Accessibility links

«Барахолкада» тағы өрт шықты


Қыркүйектің 4-і күні «Барахолканың» «Алатау-2» базарында өрт шықты. Бұл – қалада солтүстік айналма жол салу үшін сүрілуге тиіс базар аумағында соңғы екі жылда болған үшінші өрт.

Алматыдағы ел аузында «Барахолка» аталып кеткен ірі сауда аймағының «Алатау-2» базарында қыркүйектің 4-і күні өрт шыққаны белгілі болды. Бұл аумақ соңғы екі жылда үшінші мәрте өртенді. Прокуратура өкілі Нариман Бекназаровтың Азаттыққа айтуынша, қыркүйектің 4-і күнгі өрт 200 шаршы метрге жуық аумақты шарпып, бір контейнер мен 1 дүкен жанып кеткен. Осы базарда 2013 жылдың қараша, желтоқсан айларында екі мәрте өрт шыққан болатын.

«Алатау-2» базарындағы өрт шалған қатарда сауда жасайтын Қайрат есімді сатушы «қазір көлеңкеден қорқатын болдық» дейді.

«Біздің қатар сүрілуге жатпайтын аумақ. Өйткені алдыңғы жақтағы екі қатарды былтыр алып тастаған болатын. Бірақ таңертең «базар өртеніп жатыр» деген соң келсем, менің контейнерім аман екен. Менен кейін екі-үш контейнерден кейін тұратын сатушының контейнері түгел жанып кетіпті. Әйтеуір былтырғыдай күллі базарды өрт алмай тұрғанда өшіріп алыпты. Қазір заттарымыздың аман қалғанына қуанып отырмыз» деді Қайрат Азаттыққа.

Алматы қаласы Жетісу ауданына қарасты кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің Гауһар есімді қызметкерінің Азаттыққа айтуынша, «Алатау-2» базарының тегістелуге тиісті жерлері толық сүріліп болған».

«Ол жердегі базарлардың алдыңғы қатарлары сот шешімімен алынып тасталынды. Ал артқы қатарлар жеке адамдардың меншігі ретінде қайта сатылуға қалдырылды. Кейбір қайта сатылуға жатпайтын аумақтарға жеке меншік иелері сауда орталықтарын салуға тиіс. Қазір олардың құжаттары дайын. Ал өрттің неден болғанын білмейміз. Қазір ол жаққа ешкімді кіргізбейді» деді Жетісу ауданы әкімдігінің өкілі.

Қала билігі 2012 жылы «Барахолканың» «Солтүстік айналма жолды кеңейтуге бөгет болып тұрған 34 базары тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік ыңғайлылығы үшін жабылуы мүмкін» екенін ескерткен еді. Содан бері әкімшілік пен базарда сауда қылатын кәсіпкерлер көшіруге қатысты мәмілеге келе алмаған.

Содан бері «Барахолка» базарында бірнеше мәрте өрт шығу оқиғасы болды. Алғашқы өрт кезінде 2013 жылы қыркүйектің 13-і күні «Барахолканың» «Олжа», «Аян», «Еуразия», «Керемет» деп аталатын бөліктері тұтастай отқа оранған болатын. Ал сол жылы қарашаның 17-сі күні базардың келесі басында оранған «Құлагер», «Арал» деп аталатын бөліктері өртенді. Бұдан кейін он күн өткен соң, яғни қарашаның 26-сы күнгі болған өртте «Алатау-2» базарындағы бірнеше контейнер жанған. Ал желтоқсанның 12-сі күні «Алатау-2» базарына тағы да өрт тиіп, кейін базардың шеткі қатарлары күреле бастаған.

Бұл өрт шығу оқиғаларының тек алғашқысы – 2013 жылғы қыркүйектің 13-і болған өртке қатысты ғана қылмыстық іс қозғалып, «Олжа» базарының екі басшысы «өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін» сотталған еді. Қалған өрт себептері анықталған жоқ. Ал мүліктері бүлінген базар саудагерлері шығындарының әлі өтелмегенін айтады.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG