Accessibility links

Шекаралық аймақта тағы да су тапшы


Журналистер шекаралық аймақта Аспара өзеніндегі су есебін жүргізетін жүйе жұмысымен танысып тұр. Чолок-Арык ауылы, Қырғызстан, 23 маусым 2014 жыл.

Журналистер шекаралық аймақта Аспара өзеніндегі су есебін жүргізетін жүйе жұмысымен танысып тұр. Чолок-Арык ауылы, Қырғызстан, 23 маусым 2014 жыл.

Жаз шыға Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы су мәселесі қайта қоздады. Билік өкілдері су тапшылығына саясат емес, ауа-райы себепкер екенін айтады.

Егістік суының басым бөлігін көршілес Қырғызстаннан алатын Жамбыл облысы Меркі ауданы Аспара ауылының тұрғыны Думан Оңғарбаев арғы беттен келетін су азайып, бау-бақша, егістікке су жетпей жатқанын айтады.

– Осыдан екі жыл бұрын шекараны жауып, тікенек сым керіп тастады. Сөйтіп арғы беттегі көлден де су ала алмайтын болдық. Оның үстіне құрғақшылық та қысып, арпа, бидай, жоңышқадан алатын өнім шамалы болатын түрі бар, – деп уайымдайды ол.

«ЕКІ ЕЛ ДЕ СУҒА ЗӘРУ»

Жамбыл облысы Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбековтің айтуынша, егістік суының тапшылығына әуелі биылғы ауа-райы себеп болған. Оның сөзінше, Қазақстан аумағындағы секундына 6 текше метр су ағатын Меркі өзенінің суы биыл екі есе тартылған, ал Қырғызстаннан келетін су мүлде тоқтаған.

Аспара өзеніндегі су есебін жүргізетін жүйенің тұсаукесер шарасы. Чолок-Арык ауылы, Қырғызстан, 23 маусым 2014 жыл.

Аспара өзеніндегі су есебін жүргізетін жүйенің тұсаукесер шарасы. Чолок-Арык ауылы, Қырғызстан, 23 маусым 2014 жыл.

– Су сұрап, қиналып жүрген егінші көп. Меркі ауданына қырғыз жерінен су Үлкен Шу арнасы арқылы ғана келеді. Ол суды тоқтатқан соң Аспара өзенінен қырғыздарға тиесілі үлесті біз де қысқарттық. Аспара суының 38 пайызын қырғыздар алуы керек еді. Қазір секундына 5,3 текше метр судың 1,4 текше метрі ғана қырғыз аумағына кетіп жатыр, – дейді Мейірхан Өмірбеков.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, қырғыз жағы екі ел шекарасын бірнеше рет кесіп өтетін Аспара өзенінен тиесілі үлесін алмағанына наразы болған, қазақ жағы олардан Үлкен Шу арнасына тиесілі суды беруді сұраған.

Қырғыз су шаруашылығы және мелиорация департаменті бастығының орынбасары Тілек Исабеков Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұқбатында тапшылық кесірінен Қазақстанға секундына 39 текше метр судың орнына 16 текше метр су беріп жатқандарын айтты.

Шу-Талас алабы инспекциясының бастығы, қазақ-қырғыз шекарасындағы су мәселесіне байланысты келіссөздерге қатысып жүрген Жұмабек Мұқатов «қырғыз жеріндегі Үлкен Шу арнасына су жіберетін Орта Тоқай қоймасындағы су алдағы бір аптада таусылуы мүмкін» деп болжайды.

Қырғызстанның Талас облысындағы Киров су қоймасы.

Қырғызстанның Талас облысындағы Киров су қоймасы.

– Ауа-райын болжау орталығы биыл судың көлемі жылдық орташа нормадан 30 пайыз төмен болады деп ескерткен. Бірақ ол 50 пайызға дейін төмендеді. Себебі таудағы жылдан жылға жоғарылап бара жатқан мұздықтардың еруі қиындады, ал төменгі жағы еріп бітті. Мысалы, Шу өзеніне құятын өзендер тартылып жатыр, – дейді ол.

Жұмабек Мұқатов «Қырғызстандағы Киров су қоймасынан келетін су да тамыздың соңына қарай таусылуы мүмкін» деген қауіп айтады.

«САЯСИ АСТАРЫ ЖОҚ»

Қазақстанның су ресурстары жөніндегі комитетіне қарасты су басқармасының төрайымы Гүлмира Имашеваның айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы су бөлінісі советтік кезеңнен келе жатқан ережемен жүреді. Мәселен, Шу мен Талас өзендерінің суын бөлу туралы 1983 жылы қабылданған ереже бойынша Қазақстан Шу өзені суының 42 пайызын, Қырғызстан 58 пайызын алуы тиіс.

– Қордай ауданында Георгиевский арнасына секундына 20 текше метр су алуымыз керек. Бірақ Қырғызстан секундына 15 текше метр су беріп отыр. Жіңішке Ақтас арнасына секундына 4 текше метрдің орнына 2,6 текше метр құйылып жатыр. Басқа арналарда да осыған ұқсас жағдай, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Қазақстанға шығатын су арнасын жауып, наразылық танытып отырған Көксай ауылының тұрғындары. Талас облысы, Қырғызстан. 8 шілде 2013 жыл.

Қазақстанға шығатын су арнасын жауып, наразылық танытып отырған Көксай ауылының тұрғындары. Талас облысы, Қырғызстан. 8 шілде 2013 жыл.

Гүлмира Имашева Жамбыл облысында су тапшылығы жылда болатынын, бірақ биыл ауа-райына байланысты ерекше күшейіп тұрғанын айтады. Оның сөзінше, екі ел арасында су мәселесіне байланысты келіссөздер жаз бойы жүре береді.

– Қырғыздар тарапынан суды бермейміз дейтін пиғыл жоқ. Судың тартылғанын біліп отырмыз. Сондықтан бұдан саяси астар іздеудің қажеті шамалы, – дейді Гүлмира Имашева.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы су мәселесі үкіметтік деңгейде де талқыланып жатыр. Су жайын екі ел премьер-министрлері Кәрім Мәсімов пен Жомарт Оторбаев маусымның 12-сінде «Қордай-Ақжол» кеден бекетіндегі кездесуінде де талқыланған. Маусымның 26-сында Таразда Жамбыл (Қазақстан) мен Шу (Қырғызстан) облысы басшылары бірлескен отырыс өткізіп, Шу өзені алабының суын бөлу мәселесінде келісімге келгендерін хабарлаған.

Қазақстан мен Қырғызстанның ортақ өзендерді пайдалану мәселесіне АҚШ сарапшылары да араласқан. Олар ынтымақтасу бағдарламасын ұсынып, шекаралық өзендердегі суды компьютермен өлшейтін жүйе орнатуға кіріскен.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы 1241 шақырымдық шекараны бөлісу келісімі 2009 жылы аяқталып, қос тарап та оны ресми түрде мойындаса да, екі ел арасында ара-тұра жер мен су дауы туып жатады.

Былтыр шілдеде де осындай дау туып, Қырғызстанның Талас облысы Қарабура ауданы тұрғындары Қазақстанмен арадағы шекара бөлісімен келіспей, «Быстроток» (Көксай) су каналын бөгеп, Жамбыл облысындағы егіс алқаптарына су жібермей қойған. Суды бөгеген азаматтар аумағы 4,5 мың гектар жерді Қырғызстанға қайтаруды және екі ел шекарасын өзен бойымен өткізуді талап еткен. Екі ел үкіметінің басшылары жүргізген келіссөзден соң ғана 10 күннен кейін «Быстроток» каналына су беру қалпына келтірілген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG