Accessibility links

"Банктер банкроты" жайлы қауесет дүрбелең туғызды


Whatsapp қосымшасы арқылы "банктің банкротқа ұшырау қаупі" туралы тараған SMS ақпараттың скриншоты. 11 ақпан 2014 жыл.

Whatsapp қосымшасы арқылы "банктің банкротқа ұшырау қаупі" туралы тараған SMS ақпараттың скриншоты. 11 ақпан 2014 жыл.

"Банкрот" туралы ақпаратты жоққа шығарған банктер полицияға арыз түсіргенін мәлімдеді. Бірақ кейбір салымшылар ақшасын қайтарып алуға тырысып жатыр.

Алматы тұрғыны Жанболат Темірбек "Kaspi Bank-тің банкротқа ұшырағаны" туралы қауесетті әлеуметтік желіден ести сала депозитін қайтарып алу үшін бірден банктің бөлімшесіне жүгірген. Абай көшесінде орналасқан банк бөлімшесіне барған кезде депозитін алуға келген өзі сияқты ондаған адамды көрген.

«Түскі сағат 12-лерде жеттім. Барсам бөлімшенің дәлізінде елу шақты адам тұр. Кезектің шегі көрінбеді. Бір жарым сағаттан кейін ғана кезегім жетті. Бірақ депозитімді ала алмадым. Себебі банк қызметкері қазір депозитін алу үшін адамдар ағылып келіп жатқандықтан оны беруге үлгере алмай жатқанын айтып, ертең келуді өтінді. Тек өтініш тапсырдым» дейді ол.

Жанболат "үй-ішімен бірлесе жинаған ақшасын" қайтарып ала алмай қалам деп уайымдайды.

Жанболат сияқты көптеген адам кешеден бері елдегі үш банк: "Альянс банк", Kaspi Bank және "ЦентрКредит банктің" "банкротқа ұшырағаны" туралы қауесетті әлеуметтік желілер мен Whatsapp қалта телефон қосымшасы арқылы естіген. SMS хабарламаның белгісіз таратушылары клиенттерге "егер бұл банктерде ақшаларыңыз болса, қайтарып алған абзал" деп кеңес берген.
"Kaspi bank" бөлімшесіндегі кезек. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.

"Kaspi bank" бөлімшесіндегі кезек. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.


Соның кесірінен қазір жүздеген адам банктегі салымдарын қайтаруға тырысып жатыр. Әзірге мұның банктердің жұмысына қалай әсер еткені, қанша адамның салымдарын қайтарғаны туралы ақпарат жоқ.

Азаттық радиосына оқырмандардың бірі жіберген "банкрот" туралы хабарлаушы SMS мәтіні "алматылық заң фирмаларының бірінде жұмыс істейді" деп көрсетілген маманның атынан жіберілген. Аталған заң фирмасының аты-жөнін атамаған өкілі Азаттыққа "бұл оқиғаның жабылған тақырып екенін, бұл мәселеге қатысты ешқандай комментарий бермейтінін" айтты.
Whatsapp қосымшасы арқылы "банктің банкротқа ұшырау қаупі" туралы тараған SMS ақпараттың скриншоты. 11 ақпан 2014 жыл.

Whatsapp қосымшасы арқылы "банктің банкротқа ұшырау қаупі" туралы тараған SMS ақпараттың скриншоты. 11 ақпан 2014 жыл.


Ақпанның 18-і күні аты аталған үш банктің өкілдері және Қазақстанның қаржыгерлер одағы "банкрот" туралы қауесетті ресми түрде жоққа шығарып, хабарламаның "Қазақстанның қаржы жүйесін тұрақсыздандыру үшін" жасалып отырғанын хабарлады.

Үш банк те осы оқиғаға байланысты құқық қорғау органдарына қауесетті таратушыны анықтауды сұрап, шағым түсірген.

"Девальвация айырбастау бағамына әсер етті. Алайда өзгерген бағам қазақстандық банктердің тұрақтылығына әсер етпейді. Барлық үш банк - Депозиттерді кепілдендіру мемлекеттік қорының мүшелері" деп жазылған аты аталған банктердің ресми сайтында.

Ал Kaspi Bank ақпанның 18-і күні Facebook-тағы парақшасында "жалған хабарлама таратушыны" табуға көмектескен адамға 100 миллион теңге сыйақы төлейтінін хабарлады.

Осы оқиғаға қатысты жергілікті БАҚ-қа сұхбат берген қаржы министрі Ерболат Досаев "Альянс банктің" қайта құрудан өткенін, одан өзге ештеңе болмағанын" айтты.

"Банкрот" туралы қауесет өткен аптада ең әуелі "ЦентрКредит банк" туралы тараған еді. Банктің басқарма төрағасы Владислав Ли бұл ақпаратты жоққа шығарған болатын.

Ақпанның 18-і күні осы мәселеге қатысты брифинг өткізген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов банктерде жеке азаматтардың кез-келген валютада ашқан депозиттерін мемлекет кепілдендіретінін ескертіп, қазақстандықтарды "арандатушы ақпаратқа бой ұрмауға" шақырды.

Қазақстандағы тәуекелдерді азайту бойынша банктер мен қаржы ұйымдарының қызметін реттеу туралы заңға сәйкес салымшылар банк банкрот болған жағдайда өзі ақша салған әрбір банктен 5 миллион теңгеге дейінгі салымын қайтарып ала алады.

"Альянс банк", Kaspi Bank және "ЦентрКредит банк" - Қазақстандағы екінші дәрежелі банктердің арасында 2013 жылғы тамыз айына дейінгі көрсеткіштері бойынша актив көлемі бойынша алғашқы ондыққа кіреді.

Ақпанның 11-і күні Қазақстанның ұлттық валютасы девальвацияға ұшырап, оның соңы қарапайым тұрғындар мен банк клиенттерінің әлеуметтік наразылығына ұласқан еді. Өткен сенбі күні Алматыда бағаның өсуі мен экономикалық тұрақсыздыққа қарсылық білдірген жүздеген адам жиын өткізіп, митингіге шыққандар жаппай қамалған болатын.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG