Accessibility links

Саясаткерлердің кітаптарын кім сатып алады?


Кітап дүкеніндегі саясаткерлер кітаптарына арналған бұрыш. Алматы, 28 желтоқсан 2012 жыл.

Кітап дүкеніндегі саясаткерлер кітаптарына арналған бұрыш. Алматы, 28 желтоқсан 2012 жыл.

Азаттық тілшісі кітап дүкендеріне кіріп, саясаткерлердің кітаптары қалай өтетінін сұрастырған еді. Сатушылар «Назарбаевтың кітаптарын сыйлыққа, Тоқаев пен Тасмағамбетовтің кітаптарын оқуға алады» дейді.

Азаттық тілшісі аралаған Алматыдағы бірнеше кітап дүкенінде оппозициядағы саясаткерлердің кітабы кездеспеді. Ал кітап дүкенінің сатушылары саясаткерлер мен президенттің кітабына сұраныстың бар екенін айтты.

"СЫЙЛЫҚ КІТАПТАР"

Кітап дүкенінің сатушысы Әлия Батырбекованың айтуынша, халық сол кітаптардың кейбірін оқуға емес, біреуге беретін сыйлық ретінде алса, кейбірін шын қызығып алады.
Сара Назарбаеваның 50 мың теңгелік "Философия любви" кітабы. Алматы, 28 желтоқсан 2012 жыл.

Сара Назарбаеваның 50 мың теңгелік "Философия любви" кітабы. Алматы, 28 желтоқсан 2012 жыл.


- Назарбаевтың жазғандары мен ол туралы кітаптарды көбіне сыйлық үшін алады. Дүкенімізге келгендер президенттің кітабын сыйлық ретінде орап беруімізді сұрайды. Назарбаевтың кітабына студенттер мен зейнеткерлер аса қызықпайды, - дейді сұхбаттасымыз.

Кітап дүкенінің қызметкерінің айтуынша, Назарбаевтың «Елін сүйген, елі сүйген елбасы» кітабы да сыйлық ретінде өтіп жатыр.

- Бұл кітаптың бағасы жеті мың теңге болса да сұраныс жақсы. Ал Сара Назарбаеваның «Философия любви» деген кітабы сапалы, сырты таспен безендірілген. Бұл кітаптан жетеу түскен. Үшеуі өтіп кетті. Екеуі – сыйлық үшін өтсе, біреуін алматылық бір тұрғын өз кітапханасына алды. Кейде ірі мекемелер Назарбаев туралы кітаптарды немесе оның еңбектерін конкурстардың жеңімпаздарына беру үшін де топтап сатып алады, - деді сатушы.

"ЖАҚСЫ ӨТЕТІН" КІТАПТЫҢ ТӨРТЕУІ САТЫЛҒАН

Сұхбаттасымыз «саясаткер Қасымжомарт Тоқаевтың кітаптары жақсы өтетінін» айтып:

- Тоқаевтың «Преодоление» деген кітабын іздеп келетіндер көп. Бұл кітапты ғылыммен айналысып жүрген адамдар, студенттер, тарихшылар алады. Бағасы – төрт мың теңге, - деді.

Ал Алматыдағы екінші бір кітап дүкенінің қызметкері Олеся Крикунованың айтуынша, Иманғали Тасмағамбетовтің кітаптары "жақсы өтеді".

- Дүкенімізге түскен Иманғали Тасмағамбетовтің «Кентавры Великой степи» деген кітабы жақсы өткен. Автордың «От Пекина до Астаны: история переносов столиц», «Сарайшық», «Құлпытас» кітаптары да бар. Бұл кітаптар 2012 жылы тамызда он данадан түскен. Қазір әрқайсысының төрт-бесеуі өтті. Қалған даналары да өтеді деп, қайтармай отырмыз. Одан бөлек, Сара Назарбаеваның «өзін-өзі тану» туралы кітаптары да жақсы сатылады, - дейді.

ШЕНЕУНІКТЕР КІТАПТАРЫ - ҚЫМБАТ, ОППОЗИЦИЯ КІТАПТАРЫ - ЖОҚ

Кітап дүкенінің қызметкері Әлия Батырбекова:
Алматыдағы кітап дүкеніне келген тұрғындар.

Алматыдағы кітап дүкеніне келген тұрғындар.


- Саясаткерлердің кітабы өте сапалы, қымбатқа шығарылады (қағазы, безендірілуі, мұқабасы). Соған байланысты бағасы да қымбат. Мәселен, Назарбаев туралы кітаптар 30-40 мың теңге тұрады, саясаткерлердің Қазақстан туралы жазғандары да қымбат. Ең қымбат кітап – Сара Назарбаеваның «Философия любви» еңбегі, 50 мың теңге тұрады. Бірақ аламын деген адам кітаптардың бағасына қарамайды, - дейді.

Қаладағы тағы бір кітап дүкенінің әкімшісі Алма Тұрарова да саясаткерлердің кітабы басқа кітаптарға қарағанда қымбат екенін айтады.

- Әдеби кітаптар мен оқулықтардың бағасы мың теңгеден үш мың теңгеге дейін барады. Ал Назарбаев, Тоқаев сияқты саясаткерлердің кітабы үш-төрт мың теңгеден жоғары сатылады. Мысалы, Назарбаевтың «Казахстанский путь» кітабы – 10 мың, «Эпицентр мира» кітабы – 15 мың, «Стальный профиль Казахстана» кітабы 13 мың теңге тұрады, - дейді ол.

Сатушы Әлия Батырбекова өзі жұмыс істейтін дүкенде тек Назарбаев, Тоқаев, Тасмағамбетовтың кітаптары ғана бар екенін айтты. Ал Азаттық тілшісінің "Қазақстандық оппозиционерлердің кітаптары сатыла ма?" деген сауалына:

- Оппозиционерлердің кітаптары біздің дүкенде жоқ, - деп қысқа қайырды.

Азаттық тілшісі бірнеше кітап дүкенінде болған еді. Ешқайсысынан оппозиция белсенділерінің кітаптары байқалмады.

ОҚЫРМАН ПІКІРІ

Алматыдағы компаниялардың бірінде жұмыс істейтін Нұрлыбек Әбділманов президент пен саясаткерлердің кітабын жиі сатып алатынын айтты.

- Жеке кітапханамда Назарбаевтың «Сындарлы он жыл» деген жинағынан бастап, «Еуразия жүрегінде» деген кітаптары бар. Ол туралы жазған кітаптар да тұр. Университетте оқып жүргенде президентке қатысты диплом жазып едім, сол кезден бастап ол кісінің кітаптарына қызығамын. Ал негізгі мамандығым саясаттанушы болған соң, Мәсімов, Тоқаевтың кітаптары да жеке кітапханамда бар, - дейді ол.
Назарбаев туралы "Первый. Очерки о президенте" кітабының мұқабасы. Алматы, 28 желтоқсан 2012 жыл.

Назарбаев туралы "Первый. Очерки о президенте" кітабының мұқабасы. Алматы, 28 желтоқсан 2012 жыл.


Сұхбаттасымыздың айтуынша, президент пен саясаткерлердің кітабында оқитын жазбалар мен қызықты деректер көп.

- 1991 жылдан бергі тарихты президенттен артық ешкім жақсы білмейді. Сондықтан оның кітаптарында жаңа заман тарихы ерекше жазылған. Ал саясаткерлердің кітабынан қызметіме қатысты мәліметтер аламын. Қазір Назарбаев туралы «Первый. Очерки о президенте» деген кітап оқып жатырмын, - дейді алматылық тұрғын.

Ал студент Ғабит Разин "саясаткерлердің кітаптарын оқымаймын" дейді.

- Әдеби-көркем шығармалар мен танымдық кітаптарды оқимын. Ал әдебиет классиктерін ысырып қойып, президент пен саясаткерлердің кітаптарын оқитын уақыт жоқ. Уақытым болған кезде де суреттерін ғана қызықтамасам, оқуға зауқым жоқ. Өйткені ол кітаптардан рухани азық ала алмайтыныма сенімдімін. Бұл кітаптар санаға ой сала алмайды. Ал мен үшін кітап - рухани азық, - дейді студент.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG