Accessibility links

Стейси Даллмэннің Қазақстан туралы блогы пікірталас туғызды


Стейси Даллмэннің блогынан алынған скриншот.

Стейси Даллмэннің блогынан алынған скриншот.

Астаналық «Барыс» хоккей клубының капитаны Кевин Даллмэннің (Канада) әйелі Стейси Даллмэннің Қазақстанға қатысты блогы интернетте қызу пікірталас туғызды. Отанына оралысымен Астанадағы сегіз ай өмірін баяндап, ондағы жемқорлық пен өзге де мәселелерді айтқан шетел азаматы «Қазақстанда әділетсіздік орнаған» деп жазады.

Стейси Даллмэнның блогын қазақстандық интернет-басылымдар қазақ және орыс тілдеріне аударып жариялады. Кей бұқаралық ақпарат құралдары «Стейси Даллмэннің блогы өшірілді» деп хабарлады. Алайда Стейси Даллмэннің ағылшын тілінде жазылған блогы ашылып тұр.

«ӘДІЛЕТСІЗДІККЕ НЕГІЗДЕЛГЕН» ҚАЗАҚСТАН

Стейси Даллмэн наурыз айында жариялаған блогында еліне оралғанына қуанатынын айтып, Қазақстанға қатысты былай деп жазады:

«Мен неге мұның бәріне шыдамым таусылып бара жатқанын білмеймін. Бірақ табиғи ресурстарға осыншама бай, потенциалы үлкен мемлекеттегі адамдардың мынандай кедейшілікте өмір сүріп жатқанын көргенде шынымен де жаным ашиды. Олар қазба байлықтардан көк тиын пайда көрмейді. Елдің дамуына жұмсалуы тиіс ақша жемқорлық, алдау, ұрлау, қанағатсыздық пен эгоизм арқылы жоқ болып кетеді. Бұл сұмдық үкіметтік органдардан бастап кішігірім бизнестерге дейін, тіпті қарапайым үй мен бала күтушілерге дейін де бар. Мұнда адал да шыншыл, ақшасын жинап, өмірінде бірдеңеге жеткісі келетін қарапайым азаматтарға орын жоқ».

Ол Қазақстандағы жемқорлық мәселесін де жазады. «Мен мұндай нәрселердің күннен-күнге тереңдеп бара жатқанын өз көзіммен көріп отырған соң жүрегімнің ауыратыны сонша, біреу менен сұраса, кім солай жасап жатқанын және оған қатысты егжей-тегжейлі ақпараттың бәрін толықтай оп-оңай айтып беруші едім. Алайда, мәселенің бәрі ешкімнің сұрамауында жатыр ғой – бұл ешкімді қызықтырмайды» дейді Стейси Даллмэнн

Стейси Даллмэн Қазақстанда басынан кешкен оқиғаларын баяндай келе, ол елдегі жағдайдың үмітсіз екенін айтады:
Мен Қазақстанмен байланысты нәрсенің бәрін жек көре бастағандаймын. Себебі бұл жерде өмір сүру салты әділетсіздікке негізделген.

«Менің бір осал тұсым – әділетсіздікке шыдай алмаймын. Өздеріне заң бойынша тиесілі емес дүниеге қол салғандарға бейжай қарай алмаймын. Мен Қазақстанмен байланысты нәрсенің бәрін жек көре бастағандаймын. Себебі бұл жерде өмір сүру салты әділетсіздікке негізделген».

Стейси Даллмэн «әлемде идеал билік жоқ» екенін, адам бар жерде «бұл, бәлкім, үнемі осылай жалғаса берер» деген күдігін айта келе:

«Алайда, бұл жемқорлықты күнделікті қалыпты жағдай секілді қабылдау керек дегенді білдірмейді» деп ой түйеді.

«БАЛЫҚ БАСЫНАН ШІРИДІ»

Стейси Даллмэннің Қазақстанға қатысты блогы интернетте қызу пікірталас туғызды.

«Атыңызды жасырмастан Қазақстандағы шындықты айтқаныңыз үшін сізге рақмет. Сіздің блогыңыз күйеуіңіз бен хоккей командасы басшыларының қарым-қатынасын бұзбайды деп үміттенемін. Сіз батыл әйел екенсіз. Жергілікті халықтың басым бөлігі елдегі жағдай туралы ешқашан ашық айтпайды» деп жазады өзін «қарапайым қазақ азаматы» деп таныстырған оқырман.
Бір ғана айырмашылығымыз – біз өз үйіміздеміз, еш жерге қашып құтыла алмаймыз.

Стейси Даллмэнның блогына пікір білдірген Азамат есімді оқырман: «Мұның жаңалығы жоқ. Қазақстандағы жағдай бұдан да нашар деп айтар едім. Біздің қоғамымыз басынан аяғына дейін жемқорлыққа батқан. Қазақтардың көбі өздерін Стейси сияқты сезінеді. Бір ғана айырмашылығымыз – біз өз үйіміздеміз, еш жерге қашып құтыла алмаймыз, қандай болса да шындықты қабылдауға тиіспіз» деп жазады.

Стейси Даллмэнның пікірімен келіскен Әлия деген оқырман: «Бізде «Балық басынан шіриді» деп айтады. Бұл – осындай жүйе. Егер Қазақстандағы жемқорлық деңгейін азайтсақ, еліміз Сингапур сияқты болар еді» дейді.

«БҰЛ – ОНЫҢ ЖЕКЕ ПІКІРІ»

Стейси Даллмэнның блогында айтылған пікірлермен келіспейтін оқырмандардың бірі Камилла Қазақстандағы жағдайды «тамаша» деп бағалап, ел билігін барынша мақтайды.

«Мен үкіметіміз бен президентімізге дән ризамын. Совет дәуірі кезінде жағдай қиын болатын, бірақ тәуелсіздік алғалы бері еліміздегі ахуал өзгерді. Жастарға да жағдай жасалған. Біздің үкіметіміз бен спорт федерациямыз еліміздің әлемдегі имиджін жақсарту үшін хоккей, футбол және тағы басқа спорт ойындарындағы сіздің күйеуіңіз сияқты ойыншыларға ақша төлейді» деп жазады Камилла.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров:

– Стейси Даллмэнның блогы туралы мен жақсы білемін. Бұл оның жеке басының ой-пікірі, – деп мәлімдеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG