Accessibility links

Бақыт Кенжеев: «Ресей империясының азаматымын»


Орыс ақыны Бақыт Кенжеев. Алматы, 31 қазан 2015 жыл.

Орыс ақыны Бақыт Кенжеев. Алматы, 31 қазан 2015 жыл.

Алматыда өткен «Полифония» екінші халықаралық әдеби фестивалі қонақтары арасында кезінде СССР-ден Канадаға эмиграцияға кеткен ақын әрі жазушы Бақыт Кенжеев те болды. Тегі қазақ орыс ақыны Азаттыққа сұхбатында Ресей-Украина жанжалына қатысты көзқарасын айтты.

Алматыдағы «Полифония» әдеби фестиваліне Бақыт Кенжеевтің қатысуы – поэзияны сүйетін жандар үшін айтулы оқиға болды. Оның үстіне, Бақыт Кенжеев 65 жыл бұрын Шымкент қаласында дүниеге келген, сондықтан қазақстандықтардың ақынға деген ықыласы да ерекше.

Бақыт Кенжеевтің ата-анасы Қазақстаннан оның үш жасында кеткен. Ол Ресейде ер жетіп, ақын ретінде қалыптасты, ал кейін шығармашылығын 1982 жылы қоныс аударған Канадада жалғастырды. 2006 жылдан бері Нью-Йоркте тұрады. Бірақ Ресейде жиі болып тұрады, ара-тұра Қазақстанға да келеді.

Бақыт Кенжеев поэзияға қосқан үлесі үшін «Октябрь», «Новый мир» журналдарының әдеби марапаттауларына, «Антибукер», «Москва-транзит», «Русская премия», «Антология» сыйлықтарына ие болған. Оның еңбегі туған жерінде де еленіп, 1996 жылы Қазақстан жастар одағының сыйлығын алған.

Ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы 1981 жылы америкалық баспада жарық көрген. 20 шақты кітабының кейбірін қазақстандық баспалар да шығарған, қалғандары ресейлік баспаларда басылған. Ол бір кітабын «Ремонт Тимофеевич Приборов» деген лақап есіммен жариялаған. Бұл – оның пародиялық әдеби маскасы. Ол өлең ғана емес, проза жанрында да шығармалар жазады.

ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ФИН АҚЫНДАРЫ КЕНЖЕЕВ ТУРАЛЫ

Ақын әрі баспагер Бақытжан Қанапиянов Бақыт Кенжеевтің Қазақстанда шыққан кітаптарының бірі туралы былай еске алады:

Режиссер, ақын Қанат Омар Бақыт Кенжеевтің ертеректе жазған өлеңдері басылған, 1997 жылы баспадан шыққан «Возвращение» кітабын ұстап тұр. Алматы, 31 қазан 2015 жыл.

Режиссер, ақын Қанат Омар Бақыт Кенжеевтің ертеректе жазған өлеңдері басылған, 1997 жылы баспадан шыққан «Возвращение» кітабын ұстап тұр. Алматы, 31 қазан 2015 жыл.

– Менің мұрағатымда оның жарық көрмеген өлеңдерінің қолжазбасы сақталып қалған болып шықты. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін оларды жинақтап, «Возвращение» («Оралу») деген атаумен кітап етіп шығардым. Бұл – түпнұсқасы орыс тілінде жазылған, қазақшаға аударылған өлеңдер. 1997 жылы ол Қазақстанға келіп, кино үйінде кеш өткіздік. Ол әлгі кітаптың бүкіл тиражын таратып берді. Кейін ТМД елдеріндегі жиындарда, ПЕН-қозғалысы аясында, поэзия фестивальдерінде жиі кездесіп жүрдік.

Бақыт Кенжеевтің жарық көрген өлеңдер жинағының қолжазбасы 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларынан соң жазушылар одағында тінту жүргізілген кезде ғажайыптың құдіретімен аман қалған. Бақытжан Қанапиянов әлгі қолжазбаны қоқыс салатын себеттен тауып алғанын айтады.

Қолжазбаны ақын Дәуітәлі Стамбеков марқұм орыс тілінен қазақшаға тәржімалаған. Бақытжан Қанапияновтың айтуынша, бұл – Бақыт Кенжеевтің қазақ тіліне аударылған жалғыз поэзиялық жинағы.

«Бақыт Кенжеевтің шығармашылығынан қазақы болмыс сезіле ме?» деген сұраққа Бақытжан Қанапиянов:

Ақындар Бақытжан Қанапиянов (ортада), Бақыт Кенжеев (сол жақта) және шығармашылық кешті жүргізген Қанат Омар.

Ақындар Бақытжан Қанапиянов (ортада), Бақыт Кенжеев (сол жақта) және шығармашылық кешті жүргізген Қанат Омар.

– Егер молекулалық деңгейде, яғни тұтас өлеңі емес, жекелеген жолдарын алып қарасақ, оларда қазақылық сарын бар. Мысалы, өлеңдерінен аты аталмаса да, Қазақстанның ландшафтын немесе түркі-қазақ сарындарын тануға болады.

Бақытжан Кенжеевпен таныстығы жайлы Азаттыққа «Полифония» әдеби фестивалінің тағы бір қатысушысы – Финляндиядан келген Юкка Маллонен де айтып берді. Ол өзін аудармашы әрі «аздаған ақынмын» деп таныстырды.

– Бақыт Кенжеевпен 20 шақты жыл бұрын Мәскеудегі ПЕН-клубтың бас директоры Александр Ткаченко арқылы танысқанмын. Кенжеевтің «Моя кочевая звезда» («Менің көшпелі жұлдызым») деген өлеңінде дала тақырыбы қозғалады. Мен оны фин тіліне аударып жариялағанмын, сондықтан оны Финляндияда аздап таниды. Тәржімелеу үшін өзіме рухы жақын әрі жалпы адам, әлем жайлы түсінік-пайымымды байытатын өлеңдерін алдым, - дейді Юкка Маллонен.

РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ АЗАМАТЫ

Оқырмандармен шығармашылық кездесуінде өз шығармаларын әуелі Бақытжан Қанапиянов,кейін Бақыт Кенжеев оқыды. Бұдан кейін ақындарға сұрақ қою кезегі келді. Сұрақтардың көбі Бақыт Кенжеевке қойылды. Кезінде мәскеулік бір ақын айтқандай, ол аудитория алдында өзін әзіл-қалжың стилі мен мәнерінде ұстайды екен. Қойылған сұрақтарға да осы сарында жауап берді.

СССР-ден Канадаға кету себептеріне қатысты қойылған ең бірінші сұрақты ол «үйреншікті сұрақ» деп атады:

Ақындар Бақытжан Қанапиянов және Бақыт Кенжеевтің қатысуымен өткен шығармашылық кеш. Алматы, 31 қазан 2015 жыл.

Ақындар Бақытжан Қанапиянов және Бақыт Кенжеевтің қатысуымен өткен шығармашылық кеш. Алматы, 31 қазан 2015 жыл.

– Бұған дейін бұл сұраққа 750 рет жауап берген шығармын. Қаласаңыз, тағы бір мәрте жауап берейін. Совет одағынан қамап қояды деген қорқыныштан кеттім. Қазір біз мүлде басқа дәуірде – совет үкіметі, тіпті эмиграция да жоқ заманда өмір сүріп жатырмыз. Мен эмигрант емеспін. Мен – Ресей империясының шетелде уақытша тұратын азаматымын. Бірақ Ресей империясы деп путиндік Ресей империясын емес, қазақтар ақ патшаға өз еркімен қосылған Ресей империясын айтып тұрғанымды түсініңіздер.

Сәл кейінірек «Форбс» басылымының журналисі Бақыт Кенжеевке «Сіз бұрынғы Ресей империясына қатысты қатты қателесесіз» деп еді, ол Ресей империясы азаматтығына қатысты ойын былай өрбітті:

– Иә, бұрынғы Ресей империясының кемшіліктері болғаны рас. Бірақ ол империяда Шоқан Уәлиханов, мәдениеттерді жақындастыруға шақырған ұлы Абай болды. Ал қазақ халқының жартысының көзін жойып, қазақтарды орыстандыру сияқты сұмдықтардың бәрі большевиктердің қолымен жасалды. Сондықтан мені дұрыс түсініңіздер, мен сіздер ойлағандай нақұрыс емеспін.

Поэзия тақырыбына қатысы жоқ сұрақтардың ішінде «Батыс менталитетінен нені үйрендіңіз және сіздің бойыңызда шығыс пен батыс болмысының қайсысы басым?» деген сұрақ та болды.

Қытайдан қоныс аударған қазақ ақыны Ардақ Нұрғазыұлы орысшадан қазақ тіліне өзі аударған Бақыт Кенжеевтің өлеңін оқып тұр.

Қытайдан қоныс аударған қазақ ақыны Ардақ Нұрғазыұлы орысшадан қазақ тіліне өзі аударған Бақыт Кенжеевтің өлеңін оқып тұр.

– Менің бойымда шығыс немесе батыс болмысы деп бөліп-жаратындай ештеңе жоқ. Жалпы адам баласына ортақ дүниелер ғана бар. Өйткені, өздеріңіз білетіндей, мен шыққан тегім бойынша жартылай қазақ, жартылай орыспын әрі бұл өзіме қатты ұнайды. Екі ұлы мәдениеттің арасына дәнекер болуға мүмкіндігім бар, - деді ол.

Романовтар билігі тұсындағы Ресей империясы туралы сұрағына біраз жауап алған «Форбс» өкілі мейманға «Ресей империясы азаматы ретінде бір кездері Қырымға демалуға барасыз ба?» деген сұрақты төтесінен қойды.

– Ешқашан! Жоқ, барамын! Қырым Украина құрамына қайта оралған кезде қуана-қуана барамын. Украина жасасын! Батырлардың даңқы арта берсін! (Слава Украине, героям слава!) – деп жауап берді ақын.

Оның бұл сөздеріне тыңдап отырған жұрттың кейбірі қол соқты. Егер жиналғандардың қолында коньяк құйылған рюмка болғанда, бұл сөздерді тост деп атауға болар еді. Бірақ ақын Нью-Йорктен әкелген «Қазақстан» коньягын бокалынан жалғыз өзі ғана ұрттап отырды.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМНІҢ МӘДЕНИ КАРТАСЫ

Шығармашылық кештен кейін Азаттықпен сұхбатында Ресей-Украина қатынастары туралы тақырып тағы қозғалған кезде Бақыт Кенжеев бұл жанжалда Ресейдің саясатын айыптайтынын айтты.

Ақын Бақыт Кенжеев өлеңін оқып тұр.

Ақын Бақыт Кенжеев өлеңін оқып тұр.

– Қазір Ресей ел ретінде жоқ. Ол халықаралық алапеске айналды. Орыс жазушысы болсам да, менің ойым осы. Ал Қазақстан коррупция сияқты толып жатқан кемшіліктеріне қарамастан, көрші елдерге соқтықпай ел болып отыр.

– Қазақстанда болып жатқан жайттарды бақылап отырасыз ба?

– Тегім қазақ әрі бұл – менің Отаным болғандықтан Қазақстанда болып жатқан жайттар мені қызықтырады. Ресейдегі жағдайға көбірек назар аударатынымды жасырмаймын. Бірақ Қазақстанда болып жатқан жайттардан да жеткілікті хабарым бар.

– Қазақстандағы әдеби процестен қаншалықты хабардарсыз? Қолыңызға қандай дүниелер түсіп тұрады?

– Әрине, хабардармын, қатты қызықтырады.Қолыма ештеңе түспейді. Қазақ болып туған соң Қазақстандағы әдеби процесті жіті бақылап отырамын. Қазақстанды әлемнің мәдени картасынан көру үшін жарты ғұмырымды сарп етуге әзірмін.

– Бұл үшін не істеуге әзірсіз?

Ақын Бақыт Кенжеев оқырманға арнап кітабына қолтаңба жазып отыр.

Ақын Бақыт Кенжеев оқырманға арнап кітабына қолтаңба жазып отыр.

– Кез келген мүдделі адамдармен ынтымақтасуға әзірмін. Қазір бір жобаны ойластырып қойдым. Нью-Йоркте жаңадан шыға бастаған әдеби журналдың бір санын қазақ әдебиетіне арнағымыз келеді.

– Белгілі қазақ ақындарының бірі «Неге өлең жазбай кеттіңіз?» деген сұраққа «Поэзия – жастардың сыбағасы» деп жауап берген. Оның бұл пікірімен келісесіз бе?

– Келісемін. Өлең жазу да, өлең оқу да – жастардың сыбағасы. Жасым жуырда 65-ке толды. Бірақ өмірімде бір секунд та өзімді 32 жастан кәрі сезінбеппін. Бұл – адамның ақыл тоқтатып, есейген, бірақ әлі де жас шағы. Қазір де өзімді сол жастағыдай сезінемін. Өлең жазуды, оқуды ешқашан тастамаймын. Жасым 90-ға келсе де жаза беремін.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG