Accessibility links

Зағип белсендінің бір күні


Зағип белсенді Виктор Тысяцкий. Алматы, 30 маусым 2012 жыл.

Зағип белсенді Виктор Тысяцкий. Алматы, 30 маусым 2012 жыл.

Виктор Тысяцкий «көшеге шықсам, шексіз ғарышқа шыққандай боламын» дейді. Ол өзі сияқты мүгедектер қоғамының жұмысына белсенді түрде қатысады.

Бірінші топ мүгедегі, көзі көрмейтін Виктор Тысяцкий Алматы қаласында бір бөлмелі шағын пәтерде жалғыз тұрады. Жалғыз тұрғандықтан болар мейманға әрдайым есігі ашық. Қаңтар айында 70-ке толғанында достары мен туған әпкесі келіп, құттықтап кетіпті.

- Әйелім де, балаларым да бар. Бірақ олар Ресейдің Тогучин қаласында тұрады. Әйелім - сол жақтың тумасы. Немерелерім мен бір шөберем бар, - дейді Виктор Тысяцкий.

Виктор Тысяцкий 10 жасында жерді шұқылап отырғанда жарылғыш затқа тап болып, көзінен және сол қолының үш саусағынан айырылыпты.

«СӨЙЛЕЙТІН» ТЕХНИКА

Ол үй тірлігімен ешкімнің жәрдемінсіз өзі айналысып, қоғамдық жұмысқа да белсене қатысады.

Ескі панель үйдегі пәтердің аумағы 31 шаршы метрден сәл ғана асады. Бірақ шағын пәтердің іші сипалап жүріп, бағдар табуға оңай. Дәліздің сол жағында - ас үй, ал қарсы бетте - балконы бар жалғыз бөлме. Виктор Тысяцкий балконның бір жағын сөрелерге бөліп - шкаф, ал екінші жағынан аспалы мини-бақша жасап қойыпты. Аспалы бақшасында бұршақ, қияр және басқа да көкөністер өсіреді.

Виктор Тысяцкий қол телефон ұстап отыр.

Виктор Тысяцкий қол телефон ұстап отыр.

Үйде совет заманында шыққан техника көп. Төрде теледидар тұр. Бірақ Виктор Тысяцкий сыртқы дүниеде не болып жатқанын радиодан естіп-біледі. Мұнда сағат неше болғанын хабарлап тұратын, әрі таңертең адамды «сөйлеп» оятатын электронды сағат та бар.

Ас үйде тұрған ескі телефонға қоңырау шалған адамның сөздерін жазып алатын құрылғы қосылған. Жанында кассетаны да, дискіні де оқи алатын Қытай магнитофоны тұр. Виктор Тысяцкий магнитофонды кітапхана ретінде пайдаланады екен. Одан көркем әдебиеттен бастап техникалық кітаптарға дейін, мысалы компьютерді үйрететін аудио кітаптарды да тыңдауға болады. Виктор Тысяцкийдің үйінде арнайы бағдарлама арқылы алған компьютері де бар.

«ТИФЛОҚҰРАЛДАР ЖҰРТТЫҢ БӘРІНЕ БІРДЕЙ ЖЕТПЕЙДІ»

Зағип жанға күнделікті тұрмыста көмектесетін заттарды «тифлоқұралдар» деп атайды. Көзі көрмейтін мүгедектерге бұл құралдар жеке оңалту бағдарламасы арқылы берілуі тиіс. Бірақ іс жүзінде бұл заттарға әркімнің қолы жете бермейді.

Виктор Тысяцкий осы құралдарды ала алмай жүрген бір таныс әйелдің өмірі жайлы айтты.

Виктор Тысяцкий Брайль әліпбиімен жазылған мәтінді оқып отыр.

Виктор Тысяцкий Брайль әліпбиімен жазылған мәтінді оқып отыр.

- Надежда Егоровна бетон зауытында 10 жылдан артық жұмыс істеген. 1981 жылы оның краны апатқа ұшырап, көзіне зақым келіп, екінші топтағы мүгедек болып қалды. Сот арқылы зауыттан аздаған өтемақы өндіріп алды. Енді комиссия оны жеке оңалту бағдарламасына қоспай отыр. Мен мұны әділетсіздік және адамшылыққа жатпайтын қылық деп есептеймін, - дейді ол.

Виктор Тысяцкийдің түсіндіруінше, медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы мүгедек жандардың әрқайсысының жағдайын талдап, оған жеке оңалту бағдарламасының қажеттігі туралы шешім шығарады. Мүгедек жандар үшін осы комиссия берген анықтама негізінде тифлоқұралдар, санаторийлік-курорттық емделуге жолдама алу, жеке көмекші көрсететін қызметке тапсырыс беру, су мен газдың есептегіш аспаптарын ауыстыру үшін бөлінетін материалдық көмек алу сияқты жеңілдіктер қарастырылған.

Оның айтуынша, Алматыда көзі көрмейтін 1 мың 500 мүгедек жан бар. Таныс әйелдің заңды көмек алуына көмектескісі келген Виктор Тысяцкий өзінің прокуратураға жазған арызында бірінші топ мүгедегінің құқығын қорғауды және ол әйелді жеке оңалту бағдарламасына бекітуді талап етеді.

Виктор Тысяцкий құжат толтырғанда немесе басқа бір маңызды ақпарат жазғанда зағип жандарға арналған ерекше әліпби – Брайль жазуын пайдаланады. Ол ішіндегі қатты қағазға тас қарындашпен (грифель) әріптер жазылатын металл планшетті шығарып көрсетті. Брайль әріптері саусаққа сезілетін нүктелерден тұрады. Саусақты қағаз бетімен жүргізе отырып, осы нүктелерді оқуға болады. Бірақ Виктор Тысяцкий ұялы телефонының ішіндегі диктофонға жазылған дыбысқа көбірек жүгінеді екен. Қажетті ақпаратты тыңдағанға, қалада алып жүруге сол ыңғайлырақ көрінеді.

"Подранки-Шарасыздар" қоғамына мүгедектер ортақ мәселелерді талқылауға келді.

"Подранки-Шарасыздар" қоғамына мүгедектер ортақ мәселелерді талқылауға келді.

Мүгедек жандардың құқығы мен мүддесін қорғау Виктор Тысяцкий өмірінің мәніне айналған. Ол мүгедектердің «Подранки-Шарасыздар» қоғамдық бірлестігі басшысының орынбасары қызметін атқарады. Бұл бірлестікке Алматыдан 60 мүгедек адам мүше. Мүшелік жарна - 500 теңге. Осы жартымсыз жарнаға қарамастан, Виктор Тысяцкий мен бірлестік жетекшісі Ғалия Тобатаева түрлі акциялар мен мүгедек жандардың жиынын жиірек өткізуге тырысады.

«ЖӘРДЕМАҚЫҒА ӨМІР СҮРУ ОҢАЙ ЕМЕС»

Виктор Тысяцкийдің айтуынша, мүгедектерге мемлекет тарапынан берілетін ай сайынғы жәрдемақыға күн көру қиын. Бірінші топ мүгедектері алатын айлық жәрдемақының мөлшері - биыл 25 мың теңге (160 доллар), екінші топ мүгедектері үшін - 20 мың теңгеге жуық, үшінші топтағылар шамамен 14 мың теңге алады.

- Басқалармен салыстырғанда, менің зейнетақым біршама тәуір. Қазір мен 58 мың теңге аламын. Менің бір таныстарым - ерлі-зайыпты мүгедектер 26 мың теңгеден алады. Коммуналдық қызметтің бағасы 30 пайызға көтерілді. Оған күнделікті тамақ пен бала-шағаның киім-кешегін, басқа қажетін қосыңыз. Совет заманында мүгедектерге коммуналдық қызметтің ақысын төлеуде жеңілдік берілетін, кейін оларды алып тастады. Мүгедектердің көбі жұмысқа да тұра алмайды, - дейді Виктор Тысяцкий.
Совет заманында мүгедектерге коммуналдық қызмет ақысын төлеуде жеңілдік берілетін, кейін оларды алып тастады.

Оның айтуынша, Германиядан Иван Конье деген мүгедек досы қонаққа келген. Досының сөзінше, көзі көрмейтін жандарға берілетін жәрдемақы ол жақта күн көруге де, туристік жолдамамен ел аралауға да жетеді. Мемлекет интернеттің ақысын төлеп беріп, жол шығындарына да жеке ақша бөледі.

- Иван мұнда осыдан екі жыл бұрын ұшақпен ұшып келді. Оған дейін әйелімен Египетте, Мальдив аралында болыпты. Ал мен мына зейнетақыммен қайда бара аламын? – дейді Виктор Тысяцкий.

«ЕНДІ КОМПЬЮТЕР ҮЙРЕНЕМІН»

Виктор Тысяцкий ас үйдегі орындықтан тұрып, қабырғаны жағалап, диван, шкаф, теледидар мен үстел тұрған бөлмеге қарай жүрді. Үстелде компьютер мен принтер тұр. Жай принтер емес, Брайль форматындағы мәтіндерді қағазға басатын, нақтырақ айтқанда, тесетін принтер.

Виктор Тысяцкий шахмат ойнап отыр.

Виктор Тысяцкий шахмат ойнап отыр.

Виктор Тысяцкий компьютер мен принтерді оңалту бағдарламасы бойынша алыпты. Күрделі тифлотехника әзірше пайдаланылмай тұр. Бірақ Виктор Тысяцкий компьютерді дискідегі аудиокітапшаның көмегімен тез меңгеріп алмақ. Аудиодискіні жиірек тыңдауға тырысып, қазір көркем әдебиет оқуды да ысырып қойыпты.

Виктор Тысяцкийдің шахматты жақсы ойнайтынынан хабардар болғандықтан, кетерде бір партия ойнауды ұсындым. Үй иесі шкафтан шахмат тақтасын алып шықты. Шахмат фигуралары құлап кетпес үшін тақтадағы тор көздердің әрқайсысының ортасы ойылған. Фигураларды орналастырған соң ойын басталды. Партия аяқталғанда зағип жандардың шахмат ойынында ғана емес, кез-келген істе жанары сау жандарға есе жібермейтініне көзім жетті. Осы арада «көздері шырадай жанып тұрса да, көп нәрсені көре бермейтін жандар да бар ғой» деген ой келді.
XS
SM
MD
LG