Accessibility links

Банктер «бәсекелестікке төтеп беру үшін» бірігеді


Алматыдағы Қазақстан ұлттық банкі ғимаратындағы жазу. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы Қазақстан ұлттық банкі ғимаратындағы жазу. (Көрнекі сурет)

Қазақстан ұлттық банкі қаржы секторын дамыту тұжырымдамасы жобасын ұсынды. Еуразия экономикалық одағы келісім-шартына қол қоймас бұрын Қазақстанда банктерді ірілендіруі мүмкін.

Сәуір айында Қазақстан ұлттық банкі «Қазақстан Республикасы қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейін тұжырымдамасы» жобасын талқылауға ұсынды. Құжатта биыл мамыр айында Еуразия экономикалық одағы туралы келісім-шартқа қол қою мен Қазақстанды дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қабылдау мүмкіндігі қарсаңында қазақстандық банктерді аймақтағы интеграциялық процестерге дайындайтын іс-шаралар қарастырылған.

Негізгі экономикалық нарықтарды біріктіру арқылы Ресей, Қазақстан және Беларусьтің Кеден одағын Еуразия экономикалық одағына айналдыру жоспарланған. Бұл қазақстандық банктер әлеуеті мықтырақ Ресей банктерімен бәсекелесуді күшейтуі тиіс дегенді білдіреді.

«ҚЫСЫМ БОЛМАЙДЫ»

«Қазіргі проблемаларды кезең-кезеңмен шешу және банктердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» мақсатында 2019 жылға қарай банктердің жарғылық капиталының ең аз мөлшерін 10 есеге (қазіргі 10 миллиард теңгеден 100 миллиард теңгеге) өсіру ұсынылады. Болжам бойынша, бұл нормалар енгізілсе, банктердің саны қысқарады.
АТФ банкінің Алматыдағы орталық ғимараты.
АТФ банкінің Алматыдағы орталық ғимараты.
Ұлттық банк тұжырымдамасында банк секторындағы жоғары деңгейлі бәсекелестікті қамтамасыз ету үшін «орташа банктер тобын» дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігі айтылған. Құжатта тағы бір бағыт - жүйе құраушы банктер негізінде және банктерді отандық және шетелдік әріптестермен синдикаттар құруға ынталандыру арқылы «чемпион» банктер тобын қалыптастыру ұсынылған.

Тұжырымдама жобасына сәйкес, ұсақ банктерді мәжбүрлі түрде қысқарту немесе олардың жалпы санын шектеу жоспарланбаған. Бірақ «реттеу жүйесі шағын банктерді ірілендіруге немесе оларды несие ұйымының басқа формаларына айналдыруға бағытталады».

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің болжамынша, қазіргі нарықтағы 38 банктен алдағы бес жылда 15-20 банк қалады.

Қайрат Келімбетов жуырда өткізген баспасөз жиынында: «Басқа банктердің бұл кезеңде бірігу немесе шоғырлану мүмкіндігі бар. Консолидация процестері нәтижесінде банктердің арасынан көшбасшы топ бөлініп шығады. Ипотека, тұтынушылық несие беру сияқты белгілі бір салада озықтығын танытқан орташа банктердің де өз тобы қалыптасады. Бірақ ірі банктер басқа елдердегі әріптестерімен сөзсіз бәсекеге түседі» деп мәлімдеді.

БОЛЖАМ: БАНКТЕР ҚОСЫЛАДЫ

Биыл қыста «Қазкоммерцбанк пен кәсіпкер Кеңес Рақышев БТА Банкті сатып алмақ» деген хабар тарады. Кейінірек Альянс Банк, Темірбанк және Форте Банктің бір топқа жататын инвесторлары бірігуі мүмкін деген хабар пайда болды. Оның үстіне, Халық Банкі штаб-пәтері Лондонда орналасқан халықаралық қаржы корпорациясының еншілес бөлімшесі HSBC Қазақстан банкін сатып алу туралы келісімге қол қойды.

Астана қаласындағы болжау және талдау орталығы кеңесшісі Данияр Бәйкеновтың Азаттық тілшісіне айтуынша, банктер мемлекет пен нарық субъектілерінің бастамасымен бірігеді.

– БТА Банк пен Альянс Банкке қатысты мұның саяси шешім екенін айтуға болады. Жуырда президент Назарбаев мемлекеттің үлесі бар банктерді бәсекелестік ортаға қайтару туралы тапсырма берді. Банктердің толып жатқан тексеруден өткенін әрі қазір азды-көпті келешегі барын ескере отырып, ірі капитал иелері тартысты келіссөздер арқылы банктерді сатып ала бастады. Мұндай жүйе құраушы банктерді сатып алатын ірі бизнесмендер санаулы ғана. Меніңше, бұл банк жүйесін сауықтырады. Әрине, Халық Банкі сияқты таза коммерциялық мәміле жасасқандар да бар, - дейді ол.

«Альпари» компаниясының аға сарапшысы Анна Бодрова Tengrinews.kz сайтында «АТФ, Центр Кредит, Kassa Nova, Qasaq Banki және RBK банк сияқты банктер де бірігуі мүмкін» деп болжайды. Бұл стратегия 2-5 жыл ішінде іске асуы мүмкін.

Алматының орталығында ғимарат төбесіндегі Казкоммерцбанк жарнамасы.
Алматының орталығында ғимарат төбесіндегі Казкоммерцбанк жарнамасы.
Оппозициялық саясаткер Петр Своик та банктерді біріктіруді дұрыс қадам деп санайды.

– Бұл – жалпы тенденция, баяғыда осылай істеу керек еді. Бірақ концепцияда бәрі әдемі сөздермен дұрыс жазылғанымен, тұтастай алғанда бұл - кезекті, формальды құжаттардың бірі. Өйткені бізде ешқандай қаржы нарығы жоқ, шикізатпен айналысатын бизнес те, қаржылық бизнес те - билікпен үлестес. Сондықтан бұл кімнің – билік пен бизнестің қайсысының мүддесін көздейді деген сұрақтың жауабы – «екеуі бір емес пе», - дейді Петр Своик Азаттық тілшісіне.

Экономист Меруерт Махмутова іс жүзінде әңгіме банктерді ірілендіру емес, 2009 жылы мемлекет төрт банктің капиталына енгеннен кейін қордаланып қалған проблемаларды шешу талпынысы болып отырғанын айтады.

– Меніңше, инвесторлар тартпақ болған «Самұрық-Қазына» қорының әрекеті сәтсіз болған соң банктерді біріктіруге мәжбүр болып отырған сияқты. Жалпы, Еуразия экономикалық одағына, ал кейін Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенге дейін біздің банктердің бәсекеге қабілеттілігін нығайту - қажет іс. Бірақ банк саласындағы соңғы іс-шаралардың ондай ықпалы болары неғайбыл, - дейді сарапшы.

Дүниежүзілік экономикалық форумның соңғы есебінде «қаржы нарығының даму» факторы бойынша Қазақстан 148 елдің ішінде 103-орынды иеленген. Ал «банк тұрақтылығы» көрсеткіші бойынша Қазақстан мемлекеттердің алғашқы жүздігінің соңында. Бірақ «жұмыс істемейтін» проблемалық несиелер бойынша Қазақстан әлемде алғашқы орындардың бірінде тұр.
XS
SM
MD
LG