Accessibility links

Жұматай мен Катулл


Жұматай Жақыпбаевтың өзі дүние салған соң шыққан "Көкте xаттар" (1992) кітабындағы суреті.

Жұматай Жақыпбаевтың өзі дүние салған соң шыққан "Көкте xаттар" (1992) кітабындағы суреті.

Ақын Жұматай Жақыпбаевтың 70 жылдығына арнаймын.

Жұматайды қазір білмейтін қазақ жоқ. Оған зерттеулер де арналып жатыр, кітаптары да бірнеше мәрте шықты, тіпті, «Жұматай – жыр қағаны» атты республикалық жыр мүшәйрасы да өтіп үлгерді. Енді біз замандас ақынымыздың әлемдік поэзиядағы орны жөнінде ойлануымыз керек.

Ал егер Жұматайды әлемдік поэзияда кіммен салыстыруға болады десеңіздер мен оны Данте, Петраркамен емес, тіпті «Мухаббат наме» жазған Хорезмимен де емес, ұрым (ежелгі Римді айтады – ред.) ақыны, әлем поэзиясындағы алғашқы лирик Гай Валерий Катулмен салыстырар едім. Әрине, ол Катулл сияқты ашық эротикалық өлеңдер жазған жоқ шығар, бірақ Катулдың өзі мұндай инабат онша сақталмайтын поэзияға махаббат азабынан келген жоқ па?

Катулдың Лесбиямен кездесуі де ол үшін оңай болған жоқ. Лесбия ұрымның жақсы-жайсаңынан шыққан ерке-тотайы еді. Ұрым ақындары өлеңдерінде өз сұлуларының шын атын атамай, оларды бүркеншік атпен шығаратын. Сондықтан Катулдың сүйіктісінің аты Клодия болса да, ол оны Лесбия деп атаған. Ол Цицеронды қуғындаушы атақты Клодийдің апасы, дегдар, ақсүйек әйел еді. Өзі аса сұлу болса да, етегіне аят оқымаған дейтіндей тұлға еді. Нәзік жандарға кетәрі емес Катулл Лесбиядан жеті жас кіші болса да, «ол тек мені сүйеді» деп, оған [көңілі] қатты құлайды. Ол Лесбияның үйіне барып жүргенде, оның сүйікті торғайымен достасып, оған өлең арнайды. Ақыры Лесбиямен мүлде жақындасып, арманына жетеді. Сезіміне мастанған Катулл оған мынандай өлең арнайды.

Уа, Лесбия, тұрайық бірге енді біз,

Бабай шалдар өсектесе түкір тек.

Бүкіл өмір біздікі ғой ендігі,

Соңыма ер де құшақ жайып жүгір тек.

Жарық күнді аңсамайық, тез батсын

Күннің көзі, түн түссе екен тезірек.

Түн де түсті, құшағымда сен жатсың,

Сүйем сені ерініңнен елжіреп.

Сен де мені жүз рет сүй, мың рет,

Тағы да мың, тағы да жүз, тағы да.

Сүйісу ол тоқтамайтын құдырет,

Есебіне жете алмайтын қазына.

Сүйе берші мыңдап тағы, тағы сүй

Ал егер де титықтасаң құр сүлде,

Өшіре сал сүйістердің ағысын,

Қызғаныштан жарылмасын күншілдер.

(Аударған – Әуезхан Қодар.)

Бірақ Катулдың бағы ұзаққа созылмады. Бір күні ол өзіне ең жақын санаған сүйікті әйелінің басқалармен болғанын да біледі. Лесбияға деген махаббат Катулл шығармашылығын шұғылаға толтырды, бірақ, сонымен қатар, ол оны қасіретке батырды. Осы қасіреттен ақын өле өлгенше арыла алмады.

Жұматай Жақыпбаевтың "В замке Богдана Хмельницкого" деген орысша өлеңінің қолжазбасы. Қолжазбаны ақын кезінде Әуезхан Қодарға сыйлаған.

Жұматай Жақыпбаевтың "В замке Богдана Хмельницкого" деген орысша өлеңінің қолжазбасы. Қолжазбаны ақын кезінде Әуезхан Қодарға сыйлаған.

Сол сияқты Жұматай поэзиясын да үш кезеңге бөлуге болады, бірақ, өкінішке орай, ол Ләйләмен бір сәт кездескені болмаса, өмірі бірге болған емес. Ләйлә ол үшін әрқашанда пендеуи тіршіліктен бөлек, аспани, тәңіри әлем болды.

Оның өмірінен Ләйлә ғайып болғаннан кейін ақын Алматыға оқуға түсіп, одан бір себептермен шығып кетіп, Сарноқай тауында біраз уақыт жас ақынның еркелігіне толы сар-серінің тіршілігін кешеді. Іс жүзінде Катулге ұқсайтын кезеңі - осы. Осы кезеңде Жұматайдан көптеген эпиграммалар, қысқа да нұсқа суырыпсалма өлеңдер қалған. Олар әлі бөлек кітап болып шыға қойған жоқ, бірақ замандастарының жадында. Оқимын дегендерге интернеттегі Жұматайдың жеке бетінен қарауға болады.

Ал егер Жұматай поэзиясының соңғы кезеңіне келетін болсақ, ол - оның Алматыда тұрған 10-15 жылы. Оның Алматыға қайта оралу жолы өте сәтті басталып еді. 70-жылдары Алматыда жастарға арналған «Жалын» журналы шыға бастаған. Алғашқыда оны көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиев басқарған. Міне, сол ағамыз Жұматайды жұмысқа шақырып, тіпті, поэзия бөлімі меңгерушісі қызметіне тағайындайды. Бірақ сол кезде бір оңтүстіктен шыққан ақынның жұлдызы жанып, зиялы қауым алғашқы кезде Жұматайдың үнділік, ортаазиялық сарындағы рубаб аспабына сүйсінсе де, оған көп басын қатырмай, күрделі поэзиясының сырын ұғынуға да тырыспай, үйреншікті барабан ырғағына елтіп, бейкүнә пионерлер маршымен жүре береді.

Сөйтіп, Жұматай көңілі көтеріңкі совет заманының жалпылама ұрдажық бағытына келіңкіремей қалады. Замандастары ең қызғылықты, өте құнды қазына ұсына алатын ақынынан енді бетін теріс бұра бастайды. Ақынның ғұмыр бойы шығарғаны - үш-ақ кітап. Оны шет ел түгілі, облыс, ауданаралық іссапарға да жібермейді. Сондағы Жұматай поэзиясының бар кінәсі - оның ешкімге ұқсамайтын, еш идеологияға көнбейтін өзгешілігінде еді. Егер есіңізде болса, оның «Ғажайып сәттің туарын сезіпте керім» өлеңі былай аяқталады:

Тағдырға маған оңай бақ әперме деуші ем,

Ойлаушы ем жұрттың бәрін де әкем деп өңшең...

... Гүл іздеп жүріп күнінен айырылып қалған

Әпенде көрсең, сәлем айт, әпенде көрсең!

Жұматай Жақыпбаевтың газетке шыққан өлеңдері мен суреті. Скриншотты жіберген - Әуезхан Қодар.

Жұматай Жақыпбаевтың газетке шыққан өлеңдері мен суреті. Скриншотты жіберген - Әуезхан Қодар.

Мен Жұматайдың осы соңғы екі жолын қазақ поэзиясындағы революция деп санаймын. Әрине, мұнда ащы мысқыл да жоқ емес, тіпті өзін-өзі әжуалау түрде мүсіркеу де бар. Әйтсе де, соның арғы жағында ғажап тазалық, тіпті, тәкаппарлық тұр. Өйткені оның өз тағдырын, өз құндылықтарын ешнәрсеге айырбастағысы жоқ. Жұрт пұл іздесе, Жұматай гүл іздейді.

Бұл тұрғыда тағы бір айта кететін жәйт - өзі елеусіз, лауазымсыз боп жүрген ақынның жас ақындарға деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы. Егер оның бұл ойының шығу тегіне үңілсеңіз, Жұматай - халқымыздың, зиялы қауымымыздың өз ақындарын жоюшы, олардың абыройын аяққа таптаушы жалмауыз қауым екенін концептуалдық түрде түсінген алғаш тұлға.

Егер еске түсірсеңіз, оның бұл дүниемен қош айтысқан соңғы өлеңі былай басталады:

Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,

Көп кещеге не бетіммен кектенем.

Бақыт қолы, сірә, бізге жетер ме,

Мұқағали, Төлегенге жетпеген.

Мұнда ол өзін қазақтың ең аяулы ақындарының аянышты тағдырының мұрагері ретінде сезініп отыр. Өйткені қазақ ақындары үшін өзге тағдыр жоқ. Францияда, Англияда ақынға таланты үшін ең құрметті дәреже және ең жоғарғы орден берілетін болса, тіпті, ең жақын көршіміз Ресейде ақынды ең болмағанда өлгеннен кейін аялайтын болса, бізде ол да жоқ. Бізде ақын өлгеннен кейін де кешірілмейді. Тіпті, Абай мерейтойының өзін 150 жылдан кейін жасаған жоқпыз ба? Ал ақын дегеніміз әрбір ұлттың ең қымбат тұлғасы болуға тиіс. Себебі, мүсәпірліктің, дәрменсіздіктің ең дәрменсіз түрі тасқұлақтық пен мылқаулық. Оған тағы көрсоқырлықты қосыңыз. Ал ақын көреді, естиді, айтады. Және сол жалғыз ақынның айтқанын мыңдаған адам қайталап, соның арқасында мәдениет, өркениет жасалады.

Біздің қазіргі заман - көшіру мен қайталау заманы. Бір төбесі тесік тұлға жасаған нәрсені миллиондаған адам қайталайды. Ал сол миллиондаған адам сонда өзі ешнәрсе жасамайды ғой, ешнәрсе ашпайды ғой! Олардікі тек автоматты түрде қайталау ғана. Орыс поэзиясын бір Пушкин жасаған деңгейден тек Иосиф Бродский ғана басқа деңгейге көтерді. Егер Пушкин орыстың ұлттық поэзиясын жасаса, Бродский оны еуропалық бағытқа бұрды. Сонда орыс поэзиясы шамамен 200 жылдай бір бағытта болған. Сол сияқты Жұматай Жақыпбаев поэзиясы да қазақ поэзиясын шығыстық, шайырлық деңгейге көтерген поэзия болатын. Міне, осы лирика деп аталатын дарынсыздардың қолы жетпес шыңда Жұматай адамзаттың бірінші лиригі Катулмен кездесіп, оның ісін әрі жалғастырады.

Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG