Accessibility links

Қан бермей қойсам, қылмыс жасағандай қуыстанамын


Қан тапсырып отырған адам. (Көрнекі сурет)

Қан тапсырып отырған адам. (Көрнекі сурет)

Көзімде енді ашып, жастықтан басымды көтергенім сол еді, ұялы телефон шырылдап қоя берді.

– Руслан Ерболович, сәлеметсіз бе?

Жүрегім зу ете қалды. Басыма келген алғаш ой – «Кредит төлеуді тағы да ұмыттым ба?»

Екі-үш жерде қатар жұмыс істеп, қос-қостан лақап есім арқалап алған мен пақырды анда-санда осылайша банк қызметкерлері ғана әкемнің шын атымен іздеп тұратыны бар. Тұтқаның арғы жағында не айтып жатқанына мән берместен төсектен секіріп тұрдым. «Бұл айдың кредитін кеше ғана төледім ғой» сөзі тілімнің ұшына лезде жетті. Аз болмағанда екпіндетіп айтып та салар едім.

– Алло, бұл қан орталығынан ғой.

– А, қайдан?

– Қан орталығынан. Сіздің қаныңыз жақсы ғой. Бізге келіп донор болсаңыз...

– Қан дейсіз бе?.. Не ғой... өткенде ғана тапсырдым емес пе? Әлі алты ай толмаса керек, – деп сасқалақтадым да қалдым.

– Руслан Ерболович, сіз соңғы рет қан тапсырған уақыттан бері бүгін алты ай болды. Сондықтан сенбіге дейін бізге келіп, қан тапсырып кетіңіз!

Қоңырау соғушы менің жауабымды күтпестен телефон тұтқасын қоя салды. Міне, бұйрық! Жеткен күнім осы еді! Мен оларға міндеттімін бе?! Әлде біреуге қарызбын ба?! Ашуым бұрқ ете түскенімен көпке созылмады. «Тапсырмағанда қайда барасың?» деп екінші ойым өзімді мазақтай түсті. Көндім. Бармағанда не істеймін?

Алғаш рет кімге не үшін қан тапсырғаным есімде жоқ. Есімде қалғаны – ақ халаттағы әдемі медбикенің телефон нөмірім мен тұрғылықты мекен-жайымды сұрағаны. «Сенікі таптырмайтын қан» деді ол әдемі дауысымен көзіме тіке қарап. Онысын мен басқаша түсіндім. Топ жігіттің ішінен өзімді ғана ерекше ұнатып тұр деп түйдім. Сөйтсем де, сұрағанын бере қоймадым. Бере қоятындай нөмір де жоқ болатын. Ол – мобильді телефон тұрмақ мына Астананың елесі де жоқ кездегі студенттік шағымыз еді. Тұрғылықты мекен-жай – Алматының жеті жатақханасы. Аптаның әр күні бұйырғанына түнеп жүргендіктен тұрақты мекен-жайдың қайсысын айтасың.

«Ауылдағы көршімнің досының служагының інісіне керек» деген соң қызыл қанымызды аяймыз ба, топырлап жетіп бардық.

Бір күні бірақ қайта бардық. Қытайдың құрғақ лапшасы мен әлеуметтік ең арзан нанға қарап қалсақ та, әркіммен әсіре досшыл кезіміз ғой, қасымдағы жігіттің «Ауылдағы көршімнің досының служагының інісіне керек» деген соң қызыл қанымызды аяймыз ба, топырлап жетіп бардық. Бұл жолы телефон нөмірін сұрауға медбикелердің шамасы жетпеді. Менімен алыссын келіп. Бірі мұсатырлы спирт иіскетіп, екіншісі терезе ашып салқын ауа желдетіп, үшіншісі бетіме су бүркіп, төртіншісі қолтықтап, әйтеуір жандары қалмады. Сөйтсем, аш жүргенде қан тапсыруға болмайды екен ғой! Аш келсең, қан беріп жатқан сәтіңде сылқ етіп, есіңді білмей бірден құлайды екенсің. Осыдан кейін мен қан тапсырудан қашып жүрдім. Бірақ қуғыншылар бәрібір соңымнан қалмады.

«Қаныңыз керек. Таптырмайтын қан екен... Беріңізші...». Астанаға келген жылы қан орталығына бір кіріп шыққан соң, өзім мүлдем танымайтын адамдардан осындай өтініштерді жиі ести бастадым. Кейде бардым, кейде бас тарттым, кейде реті келмеді. Реті келмеген сәттері «Біреудің обалына қалдым ба?» деген ой да қажытты. Қан бермей қойсаң, қылмыс істегендей қуыстанасың. Бірақ «қан берші» деп тұрса, өз жаныңды ойлап, қысылып та қаласың.

Қан тапсырып отырған адамдар. (Көрнекі сурет)

Қан тапсырып отырған адамдар. (Көрнекі сурет)

Қан орталығына барсаң, көбіне әскерилер мен студенттер жүреді. Студенттерден білмеймін, әскерилер донор болғаны үшін қуанады. Себебі бақандай екі күндік демалыс алады. Бұлардан өзге орталықта науқастың тілеуін тілеген ағайын-туыс жүреді. Өз еркімен «қан бергіштерді» көп көре бермейсің. Сосын ойың бұзылады. Кейде сыралатып қыдырып кетейін десең, біреуге аяқ асты қаның қажет болып қала ма деп қуыстанасың. Осындай түрлі оймен әуре-сарсаңға түсіп жүрген бір аралықта қалта телефонды жоғалтып, жаңа нөмірге ауысып кеттім. Соның әсері болса керек, қан сұраушылардың «құрығынан» сытылып кеткендей болдым. Бірақ өмір мені олардың қармағына қайта қаптырды. Қазір берген қарызын кешіктірмей қайтарып алғысы келетін банк қызметкерлері секілді орталық мені ұмытпай іздеп тұрады. Тіпті «Келесіз бе?» деп те сұрамайтын жағдайға жетті. «Келіп кетіңіз!» деп бұйыра салады. Осылайша қан тапсырып, донор болу менің міндетті көп борышымның біріне айналды.

Тіркеуден, тексеруден өтіп, қан алардың алдында ғана берілетін тегін қара шайды ішіп алып, қан құю бөлмесіне кіре бастаған сәттен-ақ медбикелер бірінші болып ұстап алуға таласа бастайды.

– Жиі келетін жандар бірден байқалады. Тамырлары таныс қой, – деп күледі олар.

Өз басым құтыға қанның қалай құйылып жатқанына қарағым келмейді. Себебі өлердей қорқамын. Тербеліп тұрып толатын құтыға көз салсам, басым айналып құлап қалатын секілдімін. Өгіздей еркектердің қан тапсырып жатып сылқ етіп құлағандарын бірнеше мәрте көргенмін. Бізбен салыстырғанда әйелдердің жаны сыр. Құты бойлап аққан қызыл қанға телесериал қарағандай былқ етпей қарап, беймарал отыра береді. Қызметкерлер мұның сиқырын «әйелдердің мықтылығымен» түсіндіреді.

– Күнде қан көресіздер, жұмыстарыңыз ауыр шығар?

– Жоқ, – дейді тамырға ұзын қалың инесін қадап жатқан медбике, – бізге сергек адамдар ғана келеді.

Қан беруге келгендердің көпшілігі тексеруден өте алмайды. Қатар отырып қан тапсырған студент жеті досымен бірге келген екен, дәрігер төртеуіне ғана қан беруге рұқсат етіпті. Осындайда өзіңді ешкімге белгісіз бір «миссияны» елден тығылып орындап жүрген белгісіз батыр секілді сезініп кететінің тағы бар.

Арнайы құтыға 450 грамм қанымды толтырып беріп, тіркеу қызметіне қайта барған едім, әдеттегі жарты келіге жуық кәмпит-шоколадтың орнына бұл жолы қолыма 530 теңгені ұстата салды. Құн бағамына салсақ, сонда менің қанымның 1 грамы шамамен 1 теңге 17 тиын болғаны ғой.Өмірімде бірінші рет қанымның ақысына теңге алып, біртүрлі болып ренжіп қалдым. Кәмпит-шоколадым қандай тәтті еді!

XS
SM
MD
LG