Accessibility links

Татардың "дәстүршіл" діни тұлғасы қаза тапты


Татарстан мүфтиінің бұрынғы орынбасары, қастандықтан қаза тапқан Валиулла Якуповтың жаназасы. Қазан, 20 шілде 2012 жыл.

Татарстан мүфтиінің бұрынғы орынбасары, қастандықтан қаза тапқан Валиулла Якуповтың жаназасы. Қазан, 20 шілде 2012 жыл.

Татарстанның діни жетекшілері қастандық жасалардан бір апта бұрын кездескен шығыстанушылар тобының ішінде қазақстандықтар да болған. Ал қастандықтан кейін сарапшылар діни қақтығыстың күшейгенін айтты.

Шілденің 20-сында Ресей тергеу комитетінің өкілі Владимир Маркин Татарстанның бас мүфтиі мен оның орынбасарына қастандық жасады деген күдікпен төрт адам ұсталды деген хабар таратты.

Кеше Қазанда жасалған қастандықтан мүфти Илдус Файзов жараланып, оның орынбасары Валиулла Якупов қаза тапқан еді.

Татарстанның діни тұлғаларына қастандық жасалардан сәл бұрын Қазанда исламтану бойынша бұрынғы совет елдеріне арналған халықаралық бағдарламаның (Исламтанушы жас мамандардың біліктілігін арттыру бағдарламасы - ред.) жазғы сессиясы өткен болатын. Сессияға қатысқан жас ғалымдар Татарстан бас мүфтиі Илдус Файзовпен арнайы кездесті.

Оның орынбасары, шілденің 19-ы күні белгісіз біреулер атып өлтіріп кеткен Валиулла Якупов та сол жиында сөз сөйлеген еді. Бұл туралы Азаттыққа шығыстанушы Ғалия Қамбарбекова айтып берді.

ЯКУПОВПЕН КЕЗДЕСУ

Ғалия Қамбарбекованың айтуынша, шілденің 10-ы, сейсенбі күнгі дөңгелек үстел «Діни мектептер кімді дайындауы керек?» деген тақырыппен өткен. Сол жиында Валиулла Якупов діни мектептерге ортақ бағдарлама енгізу жайлы сөйлеген.
Татарстан мүфтиятының оқу ісі бөлімінің меңгерушісі Валиулла Якупов қаза боларынан тоғыз күн бұрын жас ғалымдармен кездесуде сөйлеп тұр. Қазан, 10 шілде 2012 жыл.

Татарстан мүфтиятының оқу ісі бөлімінің меңгерушісі Валиулла Якупов қаза боларынан тоғыз күн бұрын жас ғалымдармен кездесуде сөйлеп тұр. Қазан, 10 шілде 2012 жыл.


- Өзі де бірнеше діни оқулықтардың авторы, брошюралар шығарған Якупов балалардың діни сауатын ашу жайлы айтты, - дейді Ғалия Қамбарбекова.

Осыдан тоғыз күннен кейін Валиулла Якупов беймәлім адамның бірнеше рет атқан оғынан қансырап, көлігіне жете бере қаза тапқан.

Валиулла Якупов 1993-1996 жылдары қазандағы "Мухаммадия" медресесінің ректоры болған. 1998 жылы Татарстан мүфтиінің бірінші орынбасары болып сайланған. Кейін Татарстан мүфтиінің орынбасары қызметін атқарды.

Діни және тарихи еңбектер жазған Якупов Ресейдегі ваххабизмге қарсы күресушілердің бірі ретінде танылған.

– Ол дөңгелек үстелге арнайы қонақ ретінде шақырылған екен. Халықтың арасындағы беделіне байланысты болуы керек, бірінші сөзді сол кісіге берді. Ол баланың діни сауатын ашудың маңызы туралы айтты. Сұрастырғанда оның бұрын тарихшы ұстаз болғаны айтылды. Қазіргі қызметі – мүфтияттың оқу ісі бойынша бөлім меңгерушісі екен. Алайда бұрынғы қызметіне байланысты көпшілік оны әлі мүфтидің орынбасары ретінде таниды, - деді шығыстанушы Ғалия Қамбарбекова.

БАС МҮФТИМЕН КЕЗДЕСУ

Исламтану бойынша бас қосқан ғалымдар бас мүфти Илдус Файзовпен шілденің 12-сі, бейсенбі күні кездесіпті.
Татарстанның бас мүфтиі Илдус Файзов (сол жақта) және исламтанушы Александр Кныш ғалымдармен кездесуде. Қазан, 12 шілде 2012 жыл.

Татарстанның бас мүфтиі Илдус Файзов (сол жақта) және исламтанушы Александр Кныш ғалымдармен кездесуде. Қазан, 12 шілде 2012 жыл.


– Кездесудің алдында бізді бас мүфти емес, Валиулла Якупов қабылдайды деген еді. Алайда бас мүфти кездесуге уақыт тауып келді. «Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен кездесуден енді келіп отырмын» деген ол өзінің былтыр бас мүфти болып тағайындалғанын айтты. Ол дәстүрлі дін туралы баса айтты. Мүфти Татарстанда соңғы кездері дінге «қосымша элементтер қосуға тырысу» әрекеті көбейіп кеткеніне қынжылыс білдірді, - дейді Ғалия Қамбарбекова.

Илдус Файзов кездесуде «Біз осыған қарсымыз, қарсылығымызды ашық айтамыз, күресеміз» деген.

– Ғалымдар «Қалай күресесіздер?» дегенде ол «Кез келген жастағы мұсылманмен жұмыс істейміз. Ханафи мәзхабын нақтылай түсіндіреміз» деп жауап берді, - деді Ғалия Қамбарбекова.

Ғалымдар бас мүфтиден Татарстанда қазіргі мұсылман әлеміне белгілі ғұламалардың еңбектеріне неге тыйым салынғанын сұраған.

Бас мүфтидің айтуынша, «террорист» деген күдікпен ұсталғандардан табылған кейбір кітаптарға Мәскеу тыйым салған. Илдус Файзов мүфтият сараптамасынан кейін, уәждер дәлелді болса, Мәскеу салған тыйымдардың алынып тасталуы мүмкін екенін де айтқан.
Татарстан бас мүфтиі Илдус Файзов жарылыстардан соң ауруханаға түсті. Қазан, 19 шілде 2012 жыл.

Татарстан бас мүфтиі Илдус Файзов жарылыстардан соң ауруханаға түсті. Қазан, 19 шілде 2012 жыл.


Шілденің 19-ы күні Мүфти Илдус Файзов Қазанда жеке автомобилімен келе жатқанда, көлігі үш рет жарылып, жанып кеткен. Жеңіл жарақат алған мүфти ауруханаға жеткізілген. Бұл жарылыстан бір сағат бұрын, Файзовтың бұрынғы орынбасары, елдегі ықпалды тұлғаның бірі Валиулла Якуповты үйінің жанында атып өлтірді.



«ШАБУЫЛҒА ВАХХАБИЗМГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС СЕБЕП БОЛДЫ»

Татарстан мұсылмандарының ықпалды жетекшісінің жан түршігерлік қазасы мен республика мүфтиіне жасалған қастандық билік өкілдері мен жұртты дүр сілкіндірді.

Оразаға бір күн қалғанда болған қастандықтың ваххабизмге қарсы күресіп келе жатқан ресми мүфтият жетекшілеріне жасалуы да Ресейдің бейбіт өлкесінде тұрақсыздық қаупі барын көрсетті.

Бірақ Ресейдің кейбір аймақтарында діни жетекшілерге тал түсте қастандық жасау - сирек оқиға емес. Мысалы, соңғы төрт айда Дағыстанның Солтүстік Кавказ аймағында екі имам мен бір танымал дін ғұламасын атып өлтірді.
Татарстанның бас мүфтиі Илдус Файзовтың жарылып кеткен көлігін полиция тексеріп жатыр. Қазан, 19 шілде 2012 жыл.

Татарстанның бас мүфтиі Илдус Файзовтың жарылып кеткен көлігін полиция тексеріп жатыр. Қазан, 19 шілде 2012 жыл.


Татарстан жұрты ондай оқиғаларды бұған дейін көрмеген еді. Елде діни төзімділік пен түрлі мәдениеттер бейбіт жағдайда өмір сүріп жатқан.

Шілденің 19-ы күні таңертең республикадағы мұсылмандардың екі жетекшісіне жасалған қос бірдей шабуыл жағдайды бірден өзгертіп жіберді.

Діни жетекшілердің Кремль тарапынан тағайындалуы және олардың ваххабизмге қарсы бітіспес позиция ұстануы радикал-исламшылардың шабуылына себеп болды деген болжамдар бар. Радикал исламшылар Ресейде кең тараған екінші дінді (ислам – ред.) қыспақта ұстап отырған Мәскеудің құрсауын осындай жолдармен бұзғысы келеді.

«РЕСЕЙ САРАПШЫЛАРЫНЫҢ БОЛЖАМЫ»

Қазан қаласындағы pro-Moscow think-tank орталығының басшысы, этникалық және діни істер жөніндегі сарапшы Райс Сулейманов:

- Бұл шабуылдар Ресейдің тұрақсыз оңтүстік өлкесіндегі ислам экстремистерінің әрекеті енді солтүстік аймақтарға таралуы мүмкін дегенді білдереді. Мұның соңы үлкен қасіреттерге ұласуы мүмкін. Біз қазір Татарстанда Дағыстан сценариінің Еділ аймағына да таралып жатқанын көріп отырмыз. Дағыстанда «таза исламды» аңсағандарға қарсы шыққан дәстүрлі имамдарды ваххабиттер күшпен ығыстырып, олардың көбін 10 жыл бұрын өлтіріп тастады. Зайырлы биліктің әлсіздігіне қарамастан, Татарстанның саясаты оның имиджін жақсы етіп көрсетуге бағытталған. Келешекте радикалдар кепілдікке адамдар алып немесе тағы басқа әрекеттерге баруы, тіпті мұнда Беслан оқиғасы да қайталануы мүмкін, - деген болжам айтты.
Қазан қаласының ортасында тал түсте өртеніп жатқан мүфтидің көлігіне жұрт қарап тұр. Қазан, 19 шілде 2012 жыл.

Қазан қаласының ортасында тал түсте өртеніп жатқан мүфтидің көлігіне жұрт қарап тұр. Қазан, 19 шілде 2012 жыл.


Мұндай болжамдар Солтүстік Кавказдағы діни қатерге он жылдан бері оған тосқауыл қоя алмай отырған үкімет адамдарының мазасын қашырады.

Ресей анти-террорлық комитеті өзінің мәлімдемесінде
«Қастандық жасауға түрткі болған бірнеше себептер тексеріліп жатыр. Оның бірі Татарстан мүфтиінің кешенді жұмыс жоспары болуы мүмкін. Мүфтият «Республика территориясында радикалды идеялардың таралуына жол бермеу жайлы» мәселені көтерген» деген мәлімдеме таратты.

«ӘУЕЛІ ӨЗІМІЗДІ САҚТАП ҚАЛУ ҮШІН КҮРЕСЕЙІК»

Мүфтияттің діни оқу-ағарту бөлімінің басшысы қызметіне ауысқанға дейін 20 жыл мүфтидің орынбасары қызметін атқарған Якупов - Татарстан мұсылмандарының бақылауда болуына қарсы шықпайтын және үкімет адамдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін ықпалды тұлғалардың бірі.

Ол үнемі Татарстаннан ислам елдеріне барып, діни білім алатын студенттердің санын шектеуге тырысқан. Марқұм «Татарстанның өзінде берілетін діни білім - Ресейдің көп ұлтты қоғамында мұсылманды бейбіт өмір сүруге бейім етіп тәрбиелеуге әлдеқайда қабілетті» деген көзқарас ұстанған.
Татарстан мүфтиятының оқу ісі бөлімінің меңгерушісі Валиулла Якуповты соңғы сапарға шығарып салу. Қазан, 20 шілде 2012 жыл.

Татарстан мүфтиятының оқу ісі бөлімінің меңгерушісі Валиулла Якуповты соңғы сапарға шығарып салу. Қазан, 20 шілде 2012 жыл.


Азаттық радиосының Татар-Башқұрт бөлімінің қаржыландыруымен өткен дөңгелек үстелде қастандық жасалардан бір күн бұрын сөз сөйлеген Якупов «интернационализм», «альтруизм» идеяларын «түкке тұрмайтын психология» деп сынап, татарларға «әуелі өзімізді сақтап қалу үшін күресейік» деп үндеу тастаған.

Республиканың бұрынғы президенті Минтимир Шаймиевтің бұрынғы баспасөз хатшысы болған, қазір Қазан қаласында журналист болып жүрген Ирек Муртазидің пікірі бойынша, Якуповке қастандық жасалуының себебі - оның радикалдық діни ағымдарға ашық түрде қарсы шығуы.

- Мен Якуповты Татарстандағы ваххабизмге қарсы күрескер деп білемін. Сондықтан бұл қастандық Татарстанның мешіттерінде ваххабизм идеясының таралуына мүмкіндік бермей отырған мұсылмандар діни басқармасынан өш алып жатқан ваххабиттердің әрекеті болуы мүмкін, - дейді журналист.

«ИМАМДАРДЫ АШЫҚ САЙЛАУ ҰСЫНЫСЫ»

Еңбек жолын актерліктен бастап, қазіргі қызметіне 2011 жылдың қаңтарында ғана тағайындалған Файзовқа қарағанда, төменірек қызметте отырса да Якуповтың Татарстандағы діни процеске ықпалы әлдеқайда күшті болды. Бірақ барлық ислам ошақтарын бір орталықтан бақылағысы келетін Кремльдің ыңғайына 49 жастағы Файзов қолайлы саналатын.

Якупов имамдардың сайлауын ашық өткізіп және аймақтық кеңестер құру арқылы Татарстандағы мұсылман қауымын біріктіру жолында еңбек еткен еді.
Солдан оңға қарай: Ресей мұсылмандары рухани басқармасының жетекшісі Талғат Таджуддин, Ресей мүфтилері кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин, Татарстан бас мүфтиі Гусман Исхаков. Қазан, 16 қыркүйек 2010 жыл.

Солдан оңға қарай: Ресей мұсылмандары рухани басқармасының жетекшісі Талғат Таджуддин, Ресей мүфтилері кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин, Татарстан бас мүфтиі Гусман Исхаков. Қазан, 16 қыркүйек 2010 жыл.


Марқұмның бұл белсенді әрекеті Файзовтың алдында болған мүфти Гусман Искаховтың жұмысына қайшы келді. Гусман Исхаков бақылаусыз кеткен және өзара еркін байланыс орнатқан ислам орталықтарын қатаң бақылауға алуымен көзге түскен адам еді.

Татарстан - мұнайдың пайдасын көріп отырған бай өлке. Мұнда Қазандағы «Құл шариф» мешітінен бастап, бірнеше ғажайып мешіттер салынған. Биыл «алтынмен апталған, асыл тастармен әшекейленген, салмағы 800 килограмм тартатын әлемдегі ең ауыр Құран осы елде ғана бар» деп жарияланды.

Татарлар мұсылман мәдениетінің мұрагерлері деп саналғанымен, көбі аса діндар емес. «Татарстанда ваххабизм қаншалықты терең таралды немесе келешекте таралуы мүмкін бе» деген айтыс-тартыстар да бар.

2010 жылдың қарашасында «жергілікті билік өкілдеріне шабуыл жасады» деген айып бойынша іздеуде жүрген "ваххабист" деп сипатталған үш адамды полиция атып өлтірді.

Бірақ Татарстанда мұндай оқиғалар БАҚ-тан аз айтылатын және "ваххабизм қаупі" Солтүстік Кавказдағыдай жастарды жаппай қамауға себеп болған емес.

Сондықтан да бейсенбі күнгі екі шабуыл жергілікті және федералды билік өкілдері үшін күтпеген өте жайсыз оқиға болды.

Әсіресе, қастандықтың Ресей екі ірі халықаралық спорт жарыстарын өткізуге дайындалып, қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатқанда кезде жасалғаны тіпті тиімсіз болды. Қазан қаласында 2013 жылы универсиада ойындары өтеді. 2014 жылы Сочи қаласында қысқы олимпиада өткізу жоспарланған.

«МӘСКЕУ БҰЛ ОҚИҒАНЫ ПАЙДАЛАНЫП, ҚЫСЫМЫН КҮШЕЙТЕДІ»

Ресей президенті Владимир Путин құқық қорғаушылармен кездесуде отыр. Ресей, 10 шілде 2012 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин құқық қорғаушылармен кездесуде отыр. Ресей, 10 шілде 2012 жыл.

Елді дүр сілкіндірген шабуылдарға қатысты кейбір бақылаушылар «Мәскеу бұл оқиғаны пайдаланып, Кремльдің қатаң бақылауынан алыстау, салыстырмалы түрде еркін отырған бұл аймаққа қысымын күшейтеді» деген болжамдар да айта бастады.

Ресей президенті Владимир Путин бейсенбі күні осы оқиғаға өзі араласуға дайын екенін айтты. Ол Татарстандағы үкіметке сес ретінде жасалған терактының алдын алу үшін ешқандай да қауіпсіздік шаралары жасалмағанын ескертті.

Мәскеудегі саяси сараптама орталығының маманы Павел Салиннің пікірінше, Қазандағы қастандықтың Кремльдің «басын қатыратыны» күмәнсіз. Бірақ Салиннің айтуынша, «Кремльдің Татарстанды қатты қысымға алуы неғайбіл».

- Жауапкершілік қазір орталықтан облыстарға беріліп жатыр. Билік 2000 жылдардағыдай бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алмайды. Одан бөлек, егер Татарстанды бөлек алып қарайтын болсақ, бұл республика соңғы он жылда Башқұртстан сияқты Кремльге проблема туғызған емес, - деді сарапшы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG