Accessibility links

Шекара қызметінің басшылары мінген ұшақ құлады


Тұрғанбек Стамбеков, ҰҚК шекара қызметінің директоры қызметін атқарушы. Үшарал, 26 шілде 2012 жыл.
Тұрғанбек Стамбеков, ҰҚК шекара қызметінің директоры қызметін атқарушы. Үшарал, 26 шілде 2012 жыл.

ҰҚК желтоқсанның 25-і күні Оңтүстік Қазақстан облысында құлап түскен ұшақтағы 27 адамның арасында шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбековтің де болғанын растады.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) таратқан мәліметке сәйкес желтоқсанның 25-і күні кешкі сағат 18.55-те Шымкент қаласының әуежайынан 20 шақырым жерде шекара қызметіне қарасты Астанадан Шымкентке бет алған Ан-72 ұшағы құлап түскен.

Астанадағы шекара қызметінің кезекшісі Азаттық тілшісінің ұшақ ішінде болғандардың жағдайы туралы сұрағына:

- Ұшақ бортында болған 27 адамның бір де біреуінде тіршілік нышаны байқалмады, - деп жауап берді.

ҰҚК мәлімдемесінде "Ан-72 әуе кемесінің бортында 7 экипаж мүшесі мен 20 әскери қызметкер, оның ішінде ҰҚК Шекара қызметінің директоры міндетін атқарушы полковник Стамбеков Т.М. болған" деп жазылған. Оқиға орнына ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев ұшып шыққаны хабарланды.

ҰҚК баспасөз хабарламасында "Ан-72 әскери ұшағының 1990 жылы желтоқсан айында жасалғаны, 2012 жылы Украинадағы «КБ Антонов» зауытында ресурстарды қалпына келтіру жұмыстарынан өткені, ұшақ экипажының тәжірибелі ұшқыштардан жасақталғаны" айтылған.

Қазір тергеу-тексеру жұмыстары басталды.

Ұшақ апатынан қаза тапқан Тұрғанбек Стамбеков Арқанкерген шекара постындағы төтенше оқиғаға байланысты ҰҚК төрағасынының орынбасары Нұржан Мырзалиев отставкаға кеткен соң биылғы маусым айында шекара қызметінің басшылығына тағайындалған болатын.

Tengrinews.kz агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында жүрген тілшісі апат орнында күл-қоқыстың ғана қалғанын, ұшақтың тек құйрығы көрініп тұрғанын хабарлады. "ҚазАқпарат" агенттігі ұшақтың Сайрам ауданындағы Тассай ауылының маңындағы карьерге құлағанын хабарлады.

Азаттық радиосы бұл апатқа қатысты егжей-тегжейлі мәлімет беріп отырады.
XS
SM
MD
LG