Accessibility links

Енді Березовкада да балалар «ұйықтап қалды»


Березовка оқушысына алғашқы медициналық жәрдем беруге келген дәрігерлер. 21 қаңтар 2015 жыл.

Березовка оқушысына алғашқы медициналық жәрдем беруге келген дәрігерлер. 21 қаңтар 2015 жыл.

Батыс Қазақстан облысы Березовка ауылында уланған балалардың ата-аналары енді олардан «ұйқы дерті» белгілері байқалғанын хабарлады. Билік көмек сұраған жұртқа қолдан келгеннің бәрін жасағанын айтады.

Былтыр жыл аяғында жергілікті мектептің 20 шақты оқушысы уланған еді. Ата-аналардың айтуынша, кемінде төрт баланың жағдайы оңалмай тұр. Мектеп оқушыларының сабақ үстінде талып қалуы әлі тоқтаған жоқ. Жергілікті билік шешімімен енді Березовка орта мектебінің орта сынып оқушылары сабақты жергілікті мәдениет үйінде оқып жатыр.

Бірақ куәлердің айтуынша, сәуірдің 11-і күні үш оқушы жағдайлары нашарлап, сабақ үстінде «ұйықтап қалған». Олар – 6-сынып оқушылары Темірлан Темірғалиев, Рузанна Назбаева және 5-сыныпта оқитын Яна Щербинина. Үшеуінің ата-анасы енді балаларын шетел клиникаларына емдеуге жіберудің қамымен жүр. Шенеуніктердің айтуынша, Березовка ауылының жапа шеккен балаларына мемлекет тарапынан тиісті медициналық көмек көрсетілген.

«ШЕТЕЛ КӨМЕКТЕСЕ АЛАДЫ»

11 жастағы Темірланның әкесі Тілек Темірғалиев Азаттық тілшісіне телефон арқылы хабарласып, баласының халі әлі нашар екенін айтты. Балалар талып қалған сайын дәрігерлер тексеріп, кейін оларды ата-аналары үйіне алып кетеді. Өткен айда Тілек Темірғалиев баласын көрші Ақтөбе қаласына апарып емдеткеннен кейін денесінің тырысқаны тоқтағанымен, өзге белгілер пайда болған.

- Енді ұлым Калачи кенті тұрғындары сияқты ұйықтап қалатын болды. Көру қабілеті нашарлап кетті. «Кеуде тұсым шаншиды, денем дел-сал болып, әлсіздік басып тұрады» деп шағымданады, - дейді Тілек Темірғалиев.

Ақмола облысында кезінде уран өндірілген, кейін қараусыз қалған кеніштің іргесіндегі Калачи ауылында соңғы жылдары жұрт «ұйқы дерті» атап кеткен белгісіз ауру белгілері байқалған еді. Тұрғындар «басымыз айналады, әлсіздік, галлюцинация, бірнеше күнге созылатын ұйқы басады» деп шағымданады. Дәрігерлер оларға "этиологиясы белгісіз энцефалопатия" деген диагноз қойған, бірақ белгісіз дерттің нақты себептері әлі анықталған жоқ.

Дәрігерлер талып қалған оқушыны жедел жәрдем көлігіне салып жатыр. Батыс Қазақстан облысы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Дәрігерлер талып қалған оқушыны жедел жәрдем көлігіне салып жатыр. Батыс Қазақстан облысы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Березовка тұрғыны Тілек Темірғалиев «жергілікті билік ештеңе істемей отыр» деген шағым айтады. Ертеректе тұрғындар жаппай улану себебін ауыл іргесінен бес километр жерде орналасқан газ конденсатын өндіретін Қарашығанақ кенішінен тараған улы заттармен байланыстырып, Березовкадан көшіруді талап еткен.

Кейбір ата-аналар уланған балаларды шетел клиникаларына емделуге жіберуді сұрап, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне өтініш те жолдаған. Министрліктің медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директоры Гүлнәр Құлқаеваның наурыздың 20-сында жолдаған жауабында «бюджет есебінен Қазақстан азаматтарын шетелге емдеуге жіберетін аурулар тізімінде Березовка ауылындағы балалардан табылған дерттер жоқ» деп жазылған.

Березовканың тағы бір тұрғыны Қазбек Ермекбаев 17 жастағы қызы Динараның да денсаулығы әлі нашар екенін айтады.

- Әкімдік көмектеспесе, жергілікті кәсіпкерлер демеушілік көрсетер деп үміттеніп отырмыз. Қазір бірнеше ата-ана соның қамымен жүгіріп жүр. Жұрттың көбі түрлі мекемелердің есігін қағудан шаршады. Біреулердің балаларының жағдайы жақсарды, ал енді біреулер не істерін білмей отыр, - дейді Қазбек Ермекбаев.

«ҚОЛДАН КЕЛГЕН АМАЛДЫ ЖАСАП ЖАТЫРМЫЗ»

Березовка ауылы қарайтын Бөрілі ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сафималиевтің айтуынша, билік қолынан келген амалды жасап жатыр.

Қазақстан энергетика министрі орынбасары Ұзақбай Қарабалинмен кездесуде "Мұнда тұру қауіпті" деген плакат ұстап тұрған Березовка тұрғыны. Батыс Қазақстан облысы, Березовка ауылы, 20 қаңтар 2015 жыл.

Қазақстан энергетика министрі орынбасары Ұзақбай Қарабалинмен кездесуде "Мұнда тұру қауіпті" деген плакат ұстап тұрған Березовка тұрғыны. Батыс Қазақстан облысы, Березовка ауылы, 20 қаңтар 2015 жыл.

- Қазір 5,6,7-сынып оқушылары сабақты мәдениет үйінде оқиды, таңғы сабақтарды түстен кейінге ауыстырдық. Балаларды Алматы мен Ақтөбе клиникаларына емдеуге жібердік. Шамамыз келген амалдың бәрін жасап жатырмыз, - дейді Азамат Сафималиев Азаттық тілшісіне.

Березовка тұрғындарын көшіру мәселесін шешу үшін шенеуніктер мен «Карачаганак Петролеум Оперейтинг Б.В.» консорциумы өкілдерінен жұмыс тобы құрылған. Әлемдегі ең ірі кеніштердің бірі – Қарашығанақтан газ конденсатын өндіретін бұл компания ауыл іргесінде орналасқан.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Қайрат Әбуов ақпарат құралдары өкілдеріне: «Алда-жалда көшіріп жатсақ, қайда көшкісі келетінін білу үшін тұрғындардың арасында сауалнама жүргізіп жатырмыз. Көшіру мәселесі әлі шешілген жоқ» деп мәлімдеп, Березовка тұрғындары газ кеніші аумағы кеңейтілген жағдайда ғана көшірілуі мүмкін екенін ескерткен.

Билік Березовка ауылындағы адамдардың улану себебін ауаға белгісіз улы заттың тарауымен байланыстырады. Газды рұқсатсыз жаққаны үшін «Карачаганак Петролеум Оперейтинг Б.В.» консорциумын миллиардтаған теңге айыппұл төлеуге міндеттеген.

Видео: «Ұйықтап қалған» балаларды оятуға тырысып жатыр

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG