Accessibility links

Төлеби тұрғындары ресейлік зауытқа наразы


Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Қазығұрт ауылы. 17 сәуір 2014 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Қазығұрт ауылы. 17 сәуір 2014 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының тұрғындары ресейлік битум зауытының түтіні денсаулықтарына кесір тигізгенін айтады. Ал зауыт басшысы «ол түтіннің зияны жоқ» дейді.

Тұрғындар Төлеби ауданы Қазығұрт ауылдық округі аумағында үш жылдан бері жұмыс істеп тұрған, ресми түрде биыл сәуірде ашылған ресейлік битум зауытына (толық атауы – «Газпромнефть – Битум Қазақстан» ЖШС) наразы.

«ТҮТІННЕН ӨКПЕ ҚЫСЫЛЫП, БАС АУЫРАДЫ»

Зауыттан қауіп ететін адамдардың бірі – ол өндіріс орнынан төрт километр жердегі Киелітас ауылының тұрғыны Уәлихан Маменов.

– Былтырдан бері түсініксіз жайттар болып жатыр. Мәселен, бұзау тастаған сиырлар, іш тастаған жылқылар көбейді. Бірақ бұл зауыттан болды ма, басқа себебі бар ма – мұны әлі күнге дәлелдей алмай отырмыз. Арнайы мамандар келіп дәлелдесе дұрыс болатын еді, – дейді ол.

Уәлихан Маменовтің шағымын Киелітас ауылдық округі әкімінің орынбасары Батырхан Рашидов та қоштайды.

Киелітас ауылдық округі әкімінің орынбасары Батырхан Рашидов. 17 сәуір 2014 жыл.

Киелітас ауылдық округі әкімінің орынбасары Батырхан Рашидов. 17 сәуір 2014 жыл.

– Зауыт қыста жұмысын тоқтатып, сәуірден бастап істейді. Дәл сол кезден ауаның ластанғаны байқалады. Иістен денсаулыққа зиян келетіні бірден сезіледі. Бас ауырады. Иісті көбірек иіскесеңіз, бір-екі сағаттың ішінде өкпеңіз тұтылып, демалу қиындай бастайды, басыңыз ауырып, жайсыз сезінесіз, − дейді Батырхан Рашидов.

Оның сөзінше, «бұл иісті батыстан тұрған жел Жыланбұзған мен Маятас ауылдарына, солтүстіктен тұрған жел Киелітасқа, шығыстан тұрған жел Ақбастау мен Абайға алып барады – битум зауытының айналасындағы радиусы бес-алты километр аумақта бес мыңдай адам тұрады».

– Зауыттың мұржасынан көбіне кешке қара түтін будақтайды. Жұмыс бабымен зауыт төңірегіндегі ауылдарға жиі барамын. Тұрғындар ауаның ластанғанын, денсаулықтарына кері әсер етіп жатқанын айтып үнемі шағымданады. Ал төрт түлікте тіл жоқ, айта алмайды, – дейді Батырхан Рашидов.

«МОРАТОРИЙГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ТЕКСЕРЕ АЛМАЙМЫЗ»

Мұндай өндіріс орындарын ашуға рұқсат беретін, кейін ол кәсіпорынның экологияға зияны бар-жоғын тексеріп тұратын маманның бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары, аймақтағы бас мемлекеттік экологиялық инспектор Рақымберді Өтебаев. Ол зауыт салатын кезде жерді әкімшілік анықтап бергенін, СЭС мамандары зауыттың қауіптілік деңгейін анықтай келе жұмыс істеуіне рұқсат еткенін айтады. Экологиялық инспектордың сөзінше, тұрғындар ол зауыттың зияны жайлы шағым жазбаған.

Қазығұрт ауылдық округіндегі битум зауыты. Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы, 17 сәуір 2014 жыл.

Қазығұрт ауылдық округіндегі битум зауыты. Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы, 17 сәуір 2014 жыл.

– Егер дәл осы зауыттан жергілікті тұрғындардың денсаулығына зиян тиіп отырғаны дәлелденсе, барлық мемлекеттік органдар шара қолданады. Мәселен, 2013 жылы экологиялық талаптарды орындамаған 64 өндіріс орнын уақытша жабу туралы талап арыз сотқа жолданып, бұл арыздардың бәрі қанағаттандырылған, − дейді Рақымберді Өтебаев Азаттыққа.

Инспектор зауыттың қоршаған ортаға қаншалықты зиян тигізіп отырғанын тексеріс анықтайтынын, бірақ биыл 2 ақпаннан бастап 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін орта және шағын бизнеске тексеру жүргізуге мораторий жарияланғандықтан дәл қазір ол зауытты тексеру мүмкін емесін хабарлады.

«ДӘЛЕЛДЕНСЕ, ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ»

Азаттық тілшісі тұрғындар шағымынан соң «Газпромнефть – Битум Қазақстан» зауытына барды. Тілші көрген кезде зауыттың екі мұржасынан шығып жатқан түтіннің түсі ақ болды. Бірақ бір мұржаның басы қап-қара болып күйеленіп қалған екен.

Тілшімен сөйлескен «Газпромнефть – Битум Қазақстан» зауытының бас директоры Виктор Павличев тұрғындардың шағымын бірінші рет естіп отырғанын айтты. Ол өндіріс орны Қазақстан заңдарының талаптарына сай экологиялық нормаларды сақтап жатқанын, зауыт мұржасынан шыққан түтіннің қоршаған ортаға еш зияны жоғын мәлімдеді.

Битум зауытының бас директоры Виктор Павличев. 17 сәуір 2014 жыл.

Битум зауытының бас директоры Виктор Павличев. 17 сәуір 2014 жыл.

– Зауыттан шыққан құрамында улы заттар бар барлық зиянды қалдықтар арнайы пеште жандырылады. Зауыт пешінің мұржасынан шыққан түтінге қарап-ақ қоршаған ортаға қаншалықты зиян келіп жатқанын байқауға болады, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Виктор Павличевтің сөзінше, «мұржадан қара түтін будақтап жатса – ауаның ластанып жатқаны, ал ақ түтін шығып жатса – барлық экологиялық талаптардың сақталғаны».

– Жергілікті әкімшілік қара түтіннің будақтап тұрғанын көрсе, оның құрамындағы улы заттардың қоршаған ортаға қаншалықты зиян келтіріп отырғанын анықтау үшін арнайы мамандарды шақырып, сараптамадан өткізуіне болады. Дәлелденген жағдайда, келтірілген зиянның мөлшеріне қарай өтемақы төленеді, – дейді зауыт директоры.

Жол құрылысына арналған материал шығаратын «Газпромнефть – Битум Қазақстан» зауыты 2011 жылы пайдалануға берілген. Жылына 280 мың тоннаға дейін битум шығаруды жоспарлаған зауыт 2012 жылы ресейлік «Газпром нефть» мұнай компаниясының иелігіне өткен. Зауыт Қазақстандағы жол құрылыстарына, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі жұмысына да қатысатынын айтады.
  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG