Accessibility links

Блогер әкімді «қатты құрметтеп кеткенін» айтады


Блогер Айболат Бөкенов сот залынан шығып барады. Орал, 18 мамыр 2016 жыл.

Блогер Айболат Бөкенов сот залынан шығып барады. Орал, 18 мамыр 2016 жыл.

Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновті ашық сынап жүрген оралдық блогер Айболат Бөкенов аймақ басшысының қабылдауында болғаннан кейін оны «қатты құрметтеп кеткен». Ол өзін мазалап жүрген проблемалық сұрақтардың бәріне жауап алғанын айтады. Қазақстанда блогерлер мен әкімдер кездесіп тұрады.

БЛОГЕР БЕЙНЕСІ

33 жастағы Айболат Бөкенов бұрын журналист болған, ал қазір облыстық өлкетану мұражайында жұмыс істейді. Facebook желісі қолданушыларына ол жергілікті шенеуніктерді ашық сынауымен танылған. Әсіресе жеке парақшасындағы постары облыс әкімі Алтай Көлгіновтің жұмысындағы кемшіліктерді табуға арналған.

Айболат Бөкенов әкімді «ауылда шешілмей жатқан проблема көп, жол салуда бақылау жоқ, ал ол шектен тыс пиарға әуес» деп жазғырған. Әкім ағаш ексе де, велосипедпен жүрсе де, оралдық блогер «әкім мұнда ағаш егіп жүр, ал Жаңақала тұрғындары (БҚО-дағы аудан орталығы) лай су ішіп отыр» деген тәрізді әкімнің кез келген жария акциясын сынаған посттар жазатын. Өзі де Жаңақала ауданында туған Бөкенов аудан орталығы проблемаларын жақсы білетінін айтады.

Айболат билікпен тартысы жайлы талай мәлімдеген. Мысалы, мамырдың 18-інде - жер кодексіне енгізілген түзетулерге наразы халықтың жаппай наразылығы қарсаңында «митингіге шақырғаны» үшін Бөкеновті әкімшілік жазаға тартылғандарға арналған арнайы қабылдау орынға 15 тәулікке қамаған. Блогер Facebook желісінде мамырдың 21-інде Оралда өтетін митингіге келетінін, «өзгелерден де соны күтетінін» жазған. Журналистер БҚО ішкі істер департаментінде әлеуметтік желілерде билікті сынайтын авторлардың әкімшілік және қылмыстық кодекс баптарын бұзатын жазбаларын қадағалап отыратын арнайы бөлім бар екенін митинг жайлы посттары үшін Бөкенов пен тағы үш азаматтық белсендіні қамауға алғаннан кейін білген.

26 СҰРАҚ

Жуырда Айболат Бөкенов парақшасында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында болып, сұрақтарына жауап алғанын жазған болатын. Ол Азаттыққа әкіммен не жайлы сөйлескенін айтып берді.

Әкімнен ең әуелі «Жаңақала ауданы тұрғындары қашанғы сап-сары сасық су ішеді?» деп сұрадым. Ішу түгілі, ол суға кір жууға да болмайды.

- Әкімнен ең әуелі «Жаңақала ауданы тұрғындары қашанғы сап-сары сасық су ішеді?» деп сұрадым. Ішу түгілі, ол суға кір жууға да болмайды, - дейді Айболат Бөкенов.

Оның сөзінше, әкім бұл сұраққа «Жаңақала және Казталов аудандарына судыкөрші Бөкей ордасы ауданынан тартады» деп жауап берген. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен үш миллиард теңге бөлінгенін әрі билік жобаны 2018 жылға дейін аяқтайтынын айтқан.

Әкім қабылдауында болған блогер өзге проблемалармен бірге аудандардағы жергілікті мердігер ұйымдардың қызмет көрсетуі туралы мәселені де қозғаған.

- Мысалы, егер белгілі бір аудан орталығы немесе ауылдағы үйлерді тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша жергілікті мекемелер жөндесе, әлгі фирманы білетіндіктен, жергілікті тұрғындардың атқарылған жұмыс сапасына қатысты шағымдану мүмкіндігі бар. Ал қазір шалғайдағы әлдебір ауылға шымкенттік немесе БҚО-ның өзге ауданында орналасқан фирма газ немесе су тартады. Ал кейін жұмыстың нәтижесін сұрайтын кезде ешкімді таппай қаласың. Жұмысын дұрыс атқармағандарды әкімдік, прокуратура, сот арқылы іздеуге болады әрине, бірақ ауылда мұнымен кім айналысады? Оның үстіне, мұның бәрі сергелдеңге салады, - деп санайды Айболат Бөкенов.

Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов.

Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов.

Ол әкімге «Тіл туралы» заңда атауы мемлекеттік тілде жазылуы тиіс деп көрсетілгенімен, Оралдағы қызмет көрсету саласындағы ұйым-мекемелердің көбінің атауы орыс тілінде ғана жазылатынын да айтқан. Ол жергілікті автобус жүргізушілері Ресей туын жиі пайдаланады деп те шағымданған.

Блогер дерегінше, әкім оның жиыны 26 сұрағына жауап беріп, қарамағындағыларға кемшіліктерді жою жөнінде тапсырма берген. Ол кездесу соңында әкімді «мемлекеттік БАҚ-тар Алтай Көлгіновті мақтайды да жатады, бұл - шектен тыс пиар» деп жазғырғанын айтады.

- Көлгіновке «Әкім жаңа алаң салдырып, қала жолдарын жөндетті деп жұртты неге шатастырасыздар? Бұлардың бәрі бұрынғы әкім Ноғаевтың тұсында іске асқан жобалар ғой» дедім. Ал әкім маған «Айболат, бұлар менің де, Ноғаевтың да жобалары емес, мұның бәрін мемлекет жасап отыр» деді, - дейді ол.

КЕЗДЕСУДЕН КЕЙІНГІ ТҰЖЫРЫМ

Әкім Алтай Көлгінов облыстық мұражай қызметкері әрі блогер Айболат Бөкеновке жақсы әсер қалдырған тәрізді. Оның сөзінше, «енді әкім жұмыс істеуге ғана емес, өз командасының жұмысын жақсартуға қатысты ұсыныстарды қабылдауға да әзір».

Күлгіновті қатты құрметтеп кеттім. Түсінісіп, барлық сұрақтарды талқылау үшін аймақ басшысының әлдебір блогерді (күледі) қабылдауы бұрын практикамда болмаған еді.

- Көлгіновті қатты құрметтеп кеттім. Түсінісіп, барлық сұрақтарды талқылау үшін аймақ басшысының әлдебір блогерді (күледі) қабылдауы бұрын практикамда болмаған еді. Мұндай қадамға әркімнің батылы жете бермейді. Біреулер ары таза болмағандықтан қорқады, ал енді біреулер мұны ар санайды, - дейді ол.

Енді ол жергілікті өзге шенеуніктер де халыққа барынша ашық болуы тиіс деп санайды. Қазір блогер Айболат Бөкенов БҚО аудан әкімдерін facebook желісінде парақшасын ашуға міндеттейтін бастама көтерген. Қазір Facebook желісінде тек екі аудан басшысы – Тасқала мен Қазталов ауданы әкімдері ғана тіркелген. Блогердің сөзінше, бұл қадамның әкімдердің халықтың проблемалық мәселелері мен бастамаларына жедел түрде реакция танытуына септігі тиеді.

ЖЕЛІДЕГІ БИЛІК

Қазақстан билігі 2011 жылғы желтоқсанда Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласындағы қайғылы оқиғалардан кейін блогерлерді ынтымақтасуға ашық тарта бастаған. Мұнайшылардың жаппай шеруінде полицейлер оқ атып, ресми дерекке сәйкес, 16 адам мерт болып, ондаған адам оқ тиіп жараланған. «Шындығында не болғанын» жұртқа айту үшін бір топ қазақстандық блогер ел премьер-министрінің (ол кезде әлеуметтік желілерді жиі пайдаланатын Кәрім Мәсімов болған) баспасөз қызметінің шақыруымен Жаңаөзенге барған.

2014 жылғы ақпанда Алматының сол кездегі әкімі Ахметжан Есімов билікшіл блогерлерді түскі асқа шақырған. Ал ертеректе – 2009 жылы билік желінің қазақстандық пайдаланушыларын «елде болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды түсінуге қажет ең анық әрі жедел ақпарат алу» үшін «Қазконтент» компаниясын құрған.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG