Accessibility links

Сарапшылар: Шекара жемқорлықтың жемсауына айналды


Шекарашы Қазақстан-Қытай шекарасындағы Қорғас бекетіндегі жолды жауып жатыр. 13 мамыр 2003 жыл.

Шекарашы Қазақстан-Қытай шекарасындағы Қорғас бекетіндегі жолды жауып жатыр. 13 мамыр 2003 жыл.

Қазақ шекарасында болған төтенше жағдайлар ондағы жемқорлықты көрсетті. Сарапшылар бұл жерде жүйенің сыр бергенін айтады.

«Арқанкерген» шекара бекетінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапты. Шығыс Қазақстан облысындағы «Терісайрық» бекетін тастап, қашып кеткен 11 шекарашы кейін «жәбірленуші» деп танылып, оларға зәбір көрсеткендер түрмеге түсті. Павлодар облысының «Үрлітөбе» шекара бекетінде шекарашылар мен қаржы полициясы қызметкерлерінің арасында төбелес болды. Түркімен шекарасынан заңсыз өткен Қазақстанның жеті азаматы қамауда отыр. Кейбірінің аяғы адам өліміне соқтырған бұл оқиғалардың себебі неде?

Саясаткерлер, саясаттанушылар және арнайы қызмет жөніндегі сарапшылар мұның себебін шекара әскерлеріне дербестік берудің орнына, оны біресе қорғаныс министрлігіне, біресе ҰҚК қарамағына өткізіп, эксперимент жасаудан шыққан жүйелік кемшіліктерден іздейді. Келеңсіз оқиғалардың екінші себебі ретінде сарапшылар кеден бекеттеріндегі алым-салықтың көбейіп, бұл саланы жемқорлықтың жайлап алғанын атайды. Сарапшылардың кейбірі қаржы полициясы мен шекара қызметі өкілдерінің арасында болған төбелес - екі құрылым басшылығының арасындағы бақталастықтың салдары, «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кері дейді.

«БУРЖУЙЛАР КІНӘЛІ»

Парламенттің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі, Қазақстанның коммунистік халық партиясының (ҚКХП) жетекшісі Владислав Косарев «қазақ шекарасында болған жағдайларға буржуазиялық қарым-қатынастар кінәлі» дейді. Оның ойынша, олардың көздеген мақсаты – қайтсе де баю, ал шекарашылар ел шекарасын бизнес көзіне айналдырып алған.
Қазақстанның коммунистік халық партиясының (ҚКХП) жетекшісі Владислав Косарев. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл.

Қазақстанның коммунистік халық партиясының (ҚКХП) жетекшісі Владислав Косарев. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл.


— Капиталистік қоғамның әсері әскерилердің санасын жайлап барады, - дейді ҚКХП жетекшісі.

Бірақ ол қоғамдық қатынастардың буржуазиялық жүйесін коммунистік жүйеге ауыстыруды ұсынбайды. Тек «жастармен, оның ішінде армиядағы жастармен тәрбие жұмысын күшейту қажет» деп есептейді.

— Командирлер шекарашылардың тәрбие жұмысын бетімен жіберген. Егер шекара арқылы контрабанда өтіп жатса, мен еш таңданбас едім. Меніңше, солай болған да сияқты. Қаржы полициясындағылардың бетін тойтарған шекарашылар дұрыс істеді, әскери қызметші ретінде беделі өсті. Бірақ жеке құрамның моральдық келбеті түпкілікті түрде жақсартуды қажет етеді, - дейді Косарев.

Жақында Ақтауда болғанын, жедел қызмет әскерилерімен әңгімелескенін айтқан Владислав Косарев:

— Шетінен жасқаншақ, қорғалақтап қалған. Партияның жергілікті ұйымдарына мектептерде шекара қызметшілерін, теңізшілерді, жаяу әскерге маман даярлау жұмыстарын ұйымдастыруды ұсындым, - дейді.

Владимир Косарев «әскери комиссариаттардың жүз адамның ішінен шекарада қызмет етуге лайықты үш адамды іріктеп ала алмайтын дәрменсіздігін түсінбейтінін» айтады.

Саясаттанушы Санат Көшкімбаев «шекара әскерлерінде болған төтенше оқиғалар бүкіл Қазақстан қоғамында жүйелі проблемаларды көрсетіп бергенін» айтады.
Егер бүкіл қоғам дертке шалдықса, демек оның шекара қызметі, кеден қызметі сияқты жекелеген салалары да сырқат деген сөз.

— Егер бүкіл қоғам дертке шалдықса, демек оның шекара қызметі, кеден қызметі сияқты жекелеген салалары да сырқат деген сөз. Бұл жалпы қоғамдағы жүйелік проблемаларды көрсетеді, - дейді ол.

Санат Көшкімбаев «Шекара қызметіндегі проблемаларды нарыққа аудара салу дұрыс емес» дейді. Ол «Мұның себептерін капиталистік немесе социалистік жүйеден іздеу проблеманы бұра тарту, жауаптан жалтару» деп есептейді.

— Капиталистік жүйе ме, социалистік жүйе ме - кім қалай атаса да мейлі. Анау батыс елдеріне қараңызшы, олардың бәрі капиталистік елдер ғой. Бірақ олардағы жемқорлық бізге қарағанда анағұрлым аз. Капитализмге тіреліп тұрған ештеңе жоқ. Мен мұны идеологиялық бұра тарту дер едім, - дейді Көшімбаев.

"ЖҮЙЕ СЫР БЕРДІ"

2006 жылы ҰҚК төрағалығынан кеткен соң, елдің қауіпсіздік, құқық қорғау құрылымдарында көп нәрсе өзгерді деп санайтын Қазақстан ҰҚК-сінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев та жүйенің сыр бергенін айтады.

— Жүйе, меніңше, әуел бастан, мысалы жас жігіттерді әскер қатарына шақыру кезеңінде кадрды іріктеудің дұрыс жүргізілмеуінен сыр берген. «Әлімжеттілік көрдік» деп шекара бекетін тастап, қашып кеткендер де, «Арқанкергендегі» сарбаздар да психологиясы әлсіз адамдар болған, оларды шекара қызметіне жолатпау керек еді. Әскер қатарына іріктеу бұрынғы кезде қатал жүретін. Арнайы комиссия шекараға жіберілетіндердің денсаулығын, моральдық қасиеттерін, психологиялық ерекшеліктерін тексеріп, іріктейтін. Қайткенмен, елдің алғы шебін қарумен қорғайды ғой. Меніңше, бар мәселе кадрларды іріктеуде. Жалпы проблемалар да өз әсерін тигізді ғой деп ойлаймын, - дейді ол.
Қазақстан ҰҚК-сінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев. Алматы, 5 сәуір 2012 жыл.

Қазақстан ҰҚК-сінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев. Алматы, 5 сәуір 2012 жыл.


ҰҚК бұрынғы төрағасы Дүтбаев та «шекара әскерлерінде жеке құраммен жүргізілетін тәрбие жұмысының ақсаған» деп ойлайды:

— Бұл жерде патриотизмге баулу, жалпы тәрбие жұмысын қожыратып жіберген идеологиялық фактор да болған.

Дегенмен Дүтбаев «шекара қызметі тұралап қалды» дегенмен келіспейді. Оның айтуынша, «кадр іріктеп, оларды орналастырудағы, жоғарыдан түскен жарлықтардың төменге дер кезінде жетіп, бұлжытпай орындалғанын қадағалап, жоғарыға баяндау сияқты міндеттерді атқарудағы олқылықтар шекара қызметінің қазіргі командирлері мен басшыларының тәжірибесі аздығынан болуы мүмкін».

ДҮТБАЕВ ӨЗІНІҢ ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСІ ТУРАЛЫ АЙТТЫ

ҰҚК-інің бұрынғы төрағасы Дүтбаев сұхбат барысында шекарадағы, әсіресе бақылау-тексеру пункттеріндегі жемқорлық туралы хабардың өзіне қалай жетіп тұрғанын еске алды.

— Ол кезде әр түрлі әдісті қолдандық, бақылау пунктіндегі командирлерді ауыстыруға дейін баратынбыз. Олар шекарадағы комендатураға жіберілетін. Ал бақылау-тексеру пунктінде істейтін қызметкерлерді іріктеуге айрықша мұқият қарайтынбыз. Бұл мәселе ҰҚК коллегиясының отырысында да қаралып, жіті назарда ұсталатын, - дейді Дүтбаев.

Ол шекарадағы жемқорлық желісін сол кезде ашқанын айтты:

— Президенттің тікелей тапсырмасымен біз 2005 жылы Қытаймен шекарадағы осындай мәселемен айналысқанбыз. Ол жерде жемқорлық әбден орнығып алған екен. Сол жолы 17 адам сотталды. Рас, олар мен кеткен соң, 2006 жылы сотталды. 17 адамның бәрі белгілі бір құрылымдардың «кассирлері» болған екен, - дейді Дүтбаев.

ҰҚК бұрынғы төрағасының айтуынша, шекараны жемқорлықтың жайлап алуының бір себебі - экономикалық фактор. Яғни кедендік баж салығын әдейі көтеріп, оны төмендетудің жолын іздеген бизнесмендерді пара беруге мәжбүрлейді.
Ол кездегі баж салығының жоғары болғаны соншалық, шекараны заң жүзінде өтсең, базардағы баға мүлде шарықтап кетер еді. Ресми баж салығын төлегеннен гөрі пара беріп өту тиімдірек.

— Өз басым ол жерде экономика мүлде жұмыс істемейді деген ойға келдім. Қандай мағынада жұмыс істемейді? Ол кездегі баж салығының жоғары болғаны соншалық, шекараны заң жүзінде өтсең, базардағы баға мүлде шарықтап кетер еді. Ал бізде орта табысы бар халық тұтынатын тауарлардың 80 пайызға жуығы Қытайдан әкелінеді емес пе? Қымбат тауарды ешкім сатып алмас еді. Сондықтан шекара асып, тауар таситындар түрлі айлаға барып, тауарын кедендік бақылаудан арзанырақ өткізуге тырысады. Оларға ресми баж салығын төлегеннен гөрі пара беріп өту тиімдірек, - дейді Дүтбаев.

Оның айтуынша, шекарадағы жемқорлық кедендік қызметтен басталады. Кеденде «міндетті түрде беру керек» деген жазылмаған қағида бар.

— Кеденшілер алады екен, шекарашыларға неге алмасқа?! Олардың да қолын майлау керек. Мұның тізбегі жол бойын жағалаған МАИ, бақылаушы орган - қаржы полициясы, қадағалаушы орган - прокуратура қызметкерлеріне жалғасады. Бұлардың бәрі - мемлекеттік органдар. Оның үстіне жолда «үндістер» деп аталатын топтар бар, олардың қолына да бірдеңе қыстыру қажет. Базарда отырғандардың алатыны - өз алдына. Қысқасы, бұл жүйе жылдар бойы әбден төселіп алған, - дейді Нартай Дүтбаев.

ҰҚК бұрынғы төрағасының айтуынша, «шекара қызметін жайлап алған жемқорлық жүйесін бір ғана жазалау әдістерімен жоя алмайсың».

— Жазалау шараларының қаншалықты тиімді екеніне келсек, оның өз қиындығы бар. Мемлекет жіберген адамдарды әр он күн сайын ауыстыра алмайсың ғой. Меніңше, бұл мәселені шешудің басқалай, экономикалық жолдары болуы тиіс. Пара бермей, мемлекетке төлеудің, бизнеспен ресми түрде айналысудың тиімді екеніне кәсіпкерлердің көздерін жеткізу қажет, - дейді Нартай Дүтбаев.

ШЕНДІ ГЕНЕРАЛДАР САУАЛДАН ЖАЛТАРДЫ

Ресми қызметі жоқ демалыстағы генералдарға қарағанда, шенді генералдар мен басқа ресми тұлғалар Азаттық сауалдарына жауап бермеді. Баспасөздегі шекара қызметі туралы жағымсыз ақпараттарға қарамастан, лауазымды тұлғалар басшылықтың рұқсаты болмаса, журналистермен тілдесуден қашады. Сондықтан төменде арнайы қызметтің тағы бір ардагерінің пікірін беріп отырмыз.

СССР-дің мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) бұрынғы қызметкері Руслан Нағманов Азаттық тілшісіне «шекара қызметінің басшылығы тарапынан қолдау болмаса, жемқорлық та болмас еді» дейді.

— Жоғарыдан қолдау болмаса, коррупция да болмайды. Біріншіден, ол жерде бірнеше ауысым істейді: демалысқа кеткен немесе науқастанып қалған адамды өзара ауыстырады. Тікелей бастығының бақылауы өз алдына, жоғары командованиенің бақылауы бар. Одан жоғары орталыққа ғана бағынатын, шекарашыларға бағынбайтын қауіпсіздік қызметі (кезінде оны «ерекше бөлім» деп атайтын) тұр, - дейді Руслан Нағманов.
Жоғарыдан қолдау болмаса, коррупция да болмайды. Тікелей бастығының бақылауы өз алдына, жоғары командованиенің бақылауы бар. Шекарашыларға бағынбайтын қауіпсіздік қызметі де тұр.

Коррупциялық жүйедегі ықпал аймағын бөліске салу үшін күштік құрылымдардың басшылары ерте ме, кеш пе, өзара қырқыса бастайды. Бұрынғы чекистің айтуынша, өзара өш құрылым басшылары бір-бірімен төс қағысып, қол алысқанымен, төмендегілердің жаға жыртысуы кейде күш, тіпті қару қолдануға ұласуы мүмкін. Нағмановтің айтуынша, «шекарашылар мен қаржы полициясы өкілдерінің төбелесі - осының айқын дәлелі».

Шенді генералдар баспасөзбен сөйлесуден қашқақтайды. Азаттық тілшісі парламент депутаты, парламенттің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі генерал-лейтенант Абай Тасболатовты Қазақстанның бір түкпіріндегі Күршім шекара бекетінде жүрген жерінен тауып, екі рет қоңырау шалған еді. Алғашында ол қолы тимейтінін сылтауратса, екінші рет кешкісін шекарадағы жағдай жайлы сұрақтарға жауап беруден бас тартып, «Сізге не керек? Болды!» деп тұтқаны тастай салды.

Шекара қызметінің бас инспекциясы бастығының кеңесшісі, генерал Марат Марденовпен телефон арқылы сөйлескенімізде ол шекара әскеріндегі проблемалар жөнінде қандай да бір түсінік беруден бас тартты.

Шекара қызметі бастығының тыл жөніндегі бұрынғы орынбасары генерал Василий Федорчук Азаттық тілшісіне «шекара қызметін генерал-лейтенант Болат Закиев басқарған кезде мұндай былық болмағанын» айтты.

Закиев – Қазақстанның шекара қызметінің негізін салушылардың бірі, СССР шекара әскерлерінде қызмет еткен. СССР күйреген сәтте Закиев СССР-дің Шығыс шекара округы қолбасшысының орынбасары – барлау бастығы шеніне дейін өскен.

ЖҮКЕЕВ ДЕРБЕС ШЕКАРА КОМИТЕТІН ҚҰРУДЫ ҰСЫНДЫ

Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болған жылдары қауіпсіздік құрылымдарының жұмысын қадағалаған Төлеген Жүкеев «шекара қызметінің басшылығына кәсіби маманды қойса, іс оңға басуы мүмкін» екенін айтты.

— Ол жерге ел басшылығы сенетін, ұстанымы берік, бұл істің қыр-сырын жақсы білетін білікті басшы керек. Тәртіп орната алатын, шекара қызметінің мүддесін қорғай білетін адам қажет. Істен хабары жоқ дилетанттарды да, саяси мақсатпен де адамды тағайындауға болмайды, - дейді Төлеген Жүкеев.
Оппозицииялық саясаткер Төлеген Жүкеев. Алматы, 13 шілде 2012 жыл.

Оппозицииялық саясаткер Төлеген Жүкеев. Алматы, 13 шілде 2012 жыл.


Оның айтуынша, маман іріктеуде шекара қызметінің ерекшелігі ескерілгені жөн.

— Арнайы қызметтің басшылығына кейде саясаткер, тарихшы, тіпті филолог сияқты азаматтық тұлғалар тағайындалғаны дұрыс. Олар кейде арнайы қызметтің мамандарынан да білікті болып шығады. Мысалы, орталық барлау басқарамасының (ЦРУ) бұрынғы директорын алайық, ал үлкен Буш ЦРУ-дың директоры болды емес пе. ЦРУ-дың бұрынғы директоры болған Панетта ше, оның мамандығы - филолог. Алайда шекара қызметінің өзіндік ерекшелігі бар. Оны арнайы қызмет деуге келмейді. Шекара қызметінің барлық сатысынан өтіп, әбден ысылған тәжірибелі адамдардың ішінен білікті басшыларды табуға болады, - дейді Төлеген Жүкеев.

Жүкеев «ҰҚК шекара қызметіндегі былықтар жүйелі былыққа айналды» дейді. Оның айтуынша, «шекара қызметін ҰҚК тарапынан ғана бақылау жеткіліксіз».

— Шекара қызметін ҰҚК құрамынан шығару керек. Шекараны қорғау жөніндегі мемлекеттік комитет құрып, оның жұмысын жөнге қою қажет. Кейінгісін өмірдің өзі көрсетер, - дейді Төлеген Жүкеев.

Ол егемен Қазақстан тарихында шекара қызметі жеке мемлекеттік комитет болған кезді еске алды:
Кеден одағы мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына үміт артпай, өз шекарамызды өзіміз қорғауға әзір болуға тиіспіз. Сондықтан бұл қызметті дербестендіріп, нығайтып, тәртіп орнатып, тиісті кадрлар іріктеу қажет.

— 1990-шы жылдардың басында менің ұсынысыммен (Нұрсұлтан Әбішұлы қолдаған) ҰҚК-ге де, басқа құрылымдарға да бағынбайтын «шекараны қорғау жөніндегі мемлекеттік комитет» құрылған болатын. Алайда оның жұмысы енді бір ізге түсіп келе жатқанда, басқа ведомстволардың қарамағына беру басталды. Бір кездері шекара қызметін қорғаныс министрлігінің қарамағына өткізіп жіберді. Бұл саяси тұрғыдан мүлде дұрыс емес. Қазіргі саяси жағдайды, Кеден одағы төңірегіндегі дау-дамай мен басқа да проблемаларды ескере отырып, біз Кеден одағы мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) үміт артпай, ешбір одақтассыз өз шекарамызды өзіміз қорғауға әзір болуға тиіспіз. Сондықтан бұл қызметті дербестендіріп, нығайтып, тәртіп орнатып, тиісті кадрлар іріктеу қажет. Бұл стратегиялық тұрғыдан да маңызды мәселе, - дейді Төлеген Жүкеев.

НҰРТАЙ ӘБІҚАЕВ НЕ ІСТЕУІ ТИІС?

Қазақстанның қауіпсіздік кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары Төлеген Жүкеев «шекарашылар мен қаржы полициясы қызметкерлерінің Павлодар облысында болған төбелесі - арнайы қызмет органдарының өзара қарым-қатынасындағы былық пен бассыздықтың айқын дәлелі» дейді.

— Қаржы полициясы қызметкерлері процессуалдық өкілеттік аясында әрекет еткен болуы керек. Олар «жемқорлық әрекеттері болғалы жатыр» деген хабар түскен соң келген. Қаржы полициясы өкілдеріне күш қолданып, қарсылық танытуы шекарашылардың мүлде жүгенсіз кеткенін, заңға да, нұсқауға да мойын бұрмайтынын көрсетті, - дейді Төлеген Жүкеев.

Оның айтуынша, «қазір «антитеррорлық комитет» құруды ұсынып жүргендер бар».

— Бірақ шекарамыз мынадай былыққа батып, жыртық-тесік болып жатса, ешқандай антитеррорлық комитет көмектесе алмайды. Сондықтан Кеден одағы туралы гөй-гөй сөзді қойып, шекараны нығайту қажет. Шекара қызметіндегі мына проблемалар мемлекеттік басқару жүйесінде оны дұрыс құрылымдау, кадрлар мен басшыларды дайындау, қаржыландыру тәртібін қайта қарау, маман даярлайтын жоғары оқу орнын ашудан бастап бірқатар маңызды шешімдер қабылдауды талап етеді, - дейді Жүкеев.

Төлеген Жүкеев «шекарадағы адам өліміне әкелген төтенше жағдайларды ескере отырып, шекара қызметін ҰҚК-ден бөлу жөніндегі бастаманы Әбіқаевтың өзі көтеруі тиіс» деп есептейді.
Қазақстанның ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев. Алматы, 16 шілде 2010 жыл.

Қазақстанның ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев. Алматы, 16 шілде 2010 жыл.


— ҰҚК-інің шаруасы онсыз да бастан асады. Бұл жерде Нұртай Әбіқаевтың тікелей кінәсі жоқ. Мына жағдайлар бүкіл «контораны» жерге қаратты. Шекара қызметін ҰҚК қарамағына алғаш қайтарғанда Әбіқаев істің жайын ойлаған болар, оған дау жоқ. Бірақ енді бұл оның өзіне соққы болып тиіп жатыр. Діни экстремизм мен терроризм ушығып тұрған қазіргі кезде ҰҚК-інің шаруасы шаш етектен. Егер қазір шекара қызметі ҰҚК-інің құрамында болмағанда комитет таяқ жемес еді. Заңды екі етпейтін, иі жұмсақ, зиялы оппозицияның соңында азаннан кешке дейін жүрмей, енді басқа мәселелермен айналысу керек. Азаматтардың еркіндігі мен құқығын, қоғам мүддесін қорғаумен, мемлекеттік қауіпсіздікті нығайтумен, барлау ісімен, антитеррорлық жұмыстармен айналысу керек, - дейді Төлеген Жүкеев.

Сарапшылардың арасынан қаржы полицейлерімен төбелескен шекарашыларды жақтайтын бір адам табылды. Қорғаныс министрінің тәрбие ісі жөніндегі бұрынғы орынбасары, қазір демалыстағы генерал-майор Әмірбек Төгісовтің айтуынша, «мемлекеттік шекараны қорғау кезекшілігінде тұрғандықтан, шекарашылардың қаржы полицейлеріне қарсы қару қолдануға құқығы болған».

Алайда Әмірбек Төгісов те «Арқанкергендегі» қырғын мен сарбаздардың «Терісайрық» бекетін тастап қашуына жол берген шекара қызметі басшыларының, шекара бөлімдері мен бөлімшелерінің командирлерінің әрекеттерін ақтауға болмайтынын айтты.

Мақаланы Қазис Тоғызбаевтың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG