Accessibility links

Байқоңырда қақтығыс болды


Ресейлік "Союз ТМА-19" зымыраны ұшу алаңына бет алды. Байқоңыр. Маусымның 13-і, 2010 ж.
Ресейлік "Союз ТМА-19" зымыраны ұшу алаңына бет алды. Байқоңыр. Маусымның 13-і, 2010 ж.

Байқоңырда жергілікті жасөспірімдер мен ресейлік полиция арасында қақтығыс болды. Ресей полициясы ақпарат құралдарының мәселені ұлғайтып көрсеткенін мәлімдесе, cарапшылар мәселенің демографиялық және әлеуметтік қыры бар екенін айтады.

Есімін атаудан бас тартқан Байқоңыр тұрғынының айтуынша, бар мәселе маусымның 3-і күнгі төбелестен басталған.

БІР МЫҢДАЙ ПОЛИЦИЯ ЕЛУДЕН АСТАМ АДАМДЫ ҰСТАДЫ

Тұрғынның айтуынша, сол күні таңғы сағат төрттің шамасында «Арбат» және «Центр» аудандарынан ондаған бала жиналып, өзара төбелескен.

- Мен төбелесті көзіммен көрген жоқпын. Бірақ естідім. Бір-біріне айқайлап жүгірген кезде кәдімгі соғыс басталып кетті ме деп қорқып кеттік, - дейді тұрғын Азаттық тілшісіне.

«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, араға араласқан полицияның үшеуі соққыға жығылып, біреуінің қаруын жасөспірімдер тартып алған.

Бірнеше күннен кейін яғни, маусымның 7-і күні бұл оқиға тағы да қайталанады. Бұл жолы алдыңғыға қарағанда төбелеске әлдеқайда көп адам жиналып, тіпті оны басуға полицияның да шамасы жетпеген.

«Полициядан да көп жасөспірімдер олардың көліктеріне тас пен бөтелкені атқылап, ақырында полиция кетуге мәжбүр болды» деп жазады куәлардың бірінің сөзін келтірген «Интерфакс» агенттігі.

Дегенмен Байқоңыр тұрғындары бұл жерде полицияның да кінәсіз еместігін айтып отыр.

- Ұстаған жерінде балаларды ұрып, қинап не болса оны мойындарына іліп жібереді. Кім болса да, оған шыдамайды ғой, - дейді тұрғын.

Жағдайды реттеу үшін Байқоңыр ішкі істер басқармасы өре түрегеліп, дабыл қағуға мәжбүр болған. Азаттық радиосы орыс қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына шамамен бір мың полиция күші тартылған. Тәртіпсіздікке қатысқан елуден астам адам ұсталып, жеке тұлғалары анықталған соң бірнеше сағаттан кейін босатылған.

«ЕШКІМ ЗАРДАП ШЕККЕН ЖОҚ»

Байқоңыр кешеніндегі Ресейдің ішкі істер басқармасының бастығы Олег Слепенчук Қазақстандағы ақпарат құралдарының «түймедей нәрсені түйедей» қып көрсетіп отырғанын айтады. Оның айтуынша, қала күні яғни, маусымның 3-і күні қалада ешқандай тәртіпсіздік тіркелмей, тыныш өткен. Ол жасөспірімдер мен полиция арасындағы «қақтығысты» да жоққа шығарады.

- Шын мәнінде жасөспірімдердің өз арасында жанжал туындап, шамамен 25 шақты адам өзара есеп айырмақшы болған. Кейіннен олар жақтастарын ертіп әкеліп төбелеспекші болған кезде Байқоңыр кешеніндегі Ресей полициясы оларға «бөгет жасады», - дейді Олег Слепенчук Азаттық радиосына маусымның 10-ы күні.

Оның айтуынша, осыдан кейін бұл жасөспірімдер ішкі істер басқармасына жеткізіліп, онда шамалы заңнамалық түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
«Ешкім зардап шеккен жоқ, тіпті көлік те бүлінген жоқ»,- дейді ол.

БАЙҚОҢЫР ЖӘНЕ БАТЫС

Азаттық радиосы орыс қызметінің хабарлауынша, Байқоңыр жастары қаладағы Ресей полициясын Қазақстан полициясына ауыстыруды және қаланың юрисдикциясын өзгертуді талап еткен.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев Байқоңырдағы оқиғаны демографиямен байланыстырады.

- Заңдық жағынан алғанда қала - Ресейдікі. Демографиялық жағынан қарасақ, тұрғындардың басым бөлігі - қазақтар. Қалада Қызылорда облысының шет жағынан келген адамдар көп,- дейді ол.

Ал Мұхтар Тайжан бұны әлеуметтік теңсіздіктің салдары деп біледі.

- Қаладағы қазақ тұрғындардың дені - жастар. Олар әлеуметтік теңсіздікке ұшыраған болуы мүмкін. Барлық нысанда Ресей азаматтары жұмыс істейді. Бұл жергілікті тұрғындарға жақпайды. Наразылық осылай көшеге шығуға итермелейді,- дейді ол.

Соңғы бірнеше апта барысында елдің батысында мұнайшылардың жаппай ереуілі жалғасып жатыр. Мұхтар Тайжанның айтуынша, жергілікті қазақтар қара жұмыспен айналысады. Италиялық, немесе басқа жақтан келген жұмысшылардың жағдайы жақсы, олардың тұрмысы да түзу.

Соңғы күндері Қазақстанда мұнай өндірісін мемлекет қарамағына қайтарып, Байқоңырдағыдай шетелдіктерді елден шығарып, жергілікті тұрғындардың жағдайын оңалту талаптары өткір қойыла бастады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG