Accessibility links

Пайыздық сыйақыға наразылық борышкерлерді біріктірді


Борышкерлер қозғалысының белсенділері "Каспий банк" ғимараты алдында наразылық шарасын өткізіп тұр. Алматы, 7 маусым 2013 жыл.

Борышкерлер қозғалысының белсенділері "Каспий банк" ғимараты алдында наразылық шарасын өткізіп тұр. Алматы, 7 маусым 2013 жыл.

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев ипотекалық несиесі үшін өзіне «банк заңсыз жасырын пайыз төлеткенін» бір жыл бойы сотта дәлелдеп жүр. Сот банктердің іс-әрекетіне дау айтып жүрген белсендіні қолдады.

Өткен аптаның аяғында Алматы қалалық соты Ермек Нарымбаев «Альянс банкке» негізгі қарызынан қалған сома мен 10 пайыздық сыйақыдан басқа ештеңе төлемеуі тиіс деп қаулы етті. Сот 3 миллион теңгені «артық төленген» деп тауып, бұл соманы Нарымбаевтың қарызынан шегеру туралы шешім шығарды.

Өткен жылдың күзінен бастап Нарымбаев әлеуметтік желілерде банктердің несие саясатына қарсы ақпараттық күрес жүргізіп келеді. Ол «коммерциялық банктер қитұрқы амалдармен ипотекалық несиеге негізсіз пайыздық сыйақы қосады» деп есептейді. Банкирлер Нарымбаевтың дәлелдерімен келіспейді.

ИПОТЕКАЛЫҚ НЕСИЕ ІС ЖҮЗІНДЕ ҚАНША ТҰРАДЫ?

Ипотекалық борышкерлер қозғалысының белсенділері «Коммерциялық банктер өздерінің несие өнімдері туралы жарнамасында несие алушы қайтаратын қарызға қосылатын жасырын пайыздарды көрсетпейді» деп шағымданады. Олардың айтуынша, кейде несие сомасынан да асып кететін артық төлемдер қарыз көлемін екі-үш есе ұлғайтып жібереді.

Алматы тұрғыны борышкер Жанна Садықова Азаттық тілшісіне өз басынан өткен осындай оқиғаны айтып берді.

"БТА-Ипотека" компаниясының бір филиалы.

"БТА-Ипотека" компаниясының бір филиалы.

– 2007 жылы 16 пайыздық мөлшерлемемен «БТА-Ипотека» банкінен 20 жылға 35 мың доллар несие алдым. Оны банкке үш есе етіп қайтаруға тура келетінін кейін бір-ақ білдім. Сөйтіп, қайтаратын қарызым 105 мың долларға шығып кетті. Бір жылдан кейін жұмыссыз қалдым. Күйеуіммен ажырастым. Бірақ қиналсам да, несиемді төлеуге тырыстым. Бірақ банк мұнымды бағаламай, маған ескертпестен пәтерімді сатып жіберді, - дейді.

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевтың айтуынша, қазақстандық банктердің көбі несие алушыларға «жасырын пайыз» деп аталатын үстеме қосады. Банктер келісім-шартта немесе жарнамада көрсетпейтін мұндай пайыздар қарызды өсіріп жібереді. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда банктердің «осындай тұзағына» түсіп қалған жүздеген мың отбасы бар.

– Мысалы, Еуропада немесе Қытайда банктердің пайыздық ставкасы – бір, екі, үш пайыздан аспайды. Ал бізде жұрт 15, 20, 40 кейде 100 пайызға дейін төлейді. Құрылыс материалдары қымбат, халқының табысы мардымсыз, жемқорлық жайлаған елдегі жағдай осы, – дейді Ермек Нарымбаев Азаттық тілшісіне.

ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Азаттық тілшісі Қазақстан ұлттық банкіне «Қазақстан банктерінің пайызы шынымен де жоғары ма? Олар несиеге жасырын төлемдер қоса ма? Пайыздың өсуіне не әсер етеді?» деген сауалдар жолдады.

Ұлттық банктің жауап хатында «Банктердің пайыздық саясатына елдегі инфляция деңгейі, ұлттық валютаның айырбас бағамы, банк қорының құны, яғни депозиттер мен банктің басқа қарыздарының ставкасы сияқты көптеген фактор әсер етеді. Оның үстіне, банк несие құнына (несие бойынша пайыздық ставкаға) банктің тәуекелдері мен операциялық шығындарын жабатын төлемдер мен маржа (банктің несие беруден көретін табысы) қосады» деп көрсетілген.

Борышкерлер қозғалысының белсенділері коммерциялық банктердің бірінің алдында наразылық акциясын өткізіп тұр.

Борышкерлер қозғалысының белсенділері коммерциялық банктердің бірінің алдында наразылық акциясын өткізіп тұр.

Хатта «Коммерциялық банктер ұлттық банктің қайта қаржыландыру ставкасына (қазір ол 5,5 пайыз деңгейінде) сүйенуі тиіс. Бұл ставкадан төмен пайыз қою банктер үшін «экономикалық тұрғыдан тиімсіз», яғни банк пайда көрмейді» деп жазылған.

Қазақстандағы және экономикасы дамыған елдерде несие бойынша пайыздық мөлшерлемедегі айырма дәл осылай түсіндіріледі. Шетелде орталық банк қайта қаржыландыру ставкасын 0,1 – 1,5 пайыз деңгейінде белгілейді. Тұрғындармен жұмыс істейтін коммерциялық банктер осы ставкаға сүйеніп бұл деңгейден сәл ғана жоғары пайызбен несие береді. Ұлттық банктің әлгі хатында мысалы, «АҚШ-та ипотека 3,3 пайызбен, Ұлыбританияда – 4-5 пайызбен, Жапонияда – 2 пайызбен» берілетіні көрсетілген.

Қазақстандық банктердің ипотекалық несие бойынша ресми пайыздық ставкасы – 10 және 20 пайыз аралығында. Мысалы, БТА банктің сайтында ипотека 12 пайызбен, Халық банкінің сайтында – мерзіміне байланысты 12,5 және 13,5 пайыз аралығында берілетіні жазылған. Қазан айының басында ипотекалық несие беруді тоқтатқанын жариялаған Қазкоммерцбанк бұрын несиені 12,5 пайызбен беретін. Бірақ банк «несиелендіру шарттары қайта қаралған соң ставка 18-20 пайызға дейін өсуі мүмкін» деп мәлімдеді.

ЖАСЫРЫН ПАЙЫЗДАР МЕН АШЫҚ ДЕБАТТАР

Ермек Нарымбаев «Бұл – жұртқа белгілі, көзге көрінетін ғана пайыздар. Ал банктер жасырын пайыздар есебінен бұдан да көп пайда табады» дейді.

– Жалпы, несие атаулыға ешкім қарсы емес. Егер жоқ дегенде осы жасырын пайыздардың көзін құртсақ, проблемалық несиелер мәселесі де шешілер еді. Жұрттың несие қарызы осы жасырын пайыздардың кесірінен шамамен екі есе өсіп отыр, - дейді Ермек Нарымбаев.

Қоғамдық белсенді Ермек Нарымбаев. Алматы, 14 қаңтар 2013 жыл.

Қоғамдық белсенді Ермек Нарымбаев. Алматы, 14 қаңтар 2013 жыл.

Ол кем дегенде төрт түрлі жасырын төлемді атайды. Біріншісі – несие беруді ұйымдастыру үшін алынатын комиссия. Ермек Нарымбаевтың айтуынша, бір рет төленетін бұл төлемнің мөлшері кейде жалпы несие сомасының тоғыз пайызын құрайды. Екіншісі – несиелік есеп-шотты жүргізгені үшін ай сайын төленетін комиссия. Үшіншісі – банктің терминдерді шатастырып пайдаланудың арқасында көретін пайдасы. Яғни банктер жылдық пайыздық мөлшерлемені несиенің қалған сомасына есептеудің орнына, несиенің бүкіл сомасына есептейді де, жылына төленетін пайызды көрсетеді. Есеп бойынша, клиенттің ай сайын құятын төлемі несие сомасын азайтуы тиіс. Бірақ қулыққа басқан банктер пайызды ай сайын азаятын сомаға емес, яғни қалған қарызға емес, бүкіл несие сомасына есептейді. Төртінші – банктер пайыздық мөлшерлемені несиелік желі бойынша алынған нақты сомаға емес, несиелік желіде белгіленген ең жоғарғы сомаға есептейді.

Ермек Нарымбаев бас прокуратура банктердің күдікті деген барлық келісім-шарттарын тексеріп, жасырын пайыздар қосылған жағдайларды анықтауы, ал мемлекет банктерді жұрттың «артық төлеген ақшасын» қайтарып беруге міндеттеуі тиіс деп есептейді.

Банк жүйесі өкілдерінің көбі «жасырын пайыздарды қосу» сияқты практиканы қолданбаймыз дейді.

«Каспий банкте» жұмыс істейтін Сабыржан Беркінбаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында «Несие бойынша төлейтін барлық комиссия клиент қол қоятын келісім-шартта көрсетіледі. Біздің банкте келісім-шартқа қол қоятын кезде клиенттен жасырып қалып, артық пайыз төлеткен жағдайлар ешқашан болған емес» деп жазды.

Бір қызығы, ипотекалық несиесі бойынша дауласқан Нарымбаев пен қоғамдық өмір мен әлеуметтік желілерде белсенділік танытып жүрген алматылық банкирлердің бірі Жомарт Ертаевтың арасында пікірталас туды.

«Альянс банк» және «Еуроазиялық банк» сияқты бірнеше қазақстандық банктің бұрынғы төрағасы Жомарт Ертаев мұндай мәлімдемелерімен «іскерлік беделіме нұқсан келтірді» деп, қазан айының аяғында Ермек Нарымбаевтың үстінен сотқа шағымдануға әзір екенін мәлімдеді.

Азаттық тілшісі банкир мен азаматтық белсендінің арасындағы дау қандай деңгейде екенін және банкирдің жасырын пайыздар қосу тәжірибесі болған я болмағанын білу үшін Жомарт Ертаев қазір жұмыс істейтін RBK банкіне хабарласты. Бірақ банктің баспасөз қызметкері Виктория Шен «Жомарт Ертаев шетелде демалыста жүр, сауалдарыңызға жауап бере алмайды» деп айтты.

Жексенбі, 10 қарашада Жомарт Ертаев Facebook әлеуметтік желісіндегі өз аккаунтын жапты. Оқырмандарымен қоштасуына ол мұның себебін «ФБ-те тым жиі көрініп кеткенімен» түсіндірді.

Қазақстан Ұлттық банкінің бұрынғы басшысы, экономист Ораз Жандосов.

Қазақстан Ұлттық банкінің бұрынғы басшысы, экономист Ораз Жандосов.

1990 жылдары Қазақстан ұлттық банкін басқарған Ораз Жандосов сол жылдары жасырын пайыз қосу оқиғалары болғанын Азаттық тілшісіне мойындайды. Бірақ оның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын жылдық тиімді сыйақы ставкасы туралы ереже күшіне енгеннен бері банктер несие бойынша есептелетін барлық пайыздық мөлшерлемені келісім-шарттың бірінші бетінде көрсетуге міндетті.

– Бұл заң шыққанға дейін банктер тұтынушы төлейтін нақты пайыздық мөлшерлемені жасыруға тырысатын. Қазір барлық комиссия мен басқа да пайыздар жылдық тиімді сыйақы ставкасына қосылады. Ендігі мәселе бұл талаптың қаншалықты орындалатынында, - дейді Ораз Жандосов.

Сарапшылар ипотекалық келісім-шарттың жобасын мұқият оқып, заңгерлерден кеңес алуға ақша аямауға кеңес береді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG