Accessibility links

Қамаудағы қазақ студенттер әлі босатылмады


Диас Қадырбаев және Джохар Царнаевтың "ВКонтакте" желісіндегі суретінің скриншоты

Диас Қадырбаев және Джохар Царнаевтың "ВКонтакте" желісіндегі суретінің скриншоты

Бостон жарылысына қатысты ұсталған екі қазақ студенттің бірінің әкесі "олардың куәгер ретінде сұралғандарын" айтты. СІМ олардың иммиграциялық абақтыда екенін мәлімдеді.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Бостонда ұсталған екі қазақ студентінің аты-жөндерін ресми түрде жариялаған жоқ.

Бірақ жергілікті вебсайттарда олардың 19 жастағы Диас Қадырбаев және Азамат Тажаяков болуы мүмкін деген болжамдар шықты.

"ДЕПОРТАЦИЯЛАУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛІП ЖАТЫР"

Сейсенбі күні бұл ақпаратты Диас Қадырбаевтың әкесі Мұрат Қадырбаев та Tengrinews.kz агенттігіне берген сұхбатында растады.

Оның айтуынша, екі студенттен әуелі Бостондағы жарылысқа байланысты сұрақ-жауап алынып, 12 сағаттан соң босатылған.

Ал қазір "олар АҚШ-тың миграциялық заңнамасын бұзғаны үшін" қамауда отыр.

Мұрат Қадырбаев «қазір оларды елден депортациялау мәселесі шешіліп жатқанын" айтқан. Оның сөзінше, екі студент те жарылысқа байланысты қозғалған қылмыстық істің куәгері ретінде сұралған.

"Америка полициясы бәрін тексеріп, дұрыс қорытынды жасайды деп үміттенем. Тек менің баламды ғана емес, Царнаев араласқан барлық адамдарды тексеріп жатыр. Оның Царнаевпен ортақ достары болған, аралас-құралас болған. Ақырында оларды босатып, куәгер санатына өткізген" деді Мұрат Қадырбаев.

Бұған дейін Бостон жарылысына күдіктілердің бірі Джохар Царнаевтың достары ретінде сипатталған екі қазақ студентінің Terrorista#1 деген жазуы бар көлік мініп жүрген кезде ұсталғаны хабарланып еді.

Мұрат Қадырбаев интернетте "танымал" болып кеткен қара BMW-ның баласына тиесілі екенін, көліктің нөмірінің орнына жапсырылған жазу "достарының қалжың ретінде тартқан сыйы" болғанын атап өткен.

Сәуірдің 23-і күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігі екі Қазақстан азаматының Бостондағы иммиграциялық абақтыда екенін хабарлады.

Кейбір сайттар екі студенттің бірінің дос қызының да ұсталғанын жазады.

Алайда оның Қазақстан азаматы екені белгісіз. Бұған қатысты сыртқы істер министрлігінен әзірге жауап ала алмадық.

«МЕНІҢ БАУЫРЫМ ТЕРРОРИСТ ЕМЕС»

Екі қазақ студентінің Бостондағы жарылысқа байланысты ұсталғаны туралы ақпарат пайда бола бастаған кезде әлеуметтік желілерде әртүрлі мазмұндағы жазбалар жариялана бастады.

"ВКонтакте" әлеуметтік желісінде Алдияр Қадырбаев есімді азамат сейсенбі күні:
«Менің қымбатты бауырым Диас террорист емес, бәрі жақсы болады деп үміттенем» деп жазады.

Дәл осы желіде Амир Мурзалин есімді қолданушы да: «Достар, бұл жазбамды көшіріп басуларыңызды сұраймын, менің ағам Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяковтың Бостондағы жарылысқа еш қатысы жоқ. Біздегі жаңалықтарға да жетеді деп үміттенем» деп жазған.

"Вконтакте" желісіндегі мына бір суретте Диас Қадырбаев, Азамат Тажаяков және Джохар Царнаевқа ұқсас жігіттер қатар тұрып түскен.
"Вконтакте" желісіндегі Диас Қадырбаев есімді қолданушының парағындағы суретте қазақ студенттер Джохар Царнаевқа ұқсайтын жігітпен (оң жақтан екінші) бірге тұр

"Вконтакте" желісіндегі Диас Қадырбаев есімді қолданушының парағындағы суретте қазақ студенттер Джохар Царнаевқа ұқсайтын жігітпен (оң жақтан екінші) бірге тұр



Сәуірдің 15-і күні ​Бостон қаласында дәстүрлі түрде өтетін марафон кезінде бомба жарылып, 3 адам мерт болып, 170-тен астам адам жараланған еді. Арада бірнеше күн өткесін полиция жарылысты ұйымдастырушы ретінде күдіктіге айналған ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтардың ізіне түскен еді. Бостон полициясының мәліметі бойынша, Тамерлан сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшқан, ал Джохар сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түскен. "Негізінен Қырғызстанда туып-өсіп, кейін АҚШ-қа қоныс аударған этникалық шешендер" ретінде сипатталған ағайындылардың тірі қалған кішісіне айып тағылып, оның тергеуге алынғаны туралы хабарланған. Джохар Царнаев - Массачусетс Дартмаус университетінің студенті. Кейін АҚШ-тың федералдық қауіпсіздік бюросының ағайындыларды танитын, я олармен араласқан Массачусетс аймағындағы бірнеше студенттен жауап алып жатқаны мәлім болды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG