Accessibility links

Березовка балалары Оралда да талып қалып жатыр


Оралдағы Березовка ауылы оқушылары жатқан көпсалалы аурухана. 10 тамыз 2015 жыл.

Оралдағы Березовка ауылы оқушылары жатқан көпсалалы аурухана. 10 тамыз 2015 жыл.

Березовка ауылынан Орал қаласына балаларын емдетуге әкелген ата-аналар олардың мұнда да талып қалып жатқанын айтады.

Батыс Қазақстан облысы Березовка ауылының кейбір оқушылары Орал қаласындағы көпсалалы ауруханада да талып қалған. Бұл туралы Азаттық тілшісіне олардың ата-аналары хабарлады. Ресми орындар өкілдері "ондай мәлімет түспегенін, шағымданғандар болмағанын" айтады.

Өткен жылдың қараша айынан бастап Березовка ауылында бірнеше рет оқушылардың жаппай талып қалу оқиғасы болды. Ауыл тұрғындарының көбі мұның себебін Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішінен шығатын зиянды қалдықтардан көреді. Өйткені, кеніш ауылдан бес километр қашықтықта ғана орналасқан. Ал Karachaganak Petroleum Operating консорциумы басшылығы "барлық қалдықтар мен газдар экологиялық талаптарды сақтай отырып шығарылатынын" айтады.

Оралда көп салалы ауруханада жатқан Батыс Қазақстан облысының Березовка ауылының бес оқушысы есінен танды. Бұл жайында бүгін Азаттыққа 6-сыныпта оқитын Любовь Воскобойдың анасы Светлана Воскобой телефон арқылы хабарлады.

Оның айтуынша, қызы Березовкадағы 38 оқушымен бірге 2 тамыз күні Оралдағы жеке меншік ауруханалардың бірінің жанындағы балалар лагеріне 10 күн демалуға кеткен. Светлана Воскобой қызының бірнеше күн телефонға жауап бермегенін, кейін Оралдағы туыстары аурухана медбикелерінен Любовь Воскобойдың ауруханада бірнеше рет есінен танып, қол-аяғы құрысқанын білген.

- Оралдағы қайынсіңлім медбикелерге хабарласқан. Олар Любовьтің құлай беретінін, күніне бірнеше рет өзін нашар сезінетінін айтқан. Бүгін тағы есінен танған, - деді Светлана Воскобой.

Ол өзі сұрастырып анықтамайынша дәрігерлердің қызының денсаулығын өзіне хабарламағанынан наразы. Любовь Воскобойдан өзге тағы төрт оқушының талып қалғанын 11 жастағы Рузанна Назбаеваның анасы Оксана Назбаева да растады.

Оксана Назбаева қызының лагерде демалыс басталғалы оқушылар Мейрамгүл Жұмашеваның, Жасқанат Стамғазиев пен Айгерім Деменованың де талып құлағанын айтқанын жеткізді.

- Тәрбиешілер мен ұрсып тастамайынша балалардың жағдайы жақсы деп өтірік айтты, - деді Оксана Назбаева.

Қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Елена Дзюба хатшысы арқылы "журналистермен кездесуге дайын емесін" айтып, жағдайға қатысты Азаттық тілшісімен кездесуден де, комментарий беруден де бас тартты.

Березовка ауылдық округі әкімі Жұбаныш Хайруллин лагерде 38 бала демалып жатқанын растағанымен, оқушылар арасында талу оқиғаларын "естімегенін" айтты.

Батыс Қазақстан облыстық әкімінің баспасөз хатшысы Қайрат Әбуовтың мәліметінше, аурухана жанынағы "Талап" акционерлік қоғамы лагерінде "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" консорциумының әлеуметтік жобасы бойынша Березовка ауылынан 38 оқушы демалып жатыр. Ол "дәрігерлерге жүгінетіндей маңызды себеп болмаған" дейді.

Былтыр қараша айында Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылында бір күнде 20-дан аса бала талып қалған. Ауруханаға басы айналып, денесі тырысқан 31 адам (оқушылар мен мұғалімдер) жеткізілген. Дәрігерлер «газ баллонынан уланған немесе шаршағанның әсері» деген алғашқы болжам жасаған, бірақ жергілікті тұрғындар, ал кейін прокуратура Қарашығанақ кенішінен ауаға күкіртті сутегі тарағанын мәлімдеген. Сәуірдің ортасында уланған балалардың ата-аналары балаларынан "ұйқы дертінің" белгілері де байқала бастағанын айтқан.

Сәуір айының басында Қазақстанға келген БҰҰ-ның улы қалдық заттар жөніндегі арнайы өкілі Башкут Тунчак Ақмола облысындағы Калачи және Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылы тұрғындарын көшіру қажет деген.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG