Accessibility links

Байқоңыр дауы қайта қоздады


Ресейлік "Протон" зымыран тасығышы Байқоңырға орнатылып жатыр. 14 қыркүйек 2009 жыл.

Ресейлік "Протон" зымыран тасығышы Байқоңырға орнатылып жатыр. 14 қыркүйек 2009 жыл.

"Ресей сыртқы істер министрлігі Байқоңырдан зымыран ұшыру мәселесіне қатысты Қазақстанға ультиматум қойған нота жолдады" деп жазады ресейлік БАҚ. Ал Астананың өкілі келіссөз нәтижесін күтуге шақырды.

«Известия» газетінің жазуынша, Ресей Байқоңырдағы жағдайда қатысты наразылық нотасын жіберген.

"Нота мәтінінде Қазақстан Байқоңыр айлағынан ұшырылатын зымыран тасығыштарды шектеу туралы шешімін қайта қарастырмаған жағдайда Ресейдің қандай шаралар қолданатыны туралы жазылған" дейді басылым.

«РЕСЕЙДІҢ ШЫҒЫНЫ»

Ресей жағы "Днепр", "Бәйтерек" сияқты бірлескен жобаларды қайта қарастыруға мәжбүр болатынын ескерткен.

"Известия" газетінің жазуынша, өткен жылдың аяғында қазақ үкіметі 2013 жылға арналған Байқоңырдың зымыран ұшыру жоспарын қабылдап, ұшырылатын Ресейдің "Протон" зымыран тасығышын 14-тен 12-ге дейін қысқартқан.

Қазақстан үкіметінің сол жоспарында "Союз" сияқты құлайтын бөлшектеріне арнайы жер бөлу керек болатын зымыран тасығыштар тек халықаралық арнайы келісім-шарт күшіне енгеннен кейін ғана ұшырылатын болады" деп жазылған.

Басылымның дерегіне қарағанда, "Роскосмос" қазақ үкіметінің бұл жоспарымен келіспей, "ұшырылатын зымырантасығыштар санының қысқаруы Ресейді 500 миллион доллар шығынға батырады" деп бағалаған.

Ресей үкіметіндегі ақпарат көзіне сүйенген "Известия" газетінің өкілі Азаттық тілшісіне нотаның биыл, қаңтардың 17-сі күні жазылғанын айтты. Ол нотаны "қызметтік сипаттағы құжат" деп атады.

КЕЛІССӨЗ НӘТИЖЕСІН КҮТУ

Азаттық тілшісі бұл мәселеге орай Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровқа хабарласты.

- Не себепті бұл нота жетегінде кетіп қалғандарыңызды түсінбеймін. Қазір Ресей мен Қазақстан министрлері арасында келіссөздер жүріп жатыр, соның нәтижесін көріңіз, - деді ол қаңтардың 24-і күні Азаттық тілшісіне.

Осы министрліктің халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Жанболат Үсеновтің айтуынша, Ресейдің 18 қаңтарда нота жолдағаны рас.

- Бұл нотаны Қазақстан сыртқы істер министрінің Ресейге сапарына байланыстырудың қисыны жоқ. Байқоңыр ғарыш айлағына байланысты мәселелердің бәрін талқылаған кәдімгі жұмыс процесі жүріп жатыр, - деді ол "Интерфакс Казахстан" агенттігінің хабарлауынша.

"Ежелден бергі әріптес әрі одақтас Ресей мен Қазақстанның" ұлттық мүдделерін ескере отырып келіссөз жүргізіп жатқанын айтқан Жанболат Үсенов ақпарат құралдарын "дүрліктірмеуге" шақырды.

Ресей сыртқы істер министрлігі қаңтардың 24-і мен 25-і күндері аралығында Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Мәскеуге ресми сапары басталады деп хабарлайды.
Солдан оңға қарай: Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен ЕО сыртық істер және қауіпсіздік саясаты бойынша өкілі Кэтрин Эштон. Бішкек, 27 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет).

Солдан оңға қарай: Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен ЕО сыртық істер және қауіпсіздік саясаты бойынша өкілі Кэтрин Эштон. Бішкек, 27 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет).


Бұған дейін Қазақстан президенті жанындағы орталық коммуникация қызметінің ресми өкілі Алтай Абибуллаев "сапар барысында Байқоңыр мәселесі талқылануы мүмкін" екенін айтқан.

ДАУДЫҢ СЕБЕБІ

Байқоңырға қатысты Ресей мен Қазақстан арасындағы келіспеушілік өткен жылы айтыла бастаған.

2012 жылы қазан айында "Роскосмосқа" сілтеме жасаған "Известия" басылымы "Мәскеу мен Астана Байқоңырдың қасынан тағы бір ғарыш алаңын салу туралы келісімге келе алмады. Осылайша екі елдің арасындағы келіссөз тұйыққа тірелді" деп жазған.

Былтыр желтоқсан айының басында "Қазғарыш" ұлттық агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев "Ресеймен Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алу шартын біртіндеп тоқтату туралы келіссөздер жүріп жатыр" деп мәлімдеген.
"Қазғарыш" ұлттық агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев. Mәскеу, 11 сәуір 2011.

"Қазғарыш" ұлттық агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев. Mәскеу, 11 сәуір 2011.


Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан "Ангара" зымыран тасығышына есептелген "Бәйтерек" зымыран кешені жобасынан бас тартқан.

"Қазір біз зымыран ұшыру жұмыстарына араласу үшін "Зенит" зымыран тасығышын ұшыру жобасына қатысуды талқылап жатырмыз" деген еді Мұсабаев.

Іле-шала Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов "Қазғарыш" ұлттық агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаевтың Байқоңырға байланысты сөзін ақпарат құралдарының көбі бұрмалап берді" деп мәлімдеме жасады.

"Қазақстан Ресеймен арадағы ғарышқа байланысты әріптестігін доғарады деген сөздер айтылды. Бұл мүлдем жалған" деген еді министр Ыдырысов.

Бұл жайтқа байланысты Ресей тарабы түсініктеме талап еткеннен кейін Қазақстан "Ресей сияқты ірі ғарыш державасымен ынтымақтастықты жалғастырмау қателік болар еді" деп мәлімдеген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG