Accessibility links

Назарбаевтың «мәлімдемелері» мен «қорғаушылары»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Жас Отан" съезінде. Астана, 16 қараша, 2012 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Жас Отан" съезінде. Астана, 16 қараша, 2012 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы кезде айтқан пікірлері интернет қолданушылар арасында қызу талқыланып, виртуалды даулардың өзегіне айналып жүр.

Бұл дауда кейбір қазақ блогшылары президент Назарбаевтың сөздерін оқырманға «тәпсірлеуші» рөлінде көрінді. Олар президенттің сөздерін өздерінше түсіндіріп, «Елбасының сөзін ұғуға сауаты жетпеген» халықты сөкті.

«ХАЛҚЫ ТІРЕК БОЛСА ЖАРАР ЕДІ...»

Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазан айының басында Түркияға барған сапарында: «1861 жылы соңғы қазақ ханы өлтірілді. Содан соң біз Ресей патшалығының, сосын Кеңес Одағының отарына айналдық. 150 жыл ішінде қазақтар өздерінің ұлттық салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, тілі мен дінінен айырылып қала жаздады» деген еді.
Түркияның премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған (оң жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы, 11 қазан 2012 года.

Түркияның премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған (оң жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы, 11 қазан 2012 года.


Назарбаевтың ресми Мәскеу мен орыс ұлтшылдары, тіпті қазақстандық саясаттанушылардың өзі күтпеген бұл сөзі интернетте де көп талқыланып, талай пікірталасқа себеп болды.

Блогшы Жандос Құсайынов Jaqsy.kz сайтындағы жазбасында бұл мәлімдеменің «кездейсоқ жасалмағанын» айтып, «орыстың озбырлығы мен ашық ауыз салуға деген ниеті Назарбаевты оқыс мінез көрсетуге итермеледі» деп, президентке «араша түсті».

Нұрсұлтан Назарбаевтың «мүдделер арпалысы арасында кімнен тірек таба аларын білмей, қиын жағдайда қалғанын» жазған блогшы:

«...Назарбаев енді кімге басымдық беретінін Түркияға барған ресми сапарында байқатты. Лажсыздан... Сенер ешкімі қалмады. Айтпақшы, бар екен-ау - 16 млн. халқы бар еді... Тек сол халқы қазір оған тірек болса жарар еді...» деп аяқтайды жазбасын.

«ЕЛБАСЫ ТАУХИДТІ ЖАҚСЫ БІЛЕДІ»

Қараша айының басында жергілікті «Айқын» газетінде Төре Ғали есімді автордың "Елбасы сыйлаған қазақы тұмар Обамаға жеңіс әперді" атты жазбасы жарияланды.
АҚШ президенті Обамаға Қазақстан президенті Назарбаевтың тұмардың суретін сыйлап тұрған сәті. Aikyn.kz сайтынан алынған скриншот. 8 қараша 2012 жыл.

АҚШ президенті Обамаға Қазақстан президенті Назарбаевтың тұмардың суретін сыйлап тұрған сәті. Aikyn.kz сайтынан алынған скриншот. 8 қараша 2012 жыл.


Бұл жазба түрлі форумдарға арқау болып, мәселе тіпті «елбасының тұмарға сенетін-сенбейтініне» дейін ұласты.

Президент Назарбаевты бұл жолы Ақылбек Жақыпов есімді автор «арашалады». Ол Shyn.kz сайтында жарияланған «Жағымпаздар Назарбаевқа жала жабуда» атты мақаласында «Айқынның» тілшісін «елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен күнә артып, жала жауып отыр» деп айыптады.

«...Елбасы ол кестелі тұмар бейнеленген суретті бергенде Барак Обамаға алдағы сайлауда сәттілік тілегені рас, бірақ саған бұл тұмар жеңіс әкеледі деп айтқан жоқ. Ол тұмардан басқа бірдеме сыйласа де оған сәттілік тілер еді. Шын мәнінде елбасы таухидті сенен гөрі жақсы біледі. Ол жақсылықты тұмардан, әруақтардан, ауызына тиын тістеген темір бақадан емес, Тәңірден күтеді» дейді Ақылбек Жақыпов.

«ПРЕЗИДЕНТ «ОРАМАЛ ТАҚПА» ДЕП АЙТҚАН ЖОҚ»

Президенттің сөзіне қатысты тағы бір дау өткен аптадағы «Жас Отан» съезінен кейін туындады. Онда президент Назарбаев жастарға әртүрлі кеңес айта келе, «араб киімін кимеуге» шақырған еді.
Астанада өткен "Блог-құрылтайда" өзін Азамат Битан деп таныстырған блогшы. YouTube желісінен алынған скриншот. Видео YouTube-ке 2012 жылы мамырдың 25-і күні жүктелген.

Астанада өткен "Блог-құрылтайда" өзін Азамат Битан деп таныстырған блогшы. YouTube желісінен алынған скриншот. Видео YouTube-ке 2012 жылы мамырдың 25-і күні жүктелген.


Азамат Битан есімді блогшы Shyn.kz порталындағы жазбасында «айтылған әңгімені бұрмалап, басқа бір қате мазмұнда насихаттап үлгерген» ақпарат құралдарын сөгіп, президент сөзінің орамалға қатысы жоқ екенін дәлелдеуге тырысты.

«...Расымен де біз мұсылманбыз. Дұрыс, біз араб емеспіз. Сол себепті араб киімі біздің жол емес. Олар өздерінің менталитетіне сай қара киінеді. Және әйел баласы беттерін жауып жүреді. Ал қазақтың танымы мүлдем бөлек. Яғни Елбасы қазақ жастарының қара оранып, беттерін тұмшалап тастау жайын меңзеп отыр. Бұл айтқандарын ешқандай «алаяқтыққа» салып әкетуге болмайды» дейді Азамат Битан.

«ХАЛЫҚТЫ НАЗАРБАЕВТАН ЗӘРЕЗАП ҚЫЛУШЫ ФЕНОМЕН»

Блогшы Жандос Құсайынов Jaqsy.kz порталында президент Назарбаевтың жолдауын халыққа дұрыс түсіндіре алмай жатқан әлдекімдерге деген ренішін айтып, «Путинді мақтамай, есеппен жасап жатқан» көрші Ресейді оларға үлгі қылады.

«Ана жақта «К+» тегін ютубты пайдаланып, мыңдаған көрермендерін жинап, «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» болып жатса, бұлар (Назарбаевтың жолдауын түсіндірушілер - ред.) миллиондаған қаржыны шығын қылып, он адамды ескі мектептің күнгей тұсында жинап, күнге шыжғырып, бес сағат ресми құжатты әдеттен тыс ресми оқып, миларын шірітеді» дейді блогшы.
«К+» тегін ютубты пайдаланып, көрермен жинап жатса, бұлар (Назарбаевтың жолдауын түсіндірушілер - ред.) миллиондаған қаржыны шығын қылып, он адамды жинап, құжатты әдеттен тыс ресми оқып, миларын шірітеді.

Оның ойынша, мұның бәрі - «Назарбаевтың арқасында, өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыздан» ары аспайтын көкезу-көбік әңгіме. Жалықтыру, жирендіру. Ақыры жек көргізу. Заман талабына мүлдем сай емес сайқымазақ саяси технология».

«Назарбаевтың осынша жыл төккен терін, еткен еңбегін жоққа шығаруға ары бармай отырғанын» айтқан блогшы «Назарбаевтың арқасы» деген «феноменнен» өзінің де ығыр болғанын, бұл тіркес «ел мен елбасының арасына сызат салып, алшақтатып бара жатқан зымиян саяси технология» екенін жазады.

Жандос Құсайыновтың жазуынша, «ел мен елбасының арасындағы махаббаты ояту былай тұрсын, қайта халық түсінігіндегі президентті мақтанқұмар кейіпке енгізіп жіберген», «Назарбаевтың нағыз жасап жатқан істерін жоққа шығарып, халықты оның тұлғасынан зәрезап қылуға айналдырған» - дәл осы «феномен» (яғни «Назарбаевтың арқасы» деген тіркес) екен.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG