Accessibility links

Белсенділер бейбіт жиын туралы заң жобасын ұсынады


Наразылық шарасына қатысушы "Митинг өткізуге рұқсат қашан беріледі?" деген жазу ұстап тұр. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.

Наразылық шарасына қатысушы "Митинг өткізуге рұқсат қашан беріледі?" деген жазу ұстап тұр. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.

Құқық қорғаушылар билікке «бейбіт жиындар өткізу туралы заң қабылдау қажет» деген уәжді үнемі айтып келеді. Олар өздері әзірлеген заң жобасын Астанада ресми тұлғаларға табыс етті.

Жақында белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис билікке бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасын ұсынды. Ал тағы бір құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина әділет министрлігінен «бейбіт жиындар туралы жаңа заң қажет емес, ескі заң бар» деген жауап алған.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ ҰСЫНҒАН ЖОБА

Қазақстан сыртқы істер министрлігі жанындағы «Адам өлшемі жөніндегі диалог алаңының» өткен аптада Астана қаласында болған кезекті отырысында құқық қорғаушы Евгений Жовтис азаматтардың бейбіт жиналу еркіндігі туралы жаңа заң тұжырымдамасы мен заң жобасын таныстырды.

Теңгенің құнсыздануына наразылық білдіріп көшеге шыққандарды полиция ұстап жатыр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

Теңгенің құнсыздануына наразылық білдіріп көшеге шыққандарды полиция ұстап жатыр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

– Ескі заң 1995 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен қабылданған. Одан бері 20 жылдай уақыт өтті. Ескірген заң демократиялық стандарттар мен Қазақстан қол қойған халықаралық міндеттемелерге сай емес. Қолданыстағы заңда негізгі терминдер жалпылама түрде жазылған. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесі оларды өз қалауынша түсініп, өз ыңғайына қарай икемдеп пайдаланады. Соның салдарынан бейбіт жиынға қатысушылардың жанынан кездейсоқ өтіп бара жатқан жүргіншілер мен журналистерді полиция ұстап әкетеді, - дейді Евгений Жовтис.

Өмір бір орында тұрмайтынын айтқан құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер «бейбіт жиындар туралы заңды жетілдіру жолдарын ұсындық, бірақ билік мән бермейді» дейді.

– Мен бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасын 2007 жылы әзірлеген едім, бірақ оны талқыламастан, жылы жауып тастады. Биыл әлгі жобаны қайта өңдеп, оған қоса жаңа заң тұжырымдамасын жеке әзірлеп, заң жобасы мен тұжырымдаманы «диалог алаңына» қатысушыларға тараттым, - дейді құқық қорғаушы.

Бейбіт жиындарға қатысы бар өзге заңдарға билік тарапынан өзгерістер енгізіліп жатыр. Бірақ құқық қорғаушы ол өзгерістер азаматтардың негізгі құқықтары мен еркіндігін шектеуді күшейтіп отырғанын айтады.

– Бейбіт жиындар өткізу еркіндігі құқық қорғау ұйымдары мен биліктің көзқарасы мүлде қабыспайтын сала болып отыр. Ұстанымымыздың дұрыс екенін дәлелдеуге қаншалықты тырысқанымызбен жөнді нәтиже шыққан жоқ, - дейді Евгений Жовтис.

КӨПШІЛІК ІС-ШАРАЛАР МА, ЕРКІН ІС-ШАРАЛАР МА?

Құқық қорғаушының бұл сынын кейбір азаматтық белсенділер де қостайды. «Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Бақытжан Төреғожина «бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасын әзірлеу қажет» деген ұсынысына жуырда әділет министрлігінен жауап алды.

Наразылық акциясы басталар алдында Абай ескерткіші қасында тұрған ішкі істер әскері. Алматы, 10 наурыз 2012 жыл.

Наразылық акциясы басталар алдында Абай ескерткіші қасында тұрған ішкі істер әскері. Алматы, 10 наурыз 2012 жыл.

Министрліктің халықаралық құқық және ынтымақтастық департаменті бастығы Дархан Бәкіровтің жауабында «Мемлекет басшысының 2012 жылдың 10 шілдесіндегі «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам» мақаласында берген тапсырмаларын және үкіметтің 2012 жылдың 23 шілдесіндегі 961-қаулысымен бекітілген мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру іс-шаралары жоспарының 48 тармағын орындау үшін мәдениет министрлігі «Көпшілік іс-шаралар өткізу туралы» заң жобасын әзірлеген болатын» деп жазылған.

Алайда Бәкіровтің жазуынша, ол заң жобасын әзірлеу қажет емес деп танылған. Оның сөзінше, қазір «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заң бар.

Бірақ Төреғожинаның пікірінше, үкімет әзірлеген «Көпшілік іс-шаралар өткізу туралы» заң жобасында көбінесе биліктің өзі немесе билікке жақын қоғамдық ұйымдар мен партиялар ұйымдастыратын көпшілік іс-шараларды өткізу тәртібі ғана қарастырылған.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, биыл парламент қабылдаған қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекстер мен әкімшілік заң бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заңдарда бейбіт жиындарға қатысушылардың жауапкершілігі күшейтілген. Бұл өзгерістер 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Халықаралық құқық қорғаушылар ресми Астананы бұл өзгерістерден бас тартуға шақырады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG