Accessibility links

Балқашта «өзін-өзі жарып өлген» 16 азаматтың төртеуі қашып кеткен


Түрме қоршауы. (Көрнекі сурет)

Түрме қоршауы. (Көрнекі сурет)

«Интерфакс-Қазақстан» агенттігі Қазақстан ішкі істер министрлігі жедел тергеу тобына сілтеме жасай отырып, Балқаш колониясында «өзін-өзі жарған» 16 азаматтың төртеуі тірі екенін, олардың түрмеде атыс болған кезде қашып шыққанын хабарлады.


– Сотталушылар түрмедегі өндірістік базаны қарумен басып алмақ болған кезде олар түрмеден қашып шыққан. Бұл шілденің 11-іне қараған түні болған. Түрмеде тәртіпсіздік жағдай басталған кезде олар сытылып кеткен. Қазір оларды іздестіріп жатырмыз, – дейді тергеу тобының белгісіз өкілі тамыздың 3-і күні агенттікке.

«ТӨРТ АЗАМАТТЫҢ ҚАШЫП ШЫҚҚАНЫН БІЛМЕДІК»

Тергеу тобының өкілі бірнеше күн бұрын «өзін-өзі жарған» азаматтардың мәйіттеріне жасалған сот-медициналық сараптаманың нәтижесі белгілі болғанын, төрт азаматтың қашып шыққаны сол кезде анықталғанын айтады.

– Біз төрт азаматтың қашып кеткенін білмедік. «16 адам өзін-өзі жарды» деп айтуымыздың себебі – 16 адам түрмеде жоқ болып шыққан еді. Сәйкесінше «жарылыста сонша адам қаза тапты» деген қорытынды
Балқаш қаласы. (Көрнекі сурет)

жасадық. Енді жарылған азаматтардың мәйіттерінің арасында төрт сотталушының денесі жоқ болып шықты, – деді тергеу тобының өкілі.

Ол бірнеше апта бұрын қашып, ізін суытып үлгерген сотталушыларды табу енді қиын болатынын да жасырмаған. Тергеу тобы өкілінің ойынша, қашқындарда қару да болуы мүмкін.

Оның айтуынша, қазір тергеушілер сотталушылардың қашып кетіп, әлі күнге дейін жасырынып жүргеніне кімнің көмектесіп келе жатқанын анықтап жатыр.

«МҰНДАЙ АҚПАРАТ – ЖАЛҒАН»

Бірақ ресми орындар бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Азаттық тілшісі шілденің 3-і күні кешке қарай соңғы рет хабарласқанда Қазақстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз былай деді:

– Мұндай ақпарат жалған екенін ресми түрде айтамын. Қазіргі күні Балқаш колониясынан ешқандай адамдар қашқан жоқ. Сонымен қатар бүкіл республика бойынша Қылмыстық атқару жүйесіне тиесілі колониялардың жұмысы бір қалыпты, тұрақты.

Құқық қорғау органдары шілденің 11-іне қараған түні Балқаш қаласы маңында орналасқан АК-159/21 жалпы тәртіптегі колониядағы бір топ сотталушының қашпақ болып, түрме күзетшісіне шабуыл жасағанын хабарлаған еді. Сотталушылар мен түрме қызметкерлері арасында болған
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті ғимаратының қақпасы. Астана, 14 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

атыстан колонияның бір күзетшісі қаза тауып, бірнеше қызметкер жараланған.

Ресми билік «бүлікшілер» мен полицияның тіресі колония ішіндегі өндірістік базада жалғасқанын, ақырында 16 тұтқынның осы жерде өздерін-өздері жарып жібергенін хабарлаған.

АТЫ-ЖӨНІ ЖОҚ 16 АДАМ

Бұл оқиғадан бері бірнеше апта өтсе де, ресми орындар ол 16 тұтқынның аты-жөндерін жарияламай, құпия ұстап келеді.

«Өзін-өзі жарған» азаматтардың туыстары мен олар таратқан мәліметтер арасында да қарама-қайшылықтар бар.

Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитеті «өзін-өзі жарған азаматтардың барлығы – ауыр қылмыс жасап, 15 пен 32 жыл аралығында түрмеге кесілген адамдар» деп ресми түрде мәлімдеген.

Алайда жарылыста мерт болған сотталушы Талғат Сарғасқаевтың бауыры Рүстем Сарғасқаев ағасының тұрмыстық оқиға бойынша төрт жарым жылға сотталғанын айтқан еді.

Құқық қорғаушылар да «жалпы тәртіптегі Балқаш колониясында ауыр жазаға кесілген сотталғандардың болуы мүмкін емес» дейді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG