Accessibility links

Бокс құрамасының бас бапкері жеребеге разы


Бокстан әлем чемпионатында жүлдегер атанудан үмітті қазақстандық боксшылардың бірі Данияр Елеусінов дайындық үстінде. Әлем чемпионатының баспасөз қызметі ұсынған сурет.

Бокстан әлем чемпионатында жүлдегер атанудан үмітті қазақстандық боксшылардың бірі Данияр Елеусінов дайындық үстінде. Әлем чемпионатының баспасөз қызметі ұсынған сурет.

Алматыда бокстан әлем чемпионаты басталып, алғашқы кезеңнің жеребесі тартылды. 111 елдің спортшысы жиналған жарысқа Палестина боксшылары алғаш рет қатысып жатыр.

Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Алматыдағы әлем чемпионатының рингіне 111 елден келген 457 боксшы шықпақшы. Жарысқа Палестина боксшылары алғаш рет қатысып жатыр. Біріншілікке қатысушылардың арасында әлем және олимпиада чемпиондары бар.

Қазанның 14-і күні бірінші айналымның жекпе-жектері басталды. Қазақстан құрамасының 10 боксшысы ереже бойынша жарысты өткізуші ел өкілдері ретінде бірінші айналымда демалып, жарысты екінші айналымнан бастайды. Әлем чемпионатының бас төрешісі Хельмут Ранзе қазақ боксшыларының рейтингі жоғары болғандықтан және ұйымдастырушы ел өкілдері ретінде бірінші айналымнан босатылғанын мәлімдеді.

Жүлдеден үмітті тәжірибелі қазақстандық боксшылардың бірі – 49 килограмм салмақтағы Біржан Жақыпов екінші айналымда Белик Галанов (Ресей)-Вадим Кудряков (Украина) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Бұл салмақта 38 боксшы жүлдеге таласады. 69 килограмда 55 боксшы медальға таласады. Олардың бірі – қазақстандық Данияр Елеусіновтің алғашқы қарсыласы Хилд (Bахрейн) — Бенсон (Шотландия) жұбының жеңімпазы болады.
Бокстан әлем чемпионаты өтіп жатқан негізгі арена. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы. Алматы, 14 қазан 2013 жыл

Бокстан әлем чемпионаты өтіп жатқан негізгі арена. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы. Алматы, 14 қазан 2013 жыл


81 килограмда Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Махаржан (Непал)-Хукканнен (Финляндия) жұбында жеңіске жеткен боксшымен шаршы алаңға шықпақ. Бұл салмақта 50 елдің боксшысы бар. Аса ауыр +91 килограмда Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Иван Дычко екінші айналымда Беганович (Черногория) — Иштван Бернат (Венгрия) жұбында жеңген боксшымен жұдырықтасады. Бұл салмақта 45 боксшы күш сынайды.

Басқа салмақта бокстасатын қазақстандық спортшылардың толық тізімін мына сілтемеден оқи аласыздар.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов жеребе қорытындысына көңілі толатынын, боксшылардың дайындығы жақсы екенін айтты.
Басты қарсыластар – Куба, Ресей, Италия мен Украина боксшылары болады.

- Жеребе нәтижесі жақсы. Әрине, енді нәтижеге жету - жігіттердің қолында. AIBA-ның жаңа ережелері бойынша ұйымдастырушы елдің боксшылары бірінші айналымға қатыспайды. Бұл бізге, әрине, жақсы, бірінші жекпе-жекті, төрешілікті көріп аламыз. Басты қарсыластар – Куба, Ресей, Италия мен Украина боксшылары болады. Филлиппин мен Өзбекстан да жақсы боксшыларын алып келді. Жалпы, өз боксшыларымыздың дайындығы жақсы, - деді бас бапкер Азаттық тілшісіне.

Мырзағали Айтжанов бұған дейін Азаттыққа кемінде екі алтын алуды жоспарлап отырғанын айтқан.

AIBA енгізген және бір жаңа ереже бойынша Алматыдағы біріншілікте боксшылар шлемсіз жұдырықтасады. Қазақстандық боксшылар рингке 18 қазаннан бастап шығады. Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, жартылай финалдық және финалдық кездесулерге билет қалмаған. Ал алғашқы кезеңдерге билеттер сатылымда бар. Жарыстың бірінші күнгі кездесулерді шамамен алғанда мыңға жуық адам тамашалап отыр.

Бокстан әлем чемпионаты екі жылда бір рет өтеді. Келесі 2015 жылғы әлем біріншілігі Катардың Доха қаласында болады.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG