Accessibility links

Ақпанның 12-сінде президент Н.Назарбаев ислам банктерінің Қазақстандағы қызметi туралы заңға қол қойды. Заң ислам банктерінің қызмет етуінің құқықтық негіздерін, кәсіпкерлікті түрлі формада қаржыландыру, сондай ақ, исламдық құнды қағаздарының шығарылымы мен айналымын т.б мәселелерді реттеуге бағытталған.

Ислам банктерін Қазақстан нарығына енгізу жұмыстары 2007 жылдан белсенді түрде атқарыла бастапты. Енді олардың қарапайым тұрғындарға қызмет көрсету мүмкіндігі тұңғыш рет қарастырылып және ол заң жүзінде бекітіліп отыр.

"Кәусар Консалтинг" компаниясының атқарушы директоры Едіге Алпысбай. Алматы, 13ақпан, 2009 жыл.
Өсімсіз несие беру, кепілсіз-ақ ақша алу сияқты шарттарымен ерекшеленетін олардың батыстық үлгідегі қаржы институттарын бірден ығыстыра қоюы мүмкін емес деген ой айтады «Кәусар Консалтинг» компаниясының атқарушы директоры Едіге Алпысбай:

- Ислам банктері туралы заң Қазақстан нарығына қосымша қаржы институттарын алып келеді. Осы жылдың аяғына дейін 1-2 ислам банкі ашылады деп жоспарлануда. Оның нәтижесінде, әзірше, үлкен ағым, өзгерістер бола қояды деп айту қиын,-деп атап көрсетті директор.

Мамандардың айтуынша, ислам қаржы жүйесі әлемдегі қарқынды түрде дамып келе жатқан индустрияның бірі. Оған тек мұсылман елдері ғана емес, Еуропаның бірқатар мемлекеттерінің бетбұрысы байқалады. Сондай ақ, ол дағдарысқа көп ұшырай қоймаған жүйе ретінде де танылып отырған көрінеді.

"Көптеген адамдар егер банк өсімсіз жұмыс істесе, онда оны табыссыз, кіріс кірмейтін мекеме деп ойлайды. Шын мәнінде, ислам банктерінің өзге кіріс көздері бар. Бұның қолданатын механизмдері, құралдары басқа. Яғни, дәстүрлі банктерде қолданылатын механизм – ақшаны пайыздық төлемдер арқылы сатып алып, қайта сату болса, ислам банктері табыс табудың басқа механизмдерін қолданады. Ол біріншіден, девиденд яғни пайданы бөлісу болса, екінші - арендалық төлемдер немесе комиссия үшін белгіленген қызметтер,-" дейді Едіге Алпысбай.

Ислам банктерінің артықшылықтарына тоқталған қаржыгер-сарапшы Ғалым Байназаров оның әсіресе, ауыл халқы үшін үлкен көмек болатынын айтады:

- Бұл банк мына ауылдағы кепілге қоятын дүние-мүлкі жоқ кедей-кепшікке пайдалы. Олардың ерекшелігі сол - бастаған жұмыстарындағы қиындықты жобаның иесімен бірге көтереді. Банктік тәуекел дейді ғой. Егер бастаған жоспарларында кінәрат табылып, қиындыққа кездессе, онда банк те, жеке кәсіпкер де оның ауыртпашылығын қатар тартады. Мұндай банк жүйесі Қазақстанға өте керек-ақ. Бұл бизнеске жаны ашып жұмыс істейтін банк,-деген еді қаржыгер-сарапшы.

Дегенмен Едіге Алпысбай бұл жүйені енгізуде біраз тосқауылдар бар екенін айтты:

- Ең басты мәселе - бұл жүйенің дұрыс түсінілмеуі. Тіпті кәсіби қаржыгерлердің арасында да толыққанды түсінбеушілк бар әлі. Ол үлкен кедергі болып отыр. Сондықтан бұл тұрғыда ақпараттық түсіндіру жұмыстары жасалуы керек. Өйткені, біреулер ислам банкингі десе ислам дініне қойылып жатқан қара таңбамен байланыстырады. Немесе ислам банктері тек мұсылмандарға ғана қызмет көрсетеді деген сияқты жаңсақ пікірлер бар. Ал кейбіреулер тіпті ислам банкі десе, ақшаны барлық елге тегін таратады деп түсінеді. Бұл да қате түсінік. Банк дегеніміз ол коммерциялық тұлға. Сол себепті бұл тұрғыда көптеп жұмыстар жүргізілуі тиіс.

Ислам банктерінің Қазақстанда қызмет етуі туралы заңның мәтіні алдағы күндері жергілікті баспасөз бетіне жарияланады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG