Accessibility links

Зинаида Мухортова психиатриялық клиникада қалды


Адвокат Зинаида Мухортова. Балқаш, 16 тамыз 2013 жыл.

Адвокат Зинаида Мухортова. Балқаш, 16 тамыз 2013 жыл.

Балқаш қаласының соты адвокат Зинаида Мухортованы психиатриялық клиникада еркінен тыс емдеу туралы прокуратура талабын қанағаттандырды. Азаттық тілшісі сот отырысында болды.

20 тамыз күні кешке Балқаш қаласында судья Майра Ибрагимова прокуратураның адвокат Зинаида Мухортованы клиникада еркінен тыс емдеуге қатысты талабын қанағаттандырды. Мухортованы 9 тамыз күні ұстап әкетіп, қалалық психо-неврологиялық диспансерге жатқызған. Мухортованы диспансерде ұстау мерзімі қаншаға созылатынын судья нақты айтқан жоқ. Бірақ сот шешіміне қатысты он күн ішінде шағымдануға болатынын ескертті.

Қорғаушы тараптың мәлімдеуінше, Зинаида Мухортованы ұстап әкеткен сәттен бастап оған туыстарымен, адвокаттарымен және басқа адамдармен жолығуға рұқсат берілмеген. Оның заңды өкілі Амангелді Шорманбаев диспансерде барлық келушілерге арналған қабылдау сағаттары белгіленгеніне қарамастан, Мухортованы клиникаға мәжбүрлеп әкелген алғашқы күндері онымен кездесе алмағанын айтты.

Диспансердің бас дәрігері Рысбек Ысқақов психиатриялық сараптама жүргізу үшін Зинаида Мухортова 9 тамыз күні ұсталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Мухортованың бұрын қойылған «сандырақтау дертінің созылмалы түрі» деген диагнозы болғандықтан, өзі стационарға жатып емделуден бас тартқандықтан, санитарлар оны күштеп әкелген.

Алайда Мухортова мен оның өкілі Шорманбаевтың пікірінше, психиатриялық есепте тұрмағандықтан, еріксіз емдеуге негіз жоқ.

– Мені клиникаға еркімнен тыс жатқызып емдеуге ешқандай негіз жоқ. Зинаида Мухортова мен оның өкілі Амангелді Шорманбаев. Балқаш, 19 тамыз 2013 жыл.

Зинаида Мухортова мен оның өкілі Амангелді Шорманбаев. Балқаш, 19 тамыз 2013 жыл.

Санитарлар мені жұрттың үстінен шағым жаудыратын арызқой, өз пікірінен таймайтын құбыжық етіп көрсеткісі келеді. Бірақ мен қоғамға қауіпті адам емеспін. Мұны прокуратура неге түсінбейді? Өз ойынан айнығысы келмейтін - мен емес, прокуратура, - деді адвокат Зинаида Мухортова 19 тамызда өткен сот отырысында.

Сотқа қатысқан азаматтық белсенді Андрей Цуканов «бұл іс өзінің азаматтық ұстанымын білдірген азаматтарды қуғындаудың мысалы болды» дейді.

– Мухортова психдиспансерге жоғарының нұсқауы бойынша қамалды деп санаймын. Қазақстанда жазалаушы психиатрияның әдістері арқылы өзіндік ой-пікірі бар белсенді қоғамдық адамдарды көзін құртуға тырысады. Бас дәрігер Ысқақовтың заңсыз әрекетке барғанына көзіміз жетті. Өйткені ол Талғар сотының қазір күшін жойған, осыдан екі жыл бұрынғы шешіміне сілтеме жасайды. Ал прокуратура азаматтардың құқын қорғаудың орнына заңсыздыққа жол беріп отыр, - дейді Андрей Цуканов.

Алайда «Мухортованың ақыл-есі дұрыс емес» деген ұйғарымынан танбаған бас дәрігер Рысбек Ысқақов «ол бірте-бірте көп адамның үстінен шағымданатын болады» деген болжам жасады.

– Бұл арада ешқандай саяси да, басқа да астар жоқ. Өз басым дәрігер ретінде ол кісінің бойынан науқас адамды ғана көремін. Біздің диспансерде мұндай 150 адам жатыр. Оны клиникаға әкетуге барған кезде бүкіл киімін сыпырып тастап, екінші қабаттың балконынан секірмек болып, санитарларға бой бермей жұлқынды, - деген бас дәрігер Рысбек Ысқақов осы күндері Зинаида Мухортовамен бір рет те сөйлеспегенін айтты.

Зинаида Мухортова отбасының өкілі Наталья Абенттің мәлімдеуінше, санитарлар Зинаида Мухортованың туысы Наталья Абент және азаматтық белсенді Андрей Цуканов. Балқаш, 20 тамыз 2013 жыл.

Зинаида Мухортованың туысы Наталья Абент және азаматтық белсенді Андрей Цуканов. Балқаш, 20 тамыз 2013 жыл.

мен полицейлер 9 тамыз күні пәтерге күшпен кіріп, қол көтеруге дейін барған. Зинаида Мухортова сотта «полицейлердің бірі аяғымнан теуіп, екіншісі басымнан ұрды» деп мәлімдеді.

– Мен келген кезде полицияның төрт қызметкері, бір санитар және жай киім киген бір адам подъезде күтіп тұр екен. Есікті ашқанымда олар пәтерге басып кірді. Жандарында бір медбике де болды. Олар ешқандай құжат көрсетпестен, жуынатын бөлмедегі Зинаны сүйрелей бастады. Оның үстінде сүлгіден басқа ештеңе жоқ еді. Киінуіне мұрша бермей, көше бойымен көлікке дейін сүйреп апарды. Менің қолымды бұрап, басымнан ұрды, көгергені әлі кеткен жоқ, - деп мәлімдеді Наталья Абент.

Мухортованың көршілері оның мінез-құлқынан ешқандай ауытқу байқамағанын айтады.

- Егер ондайы болса, баяғыда байқар едік қой. Ақыл-есі дұрыс әйел, немересін бағып отыр. Домофонға ақша жинағанда жұртпен бірге ол да өткізді, - дейді Галина есімді көршілерінің бірі.

Қорғаушы тарап соттың шешімін заңсыз және негізсіз деп есептейді. Зинаида Мухортова мен оның жақтастары «бұл іс 2010 жылы Қазақстан парламентінің депутаты Ерлан Нығметулинның әрекетіне қатысты Мухортованың шағымына байланысты қозғалды» деген пікірде.

Human Rights Watch халықаралық ұйымы өткен аптада Қазақстан билігін Зинаида Мухортованы қуғындауды тоқтатып, оны психоневрологиялық диспансерден дереу босатуға шақырды.

Соңғы бірнеше ай ішінде Риддер қаласынан атеист-блогер Александр Харламов пен Астанадан пастор Бақытжан Қашқымбаев еркінен тыс психиатриялық тексеруден өтті.
XS
SM
MD
LG