Accessibility links

Сапарбаев Березовка тұрғындарын Украинадан сабақ алуға шақырды


Дәрігерлер уланған баланы ауруханаға алып барады. Березовка ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Дәрігерлер уланған баланы ауруханаға алып барады. Березовка ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылы тұрғындарын ауылды көшіру мәселесін «айғай-шусыз» шешуге шақырды. Балалардың жаппай талып қалу себептерін кейінірек анықтауға уәде берді.

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев - Батыс Қазақстан облысында күтпеген жерден дағдарыс ошағына айналған Березовка ауылына барған республикалық деңгейдегі алғашқы ресми тұлға. Мұнда қарашаның 28-і және кейінгі күндері балалардың жаппай улану оқиғасы болған.

Тұрғындар мұны экологиялық проблемалармен байланыстырады. 12 желтоқсан күні жергілікті клубта өткен жиналыста Сапарбаев Березовка тұрғындарын көшір-көшірмеу мәселесі 2015 жылдың 20 қаңтарына дейін жарияланауы тиіс тексеру қорытындысына қарай анықталатынын мәлімдеді.

Бердібек Сапарбаев «проблеманы аттандап көшеге шықпай, шеру-жиынсыз, айғай-шусыз шешу керек» деп мәлімдеді. Ол Березовкадағы жағдайды Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қадағалап отырғанын әрі билік тиісті шараларды қолданып жатқанын айтты. Бердібек Сапарбаев ауылдық клубта:

- Тағы қайталап айтамын: ешкім ешқашан проблеманы айғаймен шеше алмайды. Украинада не болып жатқанын, ондағы айғай-шудың неге ұласқанын көріп отырсыздар ғой. Сондықтан бәрін заңға сәйкес, байыппен шешуіміз керек, - деді.

Жапа шеккен жасөспірімдердің бірінің анасы Әсел Зейнешованың сөзі эмоцияға толы болды. Оның айтуынша, аудандық дәрігерлер баласының диагнозын айтпай қойғандықтан, ол 12 жастағы ұлын облыс ауруханаларының бірінде тексерткен. Дәрігерлер баласының күкіртті сутегімен уланғанын анықтаған.

- Мұның бәрі улы заттардың, күкіртті сутегінің кесірі. Ауруханаға кіргенде қайдан келгенімді, балама не болғанын айтпадым. Дәрігерлер қайран қалды. Олар балам улы заттан уланған деген ұйғарым шығарды, - деп мәлімдеген Әсел Зейнешова клуб мінберінен жұртқа рентген суреттері мен әлдебір құжаттарды көрсетті.

Желтоқсанның 11-іне дейін Березовка ауылында жергілікті дәрігерлердің көмегіне 91 адам жүгінген. Қазір Орал қаласындағы облыстық ауруханада сегіз бала жатыр.

Балалардың жаппай улану себебін жергілікті тұрғындар ауыл іргесіндегі Қарашығанақ кенішінен күкіртті сутегі жайылуымен байланыстырады. Жуырда облыстық прокуратура Қарашығанақ мұнай-газ кенішінен шынымен күкіртті сутегі төгілгенін хабарлаған. Ал мұнай-газ конденсатын өндіретін «Қарашығанақ Петролеум оперейтинг» компаниясы мұны терістеп, «кеніш айналасындағы аумақтың ауасында зиянды зат нормадан асқан жоқ» деп мәлімдеді.

Азаттық тілшісінің оқиға орнынан түсірген видеосюжеті (орыс тілінде):

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG