Accessibility links

Қызылорда жұртын «гептилдің бұлты» дүрліктірді


Ресей сарбазы Байқоңыр қаласына келген адамдардың құжатын тексеріп тұр. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Ресей сарбазы Байқоңыр қаласына келген адамдардың құжатын тексеріп тұр. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.

Азаттық тілшісі ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған Байқоңыр ғарыш айлағының төңірегіндегі елді мекендерді аралады.

Биыл шілдеде Байқоңыр ғарыш айлағынан ұша бере апатқа ұшыраған «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған тұсқа ең жақын аймақ – Қызылорда облысының Қармақшы ауданы. Осы ауданға қарасты Жаңақала, Қуаңдария, Тұрмағамбет, Ақжар, Иіркөл ауылдары және аудан орталығы Жосалы кенті гептил төгілген орыннан небәрі 50-70 шақырым қашықтықта жатыр. Ал Байқоңыр қаласынан бетон қабырға бөліп тұрған Төретам кенті мен Ақай ауылдары апат болған жерге тіпті жақын.

Осы өңірге барған Азаттық тілшісі әуелі Жосалы кентінің тұрғындарымен сөйлескен еді.

«БІЗ ЕШКІМГЕ КЕРЕК ЕМЕСПІЗ»

Қызылордадан Қармақшыға бет алған автобустағы жолаушылардың бірі Азаттық тілшісіне зымыран жарылып, гептил төгілгеннен кейінгі жағдайды жарты сағат тоқтамай әңгімелесе де, қоштасарда аты-жөнін айтпай түсіп кетті.

– Жұмысымнан айрылып қаламын. Шындықты айтсаң, соңыңа шырақ алып түсетіндер көп. Біз түгілі ақсақалдардың өзі байқап сөйлейтін болған, – деді ол.

Ескісін екі-үш жыл бұрын бұзып тастаса да, жаңасы әлі күнге бітпеген жолдың
Қармақшы ауылы, Жосалы ауданы, Қызылорда облысы, 13 шілде 2013 жыл.
Қармақшы ауылы, Жосалы ауданы, Қызылорда облысы, 13 шілде 2013 жыл.
шаңын көтеріп, Қармақшыға үш сағатта әрең жеткен автобусты қарсы алған таксистердің әңгімесі де белгісіз жолаушының сөзімен үндесе кетті.

«Протон» құлағаннан кейінгі гептилдің бұлты осы Жосалының үстімен өткеніне жұрттың бәрі куә болды. Бізге сағат 11 шамасында «үйден шықпаңдар» деген хабар жеткен соң кешкі жетіге дейін үйге тығылып отырдық. Түстен кейін полигон жақтан келген қызыл бұлт Жосалының үстімен өтіп, көршілес Жалағаш кентіне, одан әрі Қызылордаға қарай кетті. Кешкісін тамағымыз жыбырлап, темір тәрізді заттың дәмін сездік те жүре бердік, – дейді Әмірбек есімді таксист жігіт.

Кейбір жергілікті тұрғындар Азаттық тілшісімен жүздескенде мұндай апаттың бұрын да болғанын еске алып жатты. Жосалының Болат Қайназаров есімді тұрғыны:

– Бұл жолы (биылғы шілдеде – ред.) Жосалыдан 78 шақырым жерде құлады. «Тексердік, зияны жоқ» деген ақпарат таратып жатыр. 15 секундта 600 тонна гептил жанып кетпейді ғой. Біз ешкімге керек емеспіз. Зымыран қиыс кетіп, елді мекендердің бірінің үстінен түспейтініне ешкім кепілдік бере алмайды, – деді.

Ал «Кезінде Байқоңырда қызмет еткенмін» деген ақсақал «ондай мәселені айтуға болмайды» деп, Жосалы тұрғындарымен сөйлесіп жүрген Азаттық тілшісінен басын ала қашты. Шынар Әбішқызы атты зейнеткердің оған қарсы шығып, «Әйелдер бала тастап жатыр, кішкентай
Байқоңыр қаласына кіре беріс. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Байқоңыр қаласына кіре беріс. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
балалардың да қан қысымы жоғары, жұрттың бәрі тыныс жолдары ауруымен ауыратын болды» деген сөзі лезде кішігірім дауға ұласып кетті.

Дауласқан тұрғындардың кейбірі «мұндай аурулардың бұрыннан да бар екеніне, нақты Байқоңыр ғарыш айлағына тіке қатысы жоқ екеніне» назар аудартқысы келді. Ондай уәж айтушылардың дауысын наразы жақ басып кетіп отырды.

– Жұрт шулап отыр, бірақ билік «гептил аумағы бес-ақ гектар жерге түсті, қалғанына зиян жоқ» дейді. Гептил онда сүт боп кеткен шығар, – деп кекетті Тұяқ деген қария.

Бұрын осы Байқоңырда әскери қызмет атқарған Тұяқ ақсақал да шілдедегі апаттан соң «шұбалаңқы сары бұлтты» көргенін айтты.

«ПРЕЗИДЕНТ НЕГЕ ҮНСІЗ?»

Ауылды жерде сырттан келген адам оңай көзге түседі. Әсіресе бір қолына фотоаппарат, екінші қолына видеокамера ұстап, рюкзак асынған адамға таңырқай қараушылар көп. Амандаса қалсаң болды, әңгімелесе жөнелетін ашық-жарқын жұрттың бір тобын Жосалыдағы жалғыз банкомат алдында кезіктірдік. Ол жерде адам қарасы қалыңдаған сайын «гептилдің бұлтын көргендер» де көбейді.

– Бұрын ондай бұлт болған жоқ. Осы гептил төгілген күннен бастап ауырдық.
«Протон М» зымыран тасығышы құлап, жарылғаннан кейін әуеде «бұлт» тәрізді түтін пайда болды. Байқоңыр ғарыш айлағы, 2 шілде 2013 жыл. Видеодан скрин-шот.
«Протон М» зымыран тасығышы құлап, жарылғаннан кейін әуеде «бұлт» тәрізді түтін пайда болды. Байқоңыр ғарыш айлағы, 2 шілде 2013 жыл. Видеодан скрин-шот.
Үлкен кісілер де, жастар да бар. Бұл жерден кетіп қайда барамыз? – десті олар.

Тұрғындардың орталық ақпарат құралдарында айтылып жатқан мәліметтерді жақсы білетіндіктері де аңғарылады. Әсіресе Қазақстан ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың «Протон-М» зымыраны құлаған күні «Бұл апат – Ресейдің ішкі ісі» деген пікірін Жосалыда естімеген адам жоқтай көрінді. Біразы бұл пікірге наразы екендерін айтты.

– Халық – Қазақстандікі, жер – Қазақстандікі. Парламент депутаттары қайда, президент неге үнсіз? – деді Жосалының Аманжол Пірімжанов деген тұрғыны.

Тұрғындармен кездескен соң жергілікті «Қармақшы таңы» газетін шолып шықтық. Шілденің 2-сі күні болған «Протон-М» апаты туралы материал байқалмады. Тек шілденің 13-індегі нөмірінен «Радиация жайлы не білеміз?» дейтін мақаланы көзіміз шалды. Авторлары – «Қызылорда облыстық санитарлық эпидемиологиялық сараптама орталығының» Қармақшы аудандық филалының директоры А.Серкешбаев пен санитарлық гигиеналық зертхана инженері К.Матжанов. Бірақ бұл мақалада радиоактивті радон газы сөз болыпты. Мақала авторлары «радон деңгейі тек Қызылордада емес, республиканың басқа өңірлерінде де жоғары» деген пікір білдіреді.

ТӨРЕТАМ

Бұдан кейін Азаттық тілшісі Байқоңырдың іргесіндегі Төретамға жеткенде ыстық күнге аңызақ жел қосылып, шаң көтеріліп тұр еді. Көнетоз автовокзалдың жанында заманауи жанар-жағармай бекеті орналасыпты. Әрі қарай сәл жүрсең, орталық базар тұр.

– Жеміс-жидектерді қайдам, гептил өзімізге әсер етті. Бір аптаға дейін ауырдық. Сол күні үйдегі кішкентай жиенімнің беті көгеріп, қолы мұздай боп кетті. Жарты
Базарда тары сөгін сататын Ажар Нұрмаханова, Төретам ауылы, Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Базарда тары сөгін сататын Ажар Нұрмаханова, Төретам ауылы, Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
сағат сөйтіп тұрды. Бірақ дәрігерге қаралған жоқпыз, – деді тарының сөгін саудалап отырған Ажар Нұрмаханова есімді сатушы.

Журналист екенімізді түсінген сатушылар «гептилден қалай ауырғандарын» жапа-тармағай айтып жатты.

Базардағы әңгімені жолай естіген үлкен кісі бізге арнайы бұрылып келіп, өзін «Өркен Әлиевпін. Байқоңырда 33 жыл әскери қызмет еттім, әскери бөлім бастығы болдым» деп таныстырды.

– Бірақ бұл жолғы апатта гептилдің 99 пайызы жанып кетті ғой. Өсімдікке, жәндіктерге әсер етеді, бірақ адамға зияндылығы аз. Жаңбыр жауды да басып тастады, – деді запастағы әскери қызметкер Өркен Әлиев.

Төретам кентінде кездейсоқ танысқан Нартай Жүнісов есімді тұрғын Азаттық тілшісін арнайы үйіне ертіп апарып, «гептилден кейін жапырағы тесіліп, бұтағы қурай бастаған» бақшасын көрсетті.

Құмдауыт жерде өсіп тұрған оншақты бұтаның жапырақтары тесілген, кейбір түптер біржола солған екен.

– Тура жаңбырдың алдында ғана көктеп тұрған. Бес жыл бұрын тұқымынан еккен
Төретам тұрғыны Нартай Жүнісовтің бақшасындағы өсімдіктер. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Төретам тұрғыны Нартай Жүнісовтің бақшасындағы өсімдіктер. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
ағашым болатын, – деді Нартай Жүнісов.

Оның әйелі Жауһар да «гептил төгілгелі күнде ауыратынын» айтып мұңын шақты.

Азаттық тілшісі жоғарыда айтылған арыз-шағымдарға қатысты нақты, ресми статистикалық дерек білмек болып, Қармақшы аудандық санитарлық эпидемиологиялық стансаның бастығы Әбсаттар Исаға барған. Бірақ ол «гептилді зерттеу біздің құзырымызға жатпайды» деп, өзге ешбір пікір айтпастан шығарып салды.

«Гептил бұлты» туралы ел аузындағы әңгімелерге қатысты аудан әкімінің ұстанымын анықтамақ болған, апаттан кейін қандай іс-шаралар жасалып жатқанын білмек болған әрекетіміз де сәтсіз аяқталды.

Әкім Нәжмадин Шамұратов орнында болмады, ал орынбасары Жанболат Құрманбаев Азаттық тілшісін қабылдай алмайтынын айтып, хатшы қызынан сәлем жолдай берді. Шілденің 13-і күні аудан әкімдігіне тағы бардық. Әкім
Қазақстан мен Ресей президенттерінің қол алысып тұрғаны бейнеленген жарнама. Төретам, Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Қазақстан мен Ресей президенттерінің қол алысып тұрғаны бейнеленген жарнама. Төретам, Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Азаттық тілшісін күту бөлмесінде ұстап, орынбасарларымен екі сағат жиналыс өткізді. Ақыры хатшы қызы арқылы тілшіні қабылдай алмайтынын хабарлады.

Шілденің 2-сі күні Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы биіктей алмай, жарылып кеткен еді. «Қазғарыш» ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев оқыс оқиғадан соң пікір білдірген кезде зымыранның Ресей жалға алған аумаққа құлағанын, сол себепті Қазақстан үшін апат болып саналмайтынын айтқан.

Шілденің 10-ы күні қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қапаров апат болған аймақтағы елді мекендерден гептил табылмағаны туралы мәлімдеме жасаған. Оның сөзінше, «Ғарыш экология» ұлттық зерттеу орталығы мен Қызылорда облысының экология департаментінің мамандары атмосфера мен топырақты зерттеп, зиянды заттар таппаған. Ал экологтар мен мамандар «Протон-М» апатының әсері туралы қарама-қайшы пікір айтады.

«Протон-М» құлаған аймақтан видеосюжет

«Протон-М» құлаған аймақта
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:19 0:00
XS
SM
MD
LG