Accessibility links

Шардан «шашу» шашатын қыздың бір күні


Мереке кездерінде таңғы сағат 10-нан түнгі 2-ге дейін жұмыс істейтінін айтқан шар үрлеуші қыз «өзгелер жұмысымды мақтаса, содан ләззат аламын» дейді.

Сымбат Молдабаева Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде «Кондитерлік өнім шығару технологиясы» мамандығы бойынша екінші курста оқып жүр. Ол сабақтан бос уақытында той салондары мен әртүрлі мекемелерді, қала көшелерін шармен безендіретін жеке компаниялардың бірінде шар үрлеумен айналысады.

«ШАР ШАШУДЫҢ» ШЕБЕРІ

Азаттық тілшісі барған сәтте Сымбат шағын шарларды бірінен соң бірін үлкен шарға салып, үрлеп жатты.

– Бұл «Шар шашу» деп аталады. Мына үлкен бір шардың ішіне кішкентай елу шарды салып үрлейміз. Сосын арасына кәмпит саламыз да іліп қоямыз. Үлкен шар жарылған сәтте ішінен кәмпиттермен қоса шарлар да шашылады. Бұған балалар қатты қуанады, - дейді ол.

Сымбат осындай бір шашуды бір сағаттың ішінде жасап шығатынын айтты.
Есік қаласынан келген Сымбаттың сөзінше, ол ақылы университетте оқиды. Әке-шешесі - жұмыссыз, азын-аулақ малына қарап отырған адамдар. Сондықтан оқу ақысын өтеу үшін қолынан келетін жұмысты істеп жүр.
Жеңіс күніне арналған мерекелік шара алдында шар сатып тұрған сатушы. Ақтау, 9 мамыр 2012 жыл.

Жеңіс күніне арналған мерекелік шара алдында шар сатып тұрған сатушы. Ақтау, 9 мамыр 2012 жыл.


- Оның үстіне үйдің үлкені мен болғандықтан көмектесе қояр ешкім жоқ. Қазір Алматыда пәтер жалдап тұрамын. Құдайға шүкір ешкімнен ештеңе сұрамаймын. Ата-анама да салмақ салмаймын, - деді ол.

Сымбаттың шар үрлеумен айналысқанына екі ай ғана болыпты.

– Бұған дейін бір кісінің үйінде бала бақтым. Әрине, жалақысы жақсы. Бірақ жас адам үшін таңертеңнен кешке дейін үйге қамалып, бала қарау қиын, -дейді ол.

«ШАР ЖАРУДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН»

Сымбат тек шар үрлеп қана қоймайды, үрлеген шарларын әртүрлі формада топтастырып, тапсырыс берген мекемелерді безендіреді.

– Бұл жұмысымның қиын жағы да бар, жақсы жағы да бар. Істеген ісіңді біреу келіп тамашалап тұрса, одан өткен бақыт жоқ. Мен өзгелердің жұмысымды қызықтағанынан ләззат аламын, - деді шар шашушы қыз.

«Бұл жұмыстың қиындығы неде?» деген сауалға ол:

– Адамдар әртүрлі ғой. Кейде бар ынтаңмен жасаған жұмысыңды жоққа шығарып, ренжитін адамдар болады. Тіпті өзіңді тілдейтіндер де болады. Мен үшін бұл жұмыстың қиыны - сол. Ішімнен ұнамай қалып жүрмесе екен деп тілеп тұрамын, - деп жауап берді.

Сымбат жұмысы өзгелерге ұнау үшін үнемі ізденіп жүретінін, сондықтан қолы қалт еткен сәттерде кітап ақтарып, интернет қарайтынын айтады.

«Ал нені жақсы көресің?» деген сауалға ол: «Шар жаруды» деп қысқа қайырды.

Ресми мәлімет бойынша Алматы қаласында 270 мыңға жуық студент университеттер мен колледждерде оқып жатыр. Бірқатар студенттер оқудан тыс уақытта жұмыс істеп, ақша табуға мәжбүр. Азаттық радиосы бұған дейін мұндай жұмыс істейтін студенттердің кейбірі үйге ақша жинай бастағаны жөнінде, ал қайсыбірінің жаз кезінде еңбек ететіні туралы жазған болатын.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG