Accessibility links

Мухортованы психдиспансерде әлі ұстап отыр


Адвокат Зинаида Мухортова. Балқаш, 16 тамыз 2013 жыл.

Адвокат Зинаида Мухортова. Балқаш, 16 тамыз 2013 жыл.

Қазақстандағы адам құқықтары бюросы мен азаматтық белсенділер балқаштық адвокат Зинаида Мухортованы психиатриялық диспансерден шығаруды талап етеді.

Қазақстандағы адам құқықтары бюросы қыркүйектің 2-сі күні балқаштық адвокат Зинаида Мухортованы психиатриялық диспансерде мәжбүрлі емдеуден дереу босатуды талап етті. Құқық қорғаушылар Қазақстандағы жазалау психитариясын тоқтатуға шақырады.

Жергілікті билікке тәуелсіз адвокаттық қызметімен жұртқа танылған Зинаида Мухортова психиатриялық клиникаға екінші рет қамалып отыр. Тамыз айының басында полицейлер мен санитарлар оның үйіне басып кіріп, диспансерге күштеп апарған. Бұл әрекетті заңды күшіне енгізген сот шешімі екі аптадан соң шықты.

Қазақстандағы адам құқықтары бюросының мәлімдемесінде «2012 жылдың қыркүйегінде Зинаида Мухортованың психикасын тексерген ресейлік сарапшы, медицина ғылымдарының кандидаты Кюри Идрисовтің ұйғарымы Зинаида Мухортованың ақыл-есі дұрыс екенін, бұрын-соңды психикалық дертке шалдықпағанын көрсетті» деп жазылған.

Құжатта «балқаштық адвокат бұл іске 2009 жылы, арасында Зинаида Мухортова да бар бір топ азамат парламент депутаты Ерлан Нығметуллинді айыптап, ел президентінің атына хат жазғаннан кейін тап болды» деп көрсетілген.

Тамыздың 20-сында Балқаш соты прокуратураның Мухортованы еркінен тыс клиникаға жатқызып, емдеу туралы талабын қанағаттандырған шешім шығарды. Бірақ судья Майра Ибрагимова оны диспансерде ұстау мерзімі қаншаға созылатынын айтпады.

Сотта қорғаушы ретінде қатысқан құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.

«Мухортованы клиникада заңсыз ұстап отыр».

– Соттың 20 тамыздағы шешімі әлі күшіне енбесе, ол шешімге қалай сүйене алады? Сот шешімі апелляциялық шағым қаралған соң, аз дегенде екі-үш айдан кейін ғана күшіне енеді, – дейді Амангелді Шорманбаев.

Кейбір азаматтық белсенділер әлеуметтік желілерде «Мухортованы күшпен емдеу фактісін тексеру үшін Балқаш қаласының психоневрологиялық диспансеріне қыркүйектің 2-сі күні Қарағанды облыстық денсаулық сақтау департаментінен комиссия келіп, Мухортованы мәжбүрлі емдеуден ерікті емдеуге ауыстыру туралы шешім қабылдапты» деген хабар таратты. Бұл ақпарат әлі ресми түрде расталған жоқ. Азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина Мухортованы еркіндікке шығаруды талап етіп, жергілікті билікке қысым көрсету науқанын өткізуге шақырды.

Балқаш қаласындағы психоневрологиялық диспансердің бас дәрігері Рысбек Ысқақов бұған байланысты түсініктеме беруден бас тартты.

– Сот шығарған шешімді талқылаудан бас тартамын, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев Балқаш қалалық сотының тамыздың 20-сындағы шешімі заңсыз деп, қазір одан жоғары сотқа апелляциялық шағым әзірлеп жатыр.

Зинаида Мухортова да ақыл-есі дұрыс екенін, өзін клиникада еркінен тыс емдеуге ешқандай себеп жоғын бірнеше рет мәлімдеген. Бұдан бұрын Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Зинаида Мухортованы дереу босатып, оны қудалауды тоқтатуды талап еткен.
XS
SM
MD
LG