Accessibility links

«Бек Эйр» дауына енді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы араласты


Жолаушылар ұшағы жанында сөйлесіп тұрған әуежай қызметкерлері. (Көрнекі сурет)
Жолаушылар ұшағы жанында сөйлесіп тұрған әуежай қызметкерлері. (Көрнекі сурет)

«Бек Эйр» авиакомпаниясы мен азаматтық авиация комитетінің дауына енді кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық палатасы араласты. Әлеуметтік желіде қарапайым азаматтар да үн қосқан дау әзірге шешілмей тұр.

Дау азаматтық авиация комитетінің «Бек Эйр» авиакомпаниясынан IOSA сертификатын (Operational Safety Audit IATA - авиатасымалдаушылардың халықаралық ассоцияциясының қауіпсіздік жөніндегі аудиті сертификаты – ред.) алуды талап етуінен басталған. Комитет қаңтардың 1-інен бастап барлық компанияның сертификаты болуы тиіс деп мәлімдеген.

Қаңтардың 3-і күні «Бек Эйр» үндеу жариялап, IOSA сертификатын алуға 1 миллион 500 мың доллардай қаржы кететінін, ол билет құнына әсер ететінін айтып, өздерін кейінгі жылдары билет құнын арзандатып, жолаушы санын күрт көбейткен компания деп сипаттады.

Әлеуметтік желіде үндеуге азаматтар да пікір білдірген еді. Мәселен Сауле Алдамураткызы атты Facebook қолданушы «Қытайда қарапайым халыққа таңғалғанмын. Билет арзан - кедейлер де ұшақпен жүре береді. Ал бізде қалтасы көтеретіндер ғана мінетін. Қызылордаға билет 60 мың теңгедей еді. "Бек Эйр" шыққалы 2 күн жүріп, құр сүлдерің баратын жерге 10 мың теңгеге 1 жарым сағатта жетесің. Халыққа жұмыс істеп жатқан компанияға шүйліккенді түсінбедім... «Бек Эйрді» қолдаймын» деп жазды.

«БЕК ЭЙРДІҢ» ШАҒЫМЫ

«Бек Эйр» қаңтардың 3-інде жариялаған үндеуінде азаматтық авиация комитетінің 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап әуе компанияларының IOSA сертификаты болсын деген талабын негізсіз санайтынын білдірген.

Үндеуге қарағанда, «IOSA сертификатын алу келешекте «Бек Эйр» билеттерінің бағасына міндетті түрде әсер етеді». «Бек Эйрдің» жазуынша,«бұл сертификатты әуе компаниялары ұшақтарының қауіпсіздігін күшейту үшін талап етіп отырмыз» дейтін азаматтық авиация комитетінің мақсаты түсініксіз, өйткені «Бек Эйр» компаниясы ұшақтарының ұшу қауіпсіздігі компания іске кіріскелі, яғни 2011 жылдан бері 100 пайыздан төмендемеген, керісінше IOSA сертификатын алған компаниялардың қауіпсіздік деңгейі төмендеу».

Өзін «билетін мейлінше арзандатып, жолаушылар санын күрт көбейткен» компания деп сипаттайтын «Бек Эйр» бұл қарқыны «әуе тасымалы нарығындағы басқа компанияларды шошытты» деп санайды әрі «IOSA сертификаты IATA мүшелеріне ғана міндетті, ал «Бек Эйр» IATA-ның толық мүшесі емес» деп біледі.

КОМИТЕТ УӘЖІ МЕН СЕРТИФИКАТ ҚҰНЫНЫҢ ДАУЫ

IOSA сертификатын талап етіп отырған азаматтық авиация комитеті бұл дауға байланысты әлі түсініктеме берген жоқ. Комитет өкілдері Азаттық тілшісіне де жауап беруден бас тартты. ​

IATA

IATA

IATA ​- авиатасымалдаушылардың халықаралық ассоцияциясы. Әлемдегі әуе тасымалының 83 пайызын іске асыратын авиакомпаниялардың коммерциялық (үкіметтік емес) бірлестігі. Осы саладағы халықаралық саясатты үйлестіреді, әуе тасымалы саласындағы жаһандық стандарттарды әзірлейді. Әуежайлар, жолаушылар, жүк тасымалы қауіпсіздігі жөніндегі ережелерді дамытады. Қытай, Азия елдері, Африка, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінің әуе компанияларына қызмет көрсетеді.

Бірақ осы комитет бағынатын инвестиция және даму министрлігі баспасөз қызметі желтоқсанның 31-і күні «2016 жылы қаңтардың 1-інен бастап IOSA сертификаты болуы тиіс» деген талапты «Эйр Астана», SCAT және QazaqAir компаниялары қолдағанын, ал «Бек Эйр», «Жезқазған эйр» және «Жетісу» компанияларының оны алуға құлықсыз екенін мәлімдеген еді. Мәлімдемеде «ұшу қауіпсіздігін жоғарылату мақсатында енгізілген сертификатты алмаған компаниялардың жұмысын өзге компаниялар жалғастыратыны» айтылды.

Комитет ақпаратына қарағанда «Эйр Астана» және SCAT компаниясында IOSA сертификаты бар, ал жұмысын жаңадан бастаған QazaqAir заң бойынша екі жыл жеңілдік алған. Желтоқсан айында SCAT пен «Эйр Астана» авикомпаниялары Қазақстандағы жергілікті БАҚ арқылы IOSA сертификатының құны бір жарым миллион доллардан асады деген есеппен келіспейтіндерін білдірді. Олардың деректеріне қарағанда, «кез-келген әуе компаниясы сай келе бермейтін бұл сертификатты алу процесі 60 мың доллар шамасында» болуы мүмкін.

«АТАМЕКЕН» - АРА АҒАЙЫН

Дау әлі шешілмегендіктен «Атамекен» ұлттық палатасы дауласушы тараптарды мәселені бір стол басында қаңтардың 12-сі күні талқылауға шақырды. Палатаның логистика және тасымал хатшысы Қанат Мұқышевтің айтуынша, кәсіпкерлер палатасы «IOSA сертификатын алу талабын заңға сәйкестендіру қажеттігі туралы 2014 жылдан бері айтып келеді».

- IOSA стандарттарын енгізуді ұсынушы IATA ассоциациясы - қоғамдық ұйым. Қоғамдық ұйым ұсынысының орындалуы кез-келген ел секілді Қазақстан аумағында да міндетті емес. Ал біздің органдар оны міндетті деп санап отыр. Бірақ ол үшін Қазақстан аумағында IOSA сертификатын міндеттейтін арнайы құжат қабылдануы керек, - дейді Қанат Мұқышев.

Астана әуежайында тұрған жолаушылар ұшақ. (Көрнекі сурет)
Астана әуежайында тұрған жолаушылар ұшақ. (Көрнекі сурет)

«Атамекен» ұлттық палатасының сайтында жарияланған материалға қарағанда, IOSA сертификаты жөніндегі талап «Қазақстанның ішкі рейстеріндегі бәсекелестікті айтарлықтай тежейді».

Бірақ палатаның мұндай тұжырымын азаматтық авиация комитеті қаперге алмаған. Ал Қазақстан бас көлік прокуратурасы 2015 жылы желтоқсанда «авиация комитетінің талабы Қазақстан заңдарына қайшы келмейді» деген мәлімдеме жариялаған.

Бүгін Қазақстандағы жергілікті БАҚ «Атамекен» палатасы дерегіне сүйене отырып, «Бек Эйр» әуе компаниясы азаматтық авиация комитетін сотқа берді» деген ақпарат жариялады. Алайда әуе компаниясы өкілдерінен бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтау мүмкін болмады, олар тілшімен сөйлесуден бас тарттты.

«IATA ТАЛАПТАРЫНАН АУЫТҚУҒА БОЛМАЙДЫ»

Алматыдағы азаматтық авиация академиясының ұшқыштар кафедрасының меңгерушісі Шамил Беришев те «Бек Эйрдің» арзан билетін жиі пайдаланатынын айтады.

BEK AIR әуе компаниясы

1989 жылы құрылған BEK AIR әуе компаниясы 2011 жылдан бастап Қазақстанның ішінде жолаушылар тасымалдай бастаған.

Компания дерегінше, ұшақтары Астана мен Алматыдан Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Жезқазған қалаларына, Орал қаласынан Мәскеу мен Санкт-Петербургке (Ресей) ұшады. BEK AIR Түркия, Моңғолия, БАЭ-ға және ТМД елдеріне чартерлік рейстер де шығарады.

Өзін мемлекеттен субсидия алмайтын лоукостер ретінде таныстыратын бұл компанияның меншігінде Fokker-100 маркалы 7 ұшақ бар.

Ақпарат құралдарында жарияланған деректерде компанияның директорлар кеңесінің қазіргі төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов осы компанияның құрылтайшысы ретінде аталады.

Оның сөзінше, «азаматтық авиация комитеті бұл талапты авикомпанияларды еуропалық стандарттарға сәйкестендіру үшін жасауы мүмкін».

- IOSA сертификатын беретін IATA – азаматтық авиация саласында нақты стандарттар белгілейтін еуропалық орган. Ал ол Қазақстанда ғана ұшатын компанияларға керек пе, жоқ па – оны комитет өзі шешеді. Бірақ олардың талаптарынан ауытқуға болмайды, - дейді Шамил Беришев.

Ол IOSA сертификаты бір жарым миллион доллар тұрады деген есепке күмәнмен қарайды. Ғалымның ойынша, «сертификат алуға жұмсалатын қаржы билет құнына әсері етпеуі тиіс».

Азаттық тілшісі «Бек Эйр» компаниясының кассаларына қаңтардың 6-сы күні хабарласқанда рейстердің тоқтатылмағаны, компанияның жұмыс істеп жатқаны белгілі болды.

XS
SM
MD
LG