Accessibility links

Биыл оқу бітіргендер «Болашақтан» әзірше күдер үзді


АҚШ-та жүрген қазақ студенті. (Азаттықтың Ырыс Аманкелді есімді оқырманы жүктеген сурет).

АҚШ-та жүрген қазақ студенті. (Азаттықтың Ырыс Аманкелді есімді оқырманы жүктеген сурет).

Жастарға халықаралық стипендиялар беретін «Болашақ» бағдарламасының ережесі өзгерді. Енді оны иеленгісі келетін үміткердің жұмыс өтілі болуы керек.

Биыл университет бітіретін алматылық Айдын Амангелді «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқуды армандайды. Бірақ студент бұл бағдарламаның ережесі өзгергенін естіп, таңғалып отырғанын айтады.

– Биыл бакалаврды бітіріп, магистратураны шетелде «Болашақпен» оқимын деп жоспарлап жүргенмін. Төрт жыл университетте оқығандықтан мен еш жерде жұмыс істемедім. Яғни жұмыс өтілім жоқ. «Болашақ» бағдарламасына үміткер болу үшін бір компанияда жұмыс істеу керек» деген талап менің үмітімді үзді десем де болады. Енді шетелдік оқу орындарындағы басқа бағдарламалар бойынша грант ұтып алуға тырысамын. Ал одан ештеңе шықпаса, жұмыс іздеуге тура келеді. Жұмыс тапсам, екі жылдан кейін «Болашаққа» құжат тапсырып көремін, – дейді студент.

«АУЫЛДЫҢ ДӘРІГЕРІ ШЕТЕЛДЕ ОҚЫП, ӨЗ АУЫЛЫНА ҚАЙТАДЫ»

Қазақ ұлттық университетінің мұғалімі, ғылым кандидаты Мария Жұмабекова да бұл өзгерісті қолдағанымен, осы жайтқа алаңдайтынын айтты.

– Биыл университет бітіретін жастар түпкілікті «Болашақ» мамандығынан үміттерін үзді. Енді олар бағдарламаның грантына таласуды емес, жұмыс табуды да ойлайды. Сондықтан өзгеріс енгізерде 21-22 жасында университет бітіретін жастарға жеңілдік жасалуы керек еді, – деді ол.

Мария Жұмабекованың пікірінше, «Болашақпен» шетелде оқыған мамандар Қазақстанда жұмыссыз қалып жатқан жоқ».
«Болашақпен» бітіргендер енді жоғары жалақысы бар жұмыстарға жүгірмей, өзі істеп кеткен жұмыс орнының дамуына көмектеседі.

– Олар бірден жақсы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасады. Жұмыстарды таңдайды. Ал бұл өзгерістен кейін ауыл-аудандағы ауруханаларда жұмыс істеп жүрген дәрігерлер шетелде оқып, өз ауылына қайтып келеді. Қазір «Болашақтың» түлектері банк, мұнай, экономика саласындағы ірі компанияларда қаптап кетті. Ал шағын бизнес орындары мен шағын мекемелерге барғысы келмейді. «Болашақпен» бітіргендер енді жоғары жалақысы бар жұмыстарға жүгірмей, өзі істеп кеткен жұмыс орнының дамуына көмектеседі. Екіншіден, ел бюджетіне тегін оқыған білікті маман бес жыл өзінің алған білімін Қазақстанның дамуына жұмсауы тиіс. Осы жайттардың бәрін ескере келе, бұл өзгерісті қолдауға болады, – дейді университет қызметкері.

«ЕҢБЕК ӨТІЛІ ЖОҚ ҮМІТКЕР КОНКУРСҚА ҚАТЫСА АЛМАЙДЫ»

«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы директорының орынбасары Әсет Әбдуәлиевтің айтуынша, «біріншіден, стипендияға үміткердің жұмыс өтілі «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы директорының орынбасары Әсет Әбдуәлиев.

«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы директорының орынбасары Әсет Әбдуәлиев.

болуы керек; екіншіден, жұмыс беруші компания стипендияға ие болған азаматтың жұмыс орны сақталатыны жөнінде ақпарат беру тиіс».

– Бұл талаптар ескерілмесе, үміткеріміз «Болашақ» бағдарламасымен шетелге шыға алмайды. Ал оқудан қайтып келгеннен кейін «Болашақтың» түлегі үш жылдан бес жылға дейін өзі қызмет ететін компанияда жұмыс істеуге міндетті. Жаңа талап арқылы біз бағдарлама түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету жағын ойластырып отырмыз. Әрі Қазақстандағы кез келген компаниялар өз мамандарын шетелде оқытуға мүмкіндік алады. «Болашақпен» бітіріп келген әлгі маман кейін осы мекемені басқаруы да мүмкін ғой, – дейді орталық өкілі.

«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы сайтындағы дерекке қарағанда, бұл стипендиядан үміткерлердің 1-3 жыл аралығында жұмыс өтілі болуы керек.

Әсет Әбдуәлиев конкурстың басқа ережелер өзгермегенін айтты. «Болашақ» бағдарламасының конкурсы бес турдан тұрады: Бірінші турда шет тілін білу деңгейі тексеріледі. Одан кейін қазақ тілі білімін тексереді. Үшінші турда психологиялық тест болады. Бұл кезеңдерден өткен үміткер төртінші және бесінші турда таңдаған мамандығы бойынша сынақ тапсырады.

«Болашақ» бағдарламасы орталығының дерегіне сүйенсек, бұл стипендия бойынша 5 мыңнан астам қазақстандық шетелде білім алып келген. Ал қазір екі жарым мың жас шетелде оқып жатыр. Тағы да 500 адам биыл шетелге оқуға кетеді. Қазақстандықтар «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемдегі ең үздік 200 университеттің бірінде білім алады.

1993 жылдан бері шетелде бакалаврлар оқытқан «Болашақ» бағдарламасы 2011 жылы мұны тоқтатып, магистр мен PhD курсын оқуы тиіс жастарды ғана жібере бастаған.

Қосымша материал

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидалары


1. Жалпы ережелер
....
4. «Болашақ» стипендиясы мынадай санаттарға:
1) академиялық оқуға өз бетінше түскен немесе Тізімге енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында оқитын, кемінде 2 (екі) жыл жалпы жұмыс өтілі бар магистр, философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор дәрежесін алуға, резидентурада оқуға үміткерлерге (бұдан әрі - өз бетінше түскендер санаты);
2) конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсыру сәтінде соңғы он екі айды қоса алғанда, мемлекеттік қызметте кемінде 2 (екі) жыл жалпы жұмыс өтілі бар мемлекеттік қызметші болып табылатын, магистр дәрежесін алуға үміткерлерге (бұдан әрі - мемлекеттік қызметшілер санаты);
3) конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсыру сәтінде Қазақстан Республикасының ғылыми ұйымдары мен білім беру ұйымдарының ғылыми немесе педагог қызметкерлері болып табылатын, кемінде 1 (бір) жыл ғылыми немесе педагогикалық жалпы жұмыс өтілі бар магистр дәрежесін алуға үміткерлерге (бұдан әрі - ғылыми-педагог қызметкерлер санаты);
4) конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсыру сәтінде ағымдағы жылы өздері бітіріп шыққан Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының ғылыми немесе педагог қызметкерлері болып табылатын магистр дәрежесін алуға үміткерлерге (бұдан әрі - жоғары оқу орындары түлектерінің санаты);

5) конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсыру сәтінде Қазақстан Республикасы ұйымдарының ғылыми, педагог, инженерлік-техникалық не медицина қызметкерлері болып табылатын кемінде 3 (үш) жыл жалпы, оның ішінде көрсетілген қызметкерлер ретінде кемінде 12 (он екі) ай жұмыс өтілі бар тағылымдамадан өтуге үміткерлерге (бұдан әрі - тағылымдамаға үміткерлер санаты) тағайындалады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG