Accessibility links

Еңбек заңы жобасында жұмыстан шығаруға негіз көбейген


Қарағанды облысында шахтаға түсіп бара жатқан кеншілер. (Көрнекі сурет)

Қарағанды облысында шахтаға түсіп бара жатқан кеншілер. (Көрнекі сурет)

Қазақстан парламенті жаңа еңбек кодексі жобасын қарауға қабылдады. Жоба авторлары «еңбек қатынастары тараптарының мүддесі тепе-теңдігін» қамтамасыз етуге уәде етеді. Кейбір кәсіподақтар мен қоғамдық бірлестік өкілдері «мұндай реформа қажет емес» дейді.

Жаңа еңбек кодексі жобасының авторы – денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қазіргі еңбек кодексінің талаптары қатал, ал оны орындау деңгейі нашар, кейбір жағдайда бизнес оны орындамағаны үшін аса шығынданбайды деп санайды.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, жаңа кодекске сәйкес, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қатынастарды өздігінен және ұжымдық шарт арқылы реттеу принциптері қарастырылған. Бірақ, Қазақстанда ұжымдық шарт бекіту тәжірибесі бұрыннан бар.

ДАҒДАРЫС ЖАҒДАЙЫНДА

Қоғамда жаңа еңбек кодексінің жобасы парламентке жетпей жатып қызу талқыланды. Оны тіпті «халыққа қарсы жоба» деп атағандар да бар.

Шілденің аяғында Маңғыстау облысындағы 16 мұнай кәсіпорнының кәсіподақ ұйымдары еңбек кодексінің үкімет ұсынған жобасы қабылданса, жұмысшылардың мүддесіне қысым жасалады деген мәлімдемемен президент Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер-министр Кәрім Мәсімовке хат жолдаған.

Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» мұнай-газ кенішіндегі жұмысшылар компания әкімшілігі мен Астанадан келген шенеуніктермен кездесуде. 10 қаңтар, 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» мұнай-газ кенішіндегі жұмысшылар компания әкімшілігі мен Астанадан келген шенеуніктермен кездесуде. 10 қаңтар, 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі парламент мәжілісіндегі презентация алдында журналистерді жинап, жағдай әлеуметтік желілер мен электронды ақпарат құралдарында жазып жатқандай нашар емес екенін түсіндіруге тырысты.

– Жаңа еңбек кодексі жұмысшыны негізсіз жұмыстан шығарудан толық қорғайды. Иә, жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзуға негіздердің көбейгені рас. Қазіргі кодексте 20 болса, енді 25-ке дейін көбейді, яғни жаңадан бесеуі қосылды, - дейді денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов.

Кодекс жобасына сәйкес, «өндіріс көлемі, атқарылған жұмыс пен көрсетілген қызмет көлемінің қысқаруы ұйымның экономикалық ахуалын нашарлатуға ұласса» жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шарты бұзылуы мүмкін.

Вице-министр жаңа еңбек кодексіне бұндай негіздеменің енгізілуін «ел кәсіпорындарындағы ахуалды нашарлатуы мүмкін экономикадағы қазіргі ауыр жағдаймен» түсіндірді.

– Бірақ жұмысшылар мынадай шарттар орындалған жағдайда ғана қысқаруға ұшырайды: біріншіден, кәсіпорындағы құрылымдық учаске немесе цех жабылса, екіншіден, қызметкерлерді басқа жұмысқа ауыстыру мүмкіндігі жоқ болса, және де қысқаруға негіз болған себептерді бір ай бұрын кәсіподаққа түсіндіріп ескертуі тиіс. Осы бір ай ішінде кәсіподақ келіссөз жүргізіп, бұл мәселелерді талқылай алады, - дейді Біржан Нұрымбетов.

Қазақстанның денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов. Астана, 25 сәуір 2012 жыл.

Қазақстанның денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов. Астана, 25 сәуір 2012 жыл.

Оның айтуынша, тараптар мәмілеге келе алмаса, жұмыс беруші қызметкерге екі айлық жалақы мөлшерінде өтемақы төлеуі тиіс.

– Біз экономикадағы қазіргі жағдайды ескеріп, кәсіпорынның экономикалық ахуалына байланысты туындаған негіздер бойынша жұмыс берушіге еңбек шартын бұзу құқын бердік. Бірақ қызметкерді заңға қайшы әрекеттерден қорғайтын шарттар да ұсынып отырмыз. Ал бұл штатты қысқартудан гөрі, еңбек жағдайын өзгертуге түрткі болуы тиіс деп санаймыз, - дейді Біржан Нұрымбетов.

Бірақ жобада кәсіпорын жұмысы тоқтап қалған жағдайда жұмыс беруші қызметкерді денсаулығына зиян келмейтін кез-келген бос орынға оның келісімінсіз ауыстыра алады деген норма бар. Сондай-ақ, жұмыс орнын сақтау мақсатында кәсіпорын жұмысы тоқтап қалған жағдайда қызметкерлерді басқа жұмысқа уақытша ауыстыру мерзімін қазіргідей бір ай емес, кәсіпорын жұмысы тоқтап қалған бүкіл мерзімге созу ұсынылған.

ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ ЖӘНЕ МЕРЕКЕ КҮНГІ ЖҰМЫС

Еңбек кодексі жобасы жеке меншік сектордағы жұмыс берушілерге зейнет жасына жеткен қызметкерлерді жұмыстан шығаруға рұқсат беруді ұсынады. Қазір бұл ереже мемлекеттік және азаматтық қызметшілерге қатысты ғана қолданылады. Бірақ жобада кәсіби біліктілігі жоғары зейнет жасындағы қызметкермен еңбек шартын жыл сайын ұзарту мүмкіндігі де қарастырылған.

– Бұл жұртты жаппай жұмыстан шығарады деген сөз емес. Біздің ойымызша, жұмыс беруші ең әуелі қызметкердің білікті болуына мүдделі және ондай маманнан айырылғысы келмейді, - дейді вице-министр Біржан Нұрымбетов.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова (оң жақта) журналистерге сұхбат беріп тұр.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова (оң жақта) журналистерге сұхбат беріп тұр.

Парламентте денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жобада қызметкерлерге жұмыс уақытынан тыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін ақы төлеу тетіктері қайта қаралғанын мәлімдеді.

– Жаңа кодексте жұмыс уақытынан тыс еңбектің және мереке күндері жұмыс істегені үшін кемінде тарифтік ставканың 1,25 деңгейі көлемде ақы төлеу, оның көлемін ұжымдық шартпен ұлғайту құқын беру ұсынылған. Бұл шаралар бір жағынан жұмыс берушінің шығынын азайтады. Бірақ, жұмыс беруші мұндай жұмысқа қызметкердің келісімімен ғана тарта алады. Ал екінші жағынан, егер қызметкер мұндай шартпен келіспей, бас тартса, жұмыс беруші төлем көлемін ұлғайтып, қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға тырысады, - дейді Тамара Дүйсенова.

Қазір жұмыс уақытынан тыс еңбекке бір жарым еседен кем төленбейді. Мереке және демалыс күндері – екі еседен, ал түн мезгіліндегі әр жұмыс сағаты үшін еңбек төлемі бір жарым еседен кем болмауы тиіс.

«КӘСІПОДАҚҚА ҚАРСЫ» КОДЕКС

Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы президенті Лариса Харькованың Азаттыққа айтуынша, жаңа еңбек кодексінің жобасы кәсіпорындарда елде жетілмей қалған ұжымдық шарттарды дамытуға бағытталған. Оның пікірінше, бұл үшін мықты тәуелсіз кәсіподақтар керек.

– Бізде «ұжымдық шарт» деген атау ғана бар, келіссөз жүргізген болып жатамыз, бірақ ұжымдық шартқа бірдеңе енгізу өте қиын. Сондықтан тапқан табысын қызметкерлермен бөліспейтін жұмыс беруші ешбір мәмілеге көнбейді. Ал бұл қызметкерлердің жағдайын қиындатады. Кәсіпорындарда мықты кәсіподақ құрылмай, ұжымдық шарттан да пайда болмайды, келіссөздерден де нәтиже шықпайды, ал қалғанының бәрін жаңа еңбек кодексінде жұмыс берушінің ырқына беріп, ұжымдық шарттарға артып қойған, - дейді Лариса Харькова.

Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы президенті Лариса Харькова.

Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы президенті Лариса Харькова.

Оның айтуынша, жаңа еңбек кодексі жобасы кәсіподақтарды ықпал ету тетігінен айырып, еңбекшілердің құқығын өздігінен қорғай алатындай етіп көрсеткен, ал іс жүзінде онсыз да «болар-болмас жаны бар» кәсіподақ жұмысы ақсайды.

– Мен бұл кодексті «халыққа қарсы» деп емес, «кәсіподаққа қарсы» кодекс деп санаймын. Қазақстан кәсіподақтары мұндай кодекспен жұмыс істей алмайды, қазір кәсіподақтың қолында ондай күш жоқ, сондықтан мына еңбек кодексі мезгілсіз ұсынылып отыр деп санаймын, - дейді Лариса Харькова.

«Азаматтық қорғаныс» қоғамдық бірлестігі төрағасы Андрей Ушаков жаңа еңбек кодексіне әлі өзгерістер енгізіледі деп үміттенеді. Оның пікірінше, кодексті қазіргі түрінде қабылдауға болмайды.

Оның айтуынша, кәсіподақтар туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін қызметкерлер бірігу еркіндігінен айырылып, кәсіподақтар құқығы көп қысқарған және еңбек дауына қатысты келіссөз процестеріне ықпал ету қиындаған.

– Еңбек кодексін «еңбек қатынастарын ырықтандырамыз» деген желеумен қабылдамақ. Бірақ жұмыстан шығару негіздері көбейген. Меніңше, бұл дұрыс емес. Еңбек заңы еңбекшілер игілігіне жұмыс істеп, оларға көбірек құқық беруі тиіс, - дейді Андрей Ушаков.

Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының дерегі бойынша, былтыр маусым айында «Кәсіподақтар туралы» жаңа заң күшіне енгеннен кейін 600-ден аса тәуелсіз кәсіподаққа жабылып қалу қаупі төнген. Қабылданған заңға сәйкес, кәсіпорында құрылған кез-келген кәсіподақ республикалық бірлестіктердің біріне немесе ешбір кәсіптік бірлестікке кірмей қалған жалдамалы қызметкерлердің 70 пайызынан құрылған жаңа бірлестік құрамына кіріп, әділет органдарында қайта тіркеуден өтуі тиіс. Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының хабарлауынша, қазір елде қайта тіркеуден өткен тәуелсіз кәсіподақ ұйымы санаулы ғана.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG