Accessibility links

«Бесобаны» салғандар рақымшылыққа ілінді


Құлаған "Бесоба" тұрғын үй кешенінің қирандысы. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.
Құлаған "Бесоба" тұрғын үй кешенінің қирандысы. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

Қарағанды облысы прокуратурасының хабарлауынша, тергеу барысында құлап қалған «Бесоба» тұрғын үй кешенін жобалағандар мен салғандардың кінәсі толығымен дәлелденген. Дегенмен олар рақымшылыққа ілініп, қылмыстық іс тоқтатылған.

Қаңтардың 21-і күні Азаттық тілшісіне түсініктеме берген Қарағанды облысы баспасөз қызметінің өкілі Әсел Әбеуп «Бесобаға» қатысты тергеу ісі біржола аяқталғанын айтты.

- Қарағанды облысы прокуратурасы «Бесобаға» қатысты үш бірдей қылмыстық істің тергеу жұмыстарын аяқтады. Бұдан бөлек, жоспарлаушылар мен сапасыз құрылыс жүргізгендерге қатысты да тергеу аяқталып, олардың кінәсі толығымен дәлелденді. Дегенмен ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қатысты жарияланған рақымшылыққа ілініп, оларға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, - деді прокуратура өкілі.

Әсел Әбеуп «Бесобаны» «жоспарлаушылар мен салған азаматтардың аты-жөндерін білмейтін» болып шықты.

«НЕ ҮШІН ТӨЛЕП ЖАТЫРМЫЗ?»

Құлап қалған «Бесоба» үйінің тұрғыны Әсия қазір қала шетіндегі Майқұдық шағын ауданында тұрады. Ол егер елдегі заңдар қатаң болғанда тұрғын үйлер сапалы салынар еді деп ойлайды.

- Егер бізде Қытайдағыдай сапасыз құрылыс үшін қатаң жазаласа, бәрі жақсы болар еді. Мұндай үйлерді ешкім салмас еді. Біз бұл үйді таңдаған да жоқпыз, бізге мемлекеттік бағдарлама аясында берді. «Не осыны аласыңдар, не өздерің білесіңдер» деп. Біз қуанып едік, аяғында не болғанын білесіздер, - деді Әсия.
Аштық жариялаған "Бесоба" үйінің наразы тұрғындары. Қарағанды, 12 тамыз 2012 жыл
Аштық жариялаған "Бесоба" үйінің наразы тұрғындары. Қарағанды, 12 тамыз 2012 жыл

Әсияның айтуынша, «Бесобада» 80 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтері болған. Қазір тұрып жатқан үйінде жылы су жоқ, ауладағы қалың қарды тұрғындар өздері тазалайды, жақын маңда мектеп пен бала-бақша да жоқ.

- Барлық келеңсіздіктерге қарамастан біз ай сайын 40 мың теңге банкке төлейміз. Мемлекеттік бағдарлама бойынша алған үйімізге 15 жыл бойы осы соманы төлеуіміз керек, сонда біз қазір не үшін қаржы құйып жатқанымызды білмейміз, - дейді тұрғын.

СОТТАР

2012 жылдың сәуірінде Қарағанды қаласындағы «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі 2009 жылы салынған көпқабатты 7-үй биыл құлап қалды. Заң орындары бұл оқиға бойынша құрылысты салған мердігер мен оны жобалап, қабылдап алғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Шілденің аяғында жергілікті билік «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі үйлер қиратылып, орнына жаңа тұрғын үй кешендері салынатынын хабарлады.
Ал былтырғы қараша айының 5-інде Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық 1-сотында тұрғын үй кешеніне қатысты шенеуніктердің үстінен қозғалған іс бойынша сот басталған.

Қазір «Бесобаға» қатысты үш қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.
Алғашқысы 2009 жылы тұрғын үй кешенін қабылдап алған комиссия төрағасы болған, Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасарлары Виктор Иванов пен Сергей Грибенщиковтарға қатысты басталған.
"Бесоба" тұрғын үйінің белсенді тұрғындары құрған бастамашыл комиссия. Қарағанды, 24 шілде 2012 жыл
"Бесоба" тұрғын үйінің белсенді тұрғындары құрған бастамашыл комиссия. Қарағанды, 24 шілде 2012 жыл

Екіншісі комиссия төрағаларының орынбасарлары Дәулет Алтынбеков пен Татьяна Гукке қатысты жүргізіліп жатыр.

Ал үшінші процесс мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау облыстық басқармасының бұрынғы бастығы Александр Воробьевке қатысты өтіп жатыр.

Оларға қылмыстық кодекстің 307-бабының 4-бөлімі («Ауыр зардаптарға әкеліп соқтырған қызметтік өкілдіктерін теріс пайдалану») бойынша айып тағылған.
Тергеу қорытындысы бойынша мемлекеттік қабылдау комиссиясының басшылығы пайдалануға беруші және жобалаушы мекеме өкілдерінің комиссия жұмысына қатысуын қадағаламаған. Аталған бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Былтырғы сәуірдің 7-сі күні Қарағанды қаласындағы «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі 7-үйдің төрт подъезі құлап түскен еді. Жергілікті атқарушы билік өкілдері зардап шеккен адамдарға уақытша баспана бөлінгені туралы мәлімдеген. Алайда бірқатар тұрғындар құлаған үйдегі пәтерге парапар баспана алу туралы мәселенің әлі шешілмей келе жатқанын айтады.
XS
SM
MD
LG