пен тұрмыстық заттардың қымбат екенін айтып шағынады. Қалада он жылдан бері тұрып келе жатқанын айтқан Айдын Қанатбеков:

- Жарықтың бір киловаты Байқоңырда - 31 теңге, ал Қазақстанда - 15 теңге. Газ баллоны - бізде төрт мың теңгедей, ал Қазақстанда - 1500 теңге. Шама келгенше, керек-жарақты шеттегі, Қазақстанға қарайтын аудандардан барып аламыз. Азық-түлік, жуынатын заттардың барлығын Байқоңырдан алсақ, шығынға көп ұшыраймыз, - дейді.

Тағы бір тұрғын Айман Асанова (өтініші бойынша есімі өзгертіліп алынды – ред.) қаладағы жағдайды былай баяндады:

- Коммуналдық төлемдер қымбат. Ауырсақ, ауруханаға бара алмаймыз. Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы ауруханаға баруға тура келеді. Менің анамның екі бүйрегі жұмыс істемейді. Қазалыға апарып емдетеміз. Байқоңырда Қазақстан азаматтарына әлеуметтік пакет жүрмейді. Зейнетақы қорына ақша сала алмаймыз, несие берілмейді. Бұл қызметтерді пайдалану үшін Ресей азаматтығын алуың керек. Ресей азаматтығын алмасаң, уақытша тіркеуге ғана отырғызады. Ал уақытша тіркеумен не Қазақстанға, не Ресейге керексіз боласың.
Байқоңыр қаласының Ресейге қарайтын әкімшілігінің сыртқы көрінісі (Сурет әкімшіліктің ресми сайтынан алынды).

Байқоңыр қаласының Ресейге қарайтын әкімшілігінің сыртқы көрінісі (Сурет әкімшіліктің ресми сайтынан алынды).


Осы мәселелерге қатысты Қазақстан президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Сәбит Қожаметов жазбаша жауап берді. Ол жауаптан қаладағы коммуналдық қызметтер тарифін Байқоңыр қаласындағы ресейлік әкімдіктің белгілейтіні мәлім болды.

"Байқоңыр кешенінің Ресейге жалға берілуіне байланысты қаладағы атқарушы билік - Ресейге қарасты Байқоңыр қаласының әкімдігі. Коммуналдық қызметке ақы төлеу тәртібін осы әкімдік пен Ресей аймақтық энергетикалық комиссиясы бекітеді. Қаладағы пәтерақы Қазақстанның басқа қалаларымен салыстырғанда қымбаттау екені рас. Сол себепті әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегі беріледі. Осы салаға 2012 жылы 114 миллион 859 мың 400 теңге бөлінді. 2013 жылға 129 миллион теңге қарастырылған" деп жазады Байқоңырдағы Қазақстан президентінің арнайы өкілі.

Ал «Байқоңырдың ауруханаларында емделе алмаймыз» деген Айман Асанованың шағымына қатысты президент өкілі Қожаметов мынадай жауап жіберді:

"Қаладағы ауруханалар Ресейдің медико-биологиялық агенттігіне қарайды. Ресей мен Қазақстан үкіметі арасындағы келісім бойынша медициналық қызмет Қазақстан заңдарына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің шегінде көрсетіледі. Біз өз тарапымыздан Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне аталған мәселені оңтайландыру қажеттігі туралы ұсыныстар жолдадық. Бүгінгі күнге тұрғындардың медициналық көмек алу мәселесі толық шешілген".

«БІЛІМ БЕРУ РЕСЕЙ ЗАҢЫ БОЙЫНША ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ»

Байқоңыр қаласындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Серік Шахатаевтың айтуынша, Байқоңырдағы мектептердің жағдайы мәз емес.

- Байқоңыр мектептерінің барлығы Ресей бағдарламасымен оқып жатыр. «Қазақ тілі» қоғамы осы мәселені шешуге талай тырысып көрді. Нәтиже шықпады. 1994 жылы Байқоңырды Ресейге берген кезде Қазақстан жағы үлкен қателік жасаған. Ресей жағы «мектептерді өздерің қаржыландырып, өз бағдарламаларыңмен оқыта беріңдер» дегенде, Қазақстан үкіметі «бұл бізге тиімсіз» деп, мектептерді Ресей бағдарламасымен оқыту құжатына қол қойып жіберген. Соның кесірінен қазір қаншама бала «Ресей тарихын» оқып жатыр, - дейді сұхбаттасымыз.
Ресей «мектептерді өздерің қаржыландырып, өз бағдарламаларыңмен оқыта беріңдер» дегенде, Қазақстан үкіметі «тиімсіз» деп, мектептерді Ресей бағдарламасымен оқыту құжатына қол қойып жіберген.

Мұндай оқиғаның болғанын Ресейге қарасты Байқоңыр әкімдігі де растады. Әкімдіктен білім беру мәселелеріне қатысты «Біз екі ел арасындағы келісім негізінде жұмыс істеп отырмыз» деген жауап келді.

Ал Байқоңырдағы президент өкілдігінің мәліметі бойынша, қаладағы мектептерде 1-6 сыныптар Ресей стандарттарымен, 7-11 сыныптар Қазақстан стандарттарымен оқиды.

Өкіл: "Байқоңырдағы қазақ тіліндегі білім беру мекемелері 2006 жылдың 21 қарашасында Қазақстан мен Ресейдің білім және ғылым министрліктері қол қойған келісім аясында жұмыс істейді. Келісім бойынша білім беру мекемелерінің жұмыстары Ресей заңдарын басшылыққа алады және оқу бағдарламаларын Ресей стандарттарына сәйкес жүзеге асырады. Бұл Ресейдің бюджеттік кодексінің талаптарынан шығып тұрған мәселелер" деп жауап берді.

БОС ТҰРҒАН ПЕРЗЕНТХАНА

Байқоңыр қаласының тұрғыны Талғат Жүсіпбеков:

- Қазақстандағы «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы бойынша Байқоңырда бір мектеп, бір перзентхана салынған. Бірақ перзентхана үш жыл болды бос тұр. Ресей жағы перзентхананы өздеріне қабылдап алатын актіге қол қоймай отыр. Неге? Себебі үш қабатты ғимаратта лифт жоқ. Құрылыс кезінде 140-тан астам қателік кеткен, - дейді.

Бұл жайтқа қатысты арнайы өкілдік ресми жауаптарында перзентхананың пайдаланылып жатқаны немесе бос тұрғаны жайлы нақты жазбаған. Тек:

"Бүгінгі таңда 1 мың 200 орындық Тоқмұхамедов атындағы орта мектеп пен «Бәйтерек» балабақшасы жұмыс жүргізіп жатыр. Перзентхананың құжаттарына қол қойылған" деп қысқа қайырған.

Ресей Байқоңырды 1994 жылы жалға алып, ғарыш айлағын 2050 жылға дейін толық пайдалануға Қазақстанмен келісім жасасқан. Бірақ өткен жылдың соңында "Қазғарыш" ұлттық агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев «Қазақстан Ресеймен Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алу шартын біртіндеп тоқтату туралы келіссөздер жүргізіп жатыр» деп мәлімдеген еді.

Союз ТМА-07М ғарыш кемесінің ұшырылған сәті. Байқоңыр, 19 ақпан 2012 жыл.

Союз ТМА-07М ғарыш кемесінің ұшырылған сәті. Байқоңыр, 19 ақпан 2012 жыл.


Бұл мәлімдемеден кейін Ресей Байқоңырдағы жағдайға байланысты қарсылық нотасын жолдады.

Одан соң екі елдің сыртқы істер министрлері Ерлан Ыдырысов пен Сергей Лавров арнайы кездесу өткізді. Бұл кездесуде Ыдырысов: "Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты Ресеймен арада ешқандай жанжал, сенсация жоқ. Біздің мұндай ынтымақтастықтан бас тартатынымыз туралы кез-келген ұйғарым - ақылға қонымсыз" деп мәлімдеді.

Ресми дерекке сүйенсек, қазір Байқоңыр қаласында 70 мың халық тұрады. Қалада алты аурухана, 11 балабақша, 14 мектеп бар. Мектептің алтауы - қазақ тілінде, сегізі - орыс тілінде білім береді.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG