Accessibility links

Бергей Рысқалиев ісі прокуратураға жіберілді


Бергей Рысқалиев (сол жақ шеттегі көк киімді адам) Атырау облысы әкімі кезінде жаңа көпірдің ашылун салтанатында тұр. Атырау, 22 шілде 2009 жыл.

Бергей Рысқалиев (сол жақ шеттегі көк киімді адам) Атырау облысы әкімі кезінде жаңа көпірдің ашылун салтанатында тұр. Атырау, 22 шілде 2009 жыл.

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен ол құрды делінген қылмыстық топ өкілдеріне қатысты қозғалған қылмыстық іс прокуратураға жіберілді.

Қаржы полициясы таратқан ақпарат бойынша, Бергей Рысқалиевтің қылмыстық тобының 22 мүшесіне қатысты айыптау қорытындысы бар қылмыстық іс прокуратураға жіберілген. Іс одан ары сотқа берілмек. Қазір айып тағылған 11 адам қамауда, 9 адам үйқамақта отыр. Екі айыпты ешқайда кетпеу туралы қолхат тапсырған.

Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқали және олардың тағы 9 серігіне халықаралық іздеу жарияланған. Ағайынды Рысқалиевтар мен олардың тоғыз серігіне қатысты қылмыстық іс материалдары жеке жіберілген.

Тергеу деректері бойынша, "Рысқалиев пен ол ұйымдастырған топ өкілдері жасаған ауыр және аса ауыр коррупциялық, экономикалық қылмыстардан" мемлекетке 71 миллиард теңгеден астам зардап келген.

Бергей Рысқалиевтың үстінен бұған дейін "бюджет қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін теріс пайдаланды" деген айыптар тағылып, тұтқынға алу туралы санкция шыққан. Қаңтар айында оған іздеу жарияланған.

Былтыр қазанда Атырау қалалық соты Аманжан Рысқалиды "алаяқтық жасаған" деген айыппен қамауға алуға сырттай санкция берген еді.

Биыл тамызда қаржы полициясы Швейцарияның федералдық прокуратурасы Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқалиға қатысты "қаржы жымқырды" деген күдік бойынша тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған. Оның нәтижесі бойынша Швейцария банктерінде Рысқалиевтарға тиесілі делінген үш есеп-шот табылып, оларда 100 миллион еуродан астам қаржы бары анықталған. Прокуратура ол есеп-шоттарды бұғаулаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG