Accessibility links

Ақындар айтысының ережесіне наразы ақындар да бар


«Тәуелсіздік тағылымы» атты ақындар айтысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

«Тәуелсіздік тағылымы» атты ақындар айтысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Сәуірдің 13-сі күні мәдениет министрлігіне қарасты мәдениет комитеті дайындаған ақындар айтысының ережесі баспасөзде жарияланды. Алайда айтыстың маңында жүрген ақындар ереженің кейбір шарттарымен келіспейді.


Айтысты көптен бері ұйымдастырып, жүргізіп келе жатқан ақын Жүрсін Ерман «Бұл ереже – сандалған нәрсе» дейді.


ЖАҢА ДА ЕСКІ ЕРЕЖЕ


– Айтыс туралы жасалған ереже бір бұл емес. Бұдан бұрын мемлекеттік хатшының қолы қойылған «Ақындар байқауы туралы ереже» деген бір ереже таратылған болатын. Екеуінің арасында алып бара жатқан пәлендей айырмашылық жоқ, – дейді Жүрсін Ерман Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында.

Мәдениет министрлігіне қарасты мәдениет комитеті музыка өнері басқармасының бастығы Нұрболат Ахметжанов та бұл ереже осыдан екі жыл бұрын дайындалған ереженің толықтырылған түрі екендігін айтты.

– Министрліктің сарабынан өткен, президент әкімшілігімен келістірілген ереже, – дейді Нұрболат Ахметжанов. Оның айтуынша, айтыстың бұл ережесі республикалық көлемде жылына бір рет өтетін мәдени іс-шараның бірі ретінде жасалынып отыр.

Жүрсін Ерманның айтуынша, ол 2010 жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өткен «Тәуелсіздік тағылымы» атты айтыстың алдында үкіметпен
Ақын Жүрсін Ерман. Алматы, 8 ақпан 2011 жыл.
тоқсан сайын айтыс өткізу жөнінде келісімге келген.

– Мынау ережеден «жылына бір-ақ айтыс» деген сөздің құлағы қылтиып тұр, – деген сұхбаттасымыз «Бұл – айтысты өсіру емес, өшіру» дегенді айтты.

Айтыс ережесін дайындауға қатысқан «Рухани даму қорының» аты-жөні белгісіз қызметкерінің бізге телефон арқылы берген түсініктемесіне сенсек, мемлекет Тәуелсіздік күні қарсаңында өтетін бір ғана айтысқа ие. Сол айтыс қана «Республикалық айтыс» деп аталмақ.


«ЕШҚАНДАЙ ЖАҢАЛЫҒЫ ЖОҚ» ЕРЕЖЕ


Мәдениет министрлігіне қарасты мәдениет комитеті дайындаған айтыс ережесінің алғы шартында «Болашақ ұрпаққа айтыс өнерін жеткізу, айтыс өнерін одан әрі дамытып, сапалық деңгейін жақсарту мақсатында өткізілетін дәстүрлі іс-шара ретінде қалыптастыру» деп көрсетілген. Осы тармаққа байланысты ақын айтыскер Бақыт Жағыпарұлы:

– Осы күнге дейінгі айтыс «жас дарындарды қалыптастырып, суырып салма өнерді дамыта алмады» деп кім айта алады. Бұл ережеде айтыстың осы уақытқа дейін онсыз да арқалап келе жатқан жүгін қағаз бетіне түсіріп қоя салған, ешқандай жаңалығы жоқ, – дейді.

Бақыт Жағыпарұлы ереженің 3-бөлімі 12-тармағында көрсетілген шартты несиелік тұрғын үйге құжат тапсырумен салыстырады.

– Мен айтысқа қатысу үшін әуелі облыстық мәдениет комитетіне өтініш береді екенмін. Оған қоса алты түрлі құжатты қоса тіркетуім қажет, отырып-
Айтыс ақыны Бақыт Жағыпарұлы. Алматы, 20 сәуір 2011 жыл.
тұрғанымнан бастап, ішкен-жегеніме дейін көрсетіп. Сонда не – мен үкіметтен несиеге үй алғалы жатырмын ба? Айтысқа менің жұмыс орнымнан анықтаманың қажеттілігі қанша? – дейді Бақыт Жағыпарұлы.

Бірақ Мәдениет министрлігіне қарасты мәдениет комитеті музыка өнері басқармасының бастығы Нұрболат Ахметжанов «Ақындар туралы толық мәлімет кейін кітап шығарғанда қажет болады» дегенді айтады.


«ЕЛ КӨРІП ОТЫРҒАН ШЫНДЫҚ» ПЕН ЕРЕЖЕ


2010 жылы желтоқсанда Астана қаласында өткен «Тәуелсіздік тағылымы» атты айтыста қаржылық қолдауды билік мойнына алған еді. Және сол айтыста биліктің ақындардың аузына қақпақ қоймайтындығы да айтылған. Алайда қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков пен мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сөз сайысына шыққан әр жұптың алдында тақырыптан ауытқымау жөнінде ескерту айтып отырған.

Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтыс алдында ақындарға ескерту сөзі


– Тәуелсіздік алғалы мемлекет бірінші рет қамқорлығына алған айтысқа қуанып, көп нәрсені жабыңқырап ұстадық. Бірақ бәрібір де көрініп тұрды. Өйткені мемлекет өз қамқорлығына алып, барлық шығындарды мойнына алғаннан кейін, «мынаны айтыңдар, мынаны айтпаңдар» деген талабы қоса жүреді. Бұл талап бұдан кейін күшейеді. Ақынды тұсаулау, шідерлеу деген осы емес пе. Мен бұған қуанып жатқан жоқпын, – дейді Жүрсін Ерман.

Айтыс ақыны Бақыт Жағыпарұлы ереженің «Айтыста елдің бірлігіне, ұлтаралық татулыққа нұқсан келтіретін, конституциялық құрылымға қарсы айтылатын сөздерге жол берілмейді» делінген тармағын құп көрмейді.

– Сонда ақын ел көріп, біліп отырған шындықты айта алмаса, несіне жұрт алдына шықпақ, – дейді ол.


САЯСАТ НЕМЕСЕ «ТҰЛПАРДЫ АРБАҒА ЖЕГУ»


«2010 жылғы Астана қаласында мемлекеттің қолдауымен өткен «Тәуелсіздік тағылымы» атты айтыстан кейін жергілікті әкімшіліктер айтыс өткізуге құмар болып кетті» дейді бізбен сұхбаттасқан азаматтар.

Олар президент Нұрсұлтан Назарбаев наурыз айында Түркістанға барғанда Түркістан қаласы әкімшілігі президент құрметіне Әселхан Қалыбекова мен Бекарыс Шойбековтің сөз сайысын ұйымдастырғанын мысал қылады. Бұл пікірлеріне Байқоңырда «Ғарышкерлер күніне» орай, Оралда Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толуына орай облыс әкімшіліктері айтыс ұйымдастырғандарын да дәлел етті.

Мәдениет комитетінің «Айтысты өткізу туралы ереже» дайындауының да ар жағында «мемлекеттің айтысты бірыңғай өз қарамағына алу, өз мүдделеріне пайдалау саясаты жатыр» деген Жүрсін Ерман «мұның арты жақсылыққа апармайды» деген пікір ұстанады.

– Ереженің талабы – тұлпарды арбаға жегумен тең, – дейді ол.

Шығысқазақстандық айтыскер ақын Аслан Ғафуров та ереженің шала тұстарының бар екендігін жоққа шығармайды. Бірақ:

– Әрбір жаңа дүниенің артында тың ойлар болуы керек. Біржақты көзқараспен қарауға болмайды. Әлі де толықтыра түсу керек, – деген пікірін айтты Аслан Ғафуров.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG