Accessibility links

Журналист Бигелді Ғабдуллин «бопсалау» күдігімен ұсталды


Бигелді Ғабдуллин. Алматы, 6 тамыз 2010 жыл.

Бигелді Ғабдуллин. Алматы, 6 тамыз 2010 жыл.

Қарашаның 15-і күні журналист Бигелді Ғабдуллиннің ұсталғаны хабарланды. Азаттыққа мұны коррупциямен күрес бюросы растады. Ал ол басқаратын редакция ұжымы әріптестерінің ұсталғанын баспасөз хабарламасынан білген.

Коррупциямен күрес бюросы 2016 жылы қарашаның 15-і күні Бигелді Ғабдуллиннің «қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдіктіні ұстау» туралы қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабы бойынша Астана қаласындағы уақытша оқшаулау абақтысына қамалғанын, сотқа дейінгі тергеудің жүріп жатқанын хабарлады.

Қазақстан коррупциямен күрес ұлттық бюросы таратқан мәліметте ​«Central Asia Monitor» және «Radiotochka.kz» басылымдарының бас редакторы Бигелді Ғабдуллиннің үстінен «қорқытып алу» (бопсалау - ред.) айыбымен сотқа дейінгі «тергеу басталды» деп жазылған.

Коррупциямен күрес бюросы «Ғабдуллин бақылауындағы «Central Asia Monitor» және «Radiotochka.kz» ақпарат құралдарын пайдаланып, мемлекеттік органдардың басшыларына олардың беделін түсіретін жағымсыз материалдар жариялау арқылы ақпараттық шабуылды күшейткен» деген күдікке ілінгенін хабарлайды.

Бюро «Ғабдуллин сынды тоқтату үшін мемлекеттік лауазымды қызметкерлерден өзінің медиа ресурстарына мемлекеттік тапсырыс беруді талап еткен. Олар Ғабдуллинге тиесілі компанияларға мемлекеттік тапсырыс беруді қамтамасыз еткен» деп күдіктенеді.

«МҮЛДЕ ХАБАРЫМЫЗ ЖОҚ»

Азаттық тілшісі Бигелді Ғабдуллин директоры болып келген «Радиоточка» ақпарат агенттігіне хабарласқан еді.

Басылымның бас редакторы Бекжан Ыдырысов Азаттық тілшісіне «Біз [жемқорлықпен күрес бюросының] баспасөз хабарламасында жазылған ақпараттан басқа ешқандай мәлімет біле алмай отырмыз. Түсінуімше, әзірге адвокат жоқ. Оны кім қорғайтыны белгісіз. Біз бұрынғыша (қалыпты режимде) жұмыс істеп жатырмыз. Тергеу туралы мүлде ақпаратымыз жоқ. Адвокаттың кім болатынын Бигелді мырзаның өзі ғана шешеді. Біз онымен хабарласа алмай отырмыз» деді. Бекжан Ыдырысов Бигелді Ғабдуллинді «соңғы рет жұма күні көргенін» айтты.

Бигелді Ғабдуллин 1980-жылдары қазақстандық газеттерде жұмыс істеген. 1990-жылдардың екінші жартысында оппозициялық «XXI век» (21-ғасыр) газетінің бас редакторы болды. Қысымның кесірінен Ғабдуллин 2001 жылы Қазақстаннан кетіп, АҚШ-та тұрды. Ол елге Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрағаннан кейін, 2004 жылы оралды.

Central Asia Monitor басылымына 2011 жылы жарияланған мақалада Бигелді Ғабдуллиннің басынан кешкендері жазылған. «Сол кезде мен Марат Тәжинмен, Әбдіжәміл Нұрпейісовпен, Қазақстан елшілігі және Жоғарғы сот өкілдерімен бірнеше мәрте телефонмен сөйлестім. «Қазақстан президентінің қадір-қасиетіне тіл тигізу» бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі жабу керек болды» деп жазады Ғабдуллин.

«Президент мені кешірді және елге шақырды. Ондай әрекетті тек мықты адам ғана жасай алады!» дейді мақалада ол.

Үш жарым жылдан соң Қазақстанға оралған Бигелді Ғабдуллин 2004 жылы шілденің 28-і күні берген баспасөз мәслихатында «Оралуымның басты себебі Қазақстан демократияға қарай көш түзей бастады. Туған жерім Астананың өзі адам танымастай өзгеріп кетіпті» деп мәлімдеген еді.

Қазақстанға келгеннен кейін Ғабдуллин Central Asia Monitor газетінің редакторы болды, «Астана» телеарнасында қоғамдық-саяси бағдарлама жүргізді. 2013 жылы ол Radiotochka.kz мультимедиялық порталын ашты. Бигелді Ғабдуллин қазақ ақын-жазушыларының ПЕН-клубының президенті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG