Accessibility links

Пастор Қашқымбаев босаған бетте қайта ұсталды


Пастор Бақытжан Қашқымбаев абақтыдан шығып келеді. Астана, 8 қазан 2013 жыл.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев абақтыдан шығып келеді. Астана, 8 қазан 2013 жыл.

«Благодать» пресвитериан шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев Астанадағы абақтыдан шыққан бетте қайта тұтқындалды. Оған қарсы тағы қылмыстық іс қозғалған.

67 жастағы астаналық пастордың сергелдеңі аяқталмады. Қазанның 8-і күні ешкім болжап білмеген оқиға болды. Бес ай тергеу абақтысында отырып, бүгін қамаудан шыққан Бақытжан Қашқымбаев бірден қайта тұтқындалды.

Бұл жолы экстремистік әрекеттерге қатысты жаңа қылмыстық іс қозғалған. Пастор алғашында «уағыз кезінде тыңдаушының денсаулығына гипноз арқылы зиян келтірген» деген айыппен мамыр айында қамалған.

Пасторды үйқамаққа шығару туралы шешім қазанның 7-сі күні қабылданған. Бірақ ол ертеңінде түске жуық босатылды. Үш сағаттан кейін отағасы қайта қамалғанда бала-шағасының қалай есеңгіреп қалғанын елестету қиын.

Пастордың туыстарының бірі оның қайта тұтқындалғанын телефонмен видеоға түсіріп алған. Видеода Бақытжан Қашқымбаев жұртқа ауырған аяғын көрсетіп отыр, қасында әйелі Альфия Қашқымбаева жылап отыр.

ВИДЕО: Пастор Қамқымбаевтың тұтқындалған сәтін


Пастордың туыстары мен адвокаты оның ауру-сырқауы көп, үздіксіз емделуі тиіс екенін айтады. Бақытжан Қашқымбаевтың өзі жақында «ақылға қонымсыз айыптарды алып тастауды, егер ол мүмкін болмаса, үйқамаққа ауыстыруды» сұрап билікке өтініш жазған.

Ол енді абақтыдан шыққан бетте қайта тұтқындалды. Қашқымбаевтың адвокаты Нұрлан Бейсекеев оның «экстремизм айыбымен тұтқындалғанын» айтты.

​Жай киім киген полицияның оперативтік уәкілдері пасторды полиция бөліміне Нұрлан Бейсекеевтің жеңіл көлігімен апаруға келісім берген.

- Мен көлік жүргіздім. Артқы орындықта екі уәкіл, олардың ортасында Бақытжан Каримович отырды. Ішкі істер департаментіне барған соң оны тергеуші Глазковтың кабинетіне апарды. Мен де бардым. Тергеуші Қашқымбаевқа қарсы қылмыстық кодекстің 233-бабымен қылмыстық іс қозғалғанын, «экстремизм» айыбымен тұтқындалғанын түсіндірді. Мен ол қаулыны оқыдым, - дейді адвокат Бейсекеев.

Нұрлан Бейсекеев «жаңа іс бойынша адвокат болып қайта тіркелуі қажет екенін» айтты.

- Тергеуші қаулыны қолымнан алды да, менің бұл іс бойынша Қашқымбаевтың адвокаты емес екенімді айтып, кабинеттен шығарып жіберді, - дейді ол.

Абақтыдан шыққан Бақытжан Қашқымбаев (көзілдірік киген) әйелін құшақтап тұр. Астана, 8 қазан 2013 жыл.

Абақтыдан шыққан Бақытжан Қашқымбаев (көзілдірік киген) әйелін құшақтап тұр. Астана, 8 қазан 2013 жыл.

Қазір Бейсекеев жаңа іс бойынша Қашқымбаевтың адвокаты болу үшін ресми тіркеуден қайта өтіп жатыр. Тергеуші Вячеслав Глазков Азаттық тілшісіне «Қашқымбаевқа әзірге айып тағылмағанын, бірақ экстремизм туралы бапқа сәйкес келетін қылмыстарға күдікті ретінде ұсталғанын» айтты.

- Біз оны ұстадық, - деген Глазков Азаттық тілшісіне «заңның күдіктіні үш күн қамауға рұқсат беретінін» түсіндірді.

Құқық қорғау ұйымдары Астананы Бақытжан Қашқымбаевты босатуға, оған тағылған «саяси астары бар» айыптарды алып тастауға шақырды. Мұның алдындағы қамауда пасторды мәжбүрлі түрде психиатрлық тексеруден өткізген еді. Биліктің бұл әрекетін де құқық қорғаушылар сынады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG