Accessibility links

Қазақстанда Орталық Азия сайттары ашылмайды


Қазақстанда ашылмай тұрған fergananews.com сайтының бас беті. Көрнекі сурет

Қазақстанда ашылмай тұрған fergananews.com сайтының бас беті. Көрнекі сурет

Орталық Азия жаңалықтарын қамтитын вебпорталдардың бірі "Сайрамдағы жанжалдан" кейін Қазақстан тарапынан бұғатталғанын айтады. Елдегі ұлттық интернет провайдер бұл мәліметті терістейді.

Қазақстанда Орталық Азия жаңалықтарын қамтып отыратын кейбір вебсайттардың соңғы бірнеше ай бойы ашылмай тұруы интернет арқылы балама ақпарат ресурстарын пайдаланып жүрген қолданушылар жиі талқылайтын мәселеге айналды. Мысалы осы аймақ елдері туралы ақпарат беруші Ca-news.org сайтын шілде айынан бері Қазақстанның ішінде ашу мүмкін емес. Сайт өкілдерінің айтуынша, бұған дейін елдің ірі қалаларынан қолданушылар хабарласып, порталдың істемей тұрғанын айтқан. Олардың арасында «Қазақтелеком» мен өзге де қазақстандық интернет провайдерлердің клиенттері болған.

«ӨЗБЕКСТАНДА ОҢАЙЫРАҚ БОЛЫП ШЫҚТЫ»

Ca-news.org сайты бұған дейін барлық провайдерлерге ресми сауал жолдап, себебін сұрағанмен олардан ешқандай жауап болмағанын айтты.

Бізді Өзбекстанда да жүйелі түрде бұғаттап тұрады. Біз оған үйреніп те кеттік. Бірақ сайтымыз толық жабылмайды, егер қандай да жаңалық ұнамаса, бұғаттауы мүмкін. Алайда жалпы алғанда Өзбекстанда жұмыс істеу Қазақстаннан гөрі оңайырақ болып шықты. Қазақстанда бізді себептен-себепсіз жауып тастайды, - дейді порталдың редакторы Алина Сагимбаева.

ca-news.org вебсайтының "Қазақстанда бұғатталдық" деген ақпараты көрсетілген шеттен ашылған бас бетінің скриншоты

ca-news.org вебсайтының "Қазақстанда бұғатталдық" деген ақпараты көрсетілген шеттен ашылған бас бетінің скриншоты

Порталдың бірнеше күн бұрын таратқан мәлімдемесінде ресурстың «қоғамдық саяси диалог пен демократиялық қоғамда қорғалатын интернет еркіндігі өлшемдерінен» аспай жұмыс істеп келгені де жазылған. Дерек бойынша, порталға айына кіретін қолданушылар саны 400 мыңға дейін жетсе, оның қомақты бөлігін Қазақстан қолданушылары құрайды.

Сайт өкілдері Азаттыққа мәселе шешілмесе, халықаралық ұйымдарға шағымданатынын айтады.

Қазақстан территориясынан ашылмай тұрған және бір орталық азиялық портал – «Ферғана агенттігі» деген атпен белгілі Fergananews.com сайты. Бас кеңсесі Мәскеуде орналасқан сайт Өзбекстан аудиториясына арналғанмен Орталық Азиядағы маңызды оқиғаларды да қамтып отырады. Сайттың бас редакторы Даниил Кислов тамыз айының соңында сондай оқиғалардың бірі – Сайрамдағы қазақ-өзбек жанжалы туралы материал жарияланған соң порталдың Қазақстан тарапынан бұғатталып қалғанын айтады.

Мұны сайттың астыңғы жағындағы статистикаға қарап та бірден байқауға болады. Тамыздың 28-29-ынан кейін қолданушылар саны күрт төмендеп кетті. Әдетте күніне Қазақстан жағынан шамамен үш мың қолданушы кіретін. Ал қазір шамамен 50-ақ адам кіреді, - дейді Даниил Кислов.

«ШЕКТЕУ ҚОЙҒАН ЖОҚПЫЗ»

Портал өкілдері әзірге, Қазақстанның ешқандай мекемесіне хат жазбағанын, қандай шара қолдануды ойластырып жатқанын айтады. Сайт өкілдерінің дерегінше, Ферғана сайты 2005 жылдан бері Өзбекстанда жабық. Бірақ соған қарамастан қолданушылар сайтқа прокси-серверлер арқылы кіріп отырады. Бұған дейін сайт Қырғызстанда сот шешімімен жабылып, қайта ашылған. Түркіменстан мен Тәжікстанда да ара-тұра сайттың жекелеген материалдары бұғатталып тұрады.

Азаттық тілшісі Қазақстандағы ең ірі провайдер – «Қазақтелеком» компаниясына Орталық Азиялық сайттардың ашылмай қалуының себебін сұрапы хабарласты. Компанияның қоғамдық байланыс қызметінің жетекшісі Юлия Исакова қазанның 2-сі күні жолдаған жазбаша жауапта: «ca-news.org пен fergananews.com сайттарына кіруге «Қазақтелеком» АҚ-ның желісінде шектеу қойылмаған. Интернет ресурстарында орналасқан шетелдік БАҚ өнімдерін таратуды тоқтатуды «Қазақтелеком» АҚ сот органдары шешімдерінің негізінде жүзеге асырады» деп жазылған.

Шетелдік БАҚ өнімдерін таратуды тоқтатуды «Қазақтелеком» сот органдары шешімдерінің негізінде жүзеге асырады.

Қазақстанда тәуелсіз вебсайттар жиі бұғатталады. Биыл Азаттық радиосының бірқатар вебматериалдары белгісіз себеппен Қазақстанда ашылмай қалды. Ал тұтас сайтының ашылуы қиындаған жергілікті оппозициялық онлайн БАҚ-тар аудиториясын қайта қалыптастыруға тура келсе де, жаңадан балама сайттар ашуға мәжбүр. Мәселен, сәуір айында сот шешімі бойынша жабылған «Ассанди-Таймс» газетінің журналистері nakanune.kz деп аталатын жаңа интернет порталын ашты.

2012 жылы желтоқсан айында Қазақстан бас прокуратурасы «экстремистік басылымдар» деген айыбы бойынша, «Голос Республики – калейдоскоп событий недели», «Республика. Деловое обозрение – дубль 2», «Моя Республика. Факты, события, люди», «Республика – информационно-аналитический еженедельник» және басқа да ақпарат құралдарының (жиыны 23 интернет-ресурс) қызметіне тыйым салған еді.

Биылғы наурызда сөз бостандығын қорғаумен айналысатын «Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders) халықаралық ұйымы «Интернеттің жаулары» деп аталатын жыл сайынғы есебінде Қазақстанда интернетке шектеу қою жылдан жылға күшейіп келе жатқанын мәлімдеген болатын.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG