Accessibility links

Тағы бір банкирдің банк есебінен ақша ұрлады деген айыппен тұтқындалғаны мәлім болды


Еуразиялық банктің басқарма төрағасы болған Жомарт Ертаев. Алматы, 8 шілде, 2009 жыл.

Еуразиялық банктің басқарма төрағасы болған Жомарт Ертаев. Алматы, 8 шілде, 2009 жыл.

Альянс банкін басқарып, кейіннен Еуразиялық банктің басқарма төрағасы болған Жомарт Ертаевтың Медеу ауданы прокурорының санкциясымен тұтқындалғанын 25 тамыз күні Қаржы полициясы растады. Жомарт Ертаевқа Альянс банкін басқарып тұрғанда 1млрд. 1млн. теңге ақша жымқырған деген айып тағылған.

ЕКІ ЖАРЫМ ЖЫЛДАН КЕЙІН ПАЙДА БОЛҒАН ІС

Бұған дейін Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды қадағалау мен реттеу агенттігі Жомарт Ертаев пен оның орынбасары қызметін атқарған Алексей Агеевті ««Альянс» банкін басқарып тұрған кезде агенттікке күмәнді есеп-қисап берген және банк ісі туралы заңды бұзған» деген мәлімдеме таратқан болатын. Алайда, агенттіктің мәлімдесін Жомарт Ертаев жоққа шығарған еді.

3 шілде күні Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды қадағалау мен реттеу агенттігінің шешімімен Жомарт Ертаев Еуразиялық банк басқарма төрағасы қызметінен босатылған болатын. 8 шілдеде аталмыш агенттіктің шешіміне байланысты Жомарт Ертаев баспасөз мәслихатын өткізіп, өзіне қатысты агенттіктің шешімін сотқа беретінін мәлімдеген.

- Біз Альянс банкте осыдан екі жарым жыл бұрын қызметте болғанбыз. Альянс банкінен 2007 жылдың қаңтар айында кеткенбіз. Ал, агенттіктің таратқан хабарламасында 2009 жылдың сәуір-мамыр айларында болған банктік шығын туралы айтылады. Бұл менің өзімнің де қызығушылығымды тудырып отыр. Бұған сотта жауап аламыз деп ойлаймын. Бұған дейін мен Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды қадағалау мен реттеу агенттігінің төрағасы Елена Бахмутовамен кездесіп, осы мәселе жөнінде сөйлеспек болғаныммен ол әрекетімнен ешнәрсе шықпады,- деген болатын Жомарт Ертаев 8 шілде күні өткен баспасөз мәслихатында.

Алайда, Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды қадағалау мен реттеу агенттігінің төрағасы Елена Бахмутова «Фокус» газетіне берген сұхбатында:

«Ертаев пен Агеев мырзаға қатысты біздің ұстанымымыз дұрыс болды. Өйткені, біздің қолымызда дәлелдер мен айғақтар бар. Ертаев пен Агеев мырза Альянс банкін басқарған уақытта агенттікке күмәнді әрі нақтыланбаған есеп-қисап ұсынған. Бұл дегеніңіз, банк ісі туралы заңды бұзу болып саналады», - деген болатын.

ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫНЫҢ КӨРІПКЕЛДІГІ

Бірақ та, Жомарт Ертаев айтқан сот болмады. 8 шілде күні өткен баспасөз мәслихатында Жомарт Ертаев «Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды қадағалау мен реттеу агенттігі егер қандай да бір банк ісі туралы заңның бұзылғанын әрі күмәнді есеп-қисап болғанын білсе, неге сол кезде тексеру жүргізбеді. Бұл неге екі жарым жылдан кейін бас көтеріп отыр» деп айтқан еді.

Ал, Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко 8 сәуір күні өткізген баспасөз мәслихатында Жомарт Ертаевтың ісі прокуратураға жіберілгенін журналистерге мәлім еткен болатын.

- Жағдай ушығып барады. Менің түсінігімше, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын қадағалау агенттігінің Альянс банкінің бұрынғы басшысына деген ұстанымы өте күрделі сияқты. Ал, қазір іс прокуратураға жіберіліп, бұл іс құқық қорғау орындарына өтіп кеткендіктен, ендігі істің мәні тергеуде анықталады. Адамдардың жазықты, не болмаса жазықсыз екенін сот шешеді. Сондықтан бұл жерде бәлен деп бір нәрсені кесіп айту болмас, - деген еді Марченко.

Өз кезегінде Жомарт Ертаев 8 шілде күнгі журналистермен жүздесуінде Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың жоғарыда айтқандарын әдепсіздік деп санап, қаржы полициясынан немесе прокуратурадан өзіне қатысты ешқандай іс қозғалмағанын жеткізген болатын. Соның ішінде Жомарт Ертаев қаржы полициясының өзіне қатысты ешқандай іс қозғамағанын айтып таратқан хабарламасына қуанып қалғанын да атап өткен еді.

Қаржы полициясының өкілі Мұрат Жұманбай 26 тамыз, сәрсенбі күні өткізген баспасөз мәслихатында Жомарт Ертаевты қандай құқық қорғау орны тұтқындағанын нақты айтпады.

ХАЛЫҚТЫҢ БАНКТЕРГЕ ДЕГЕН СЕНІМІ СӨНІП БАРАДЫ

Банк саласындағы қалыптасқан мәселелерге қатысты өз ойын білдіре келе, экономист Қанат Берентаев Жомарт Ертаевтың тұтқындалуы басқа да коммерциялық банктерге тықыр таянғанының белгісі болуы мүмкін дейді.

- Бір кезде ТМД көлеміндегі көшбасшы деп мақтаған Қазақстан банктері іс жүзінде басқаша болып шықты. Банк саласындағы тұтқындаулар, сөз жоқ қаржы саласына кері әсерін тигізетіні анық. Халықтың банктерге деген сенімі өте төмен сатыға түсіп кетті. Күні кеше қаржы министрі Болат Жәмішев жаңа құнды қағаздар туралы айтты. Олар банкке деген қоғамдық сенімнің төмендеп кеткенін мойындап отыр. Сондықтан да, басқа да қаржылық әдістер қолдануға көше бастағандай. Жомарт Ертаевтың тұтқындалуына қарағанда, коммерциялық басқа да банктерге бір тықыр таяп келе жатуы ықтимал,- деді Қанат Берентаев Азаттық радиосына.

Сонымен қатар, 25 тамыз күні «Еуразиялық» банктің жаңадан тағайындалған басқарма төрағасы Қайрат Бекетов Жомарт Ертаевтың тұтқындалуына Еуразиялық банктің ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG