Accessibility links

Министр: «Футболды Бразилияда үйретуден нәтиже шықпады»


Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «оқушыларды Бразилиядағы футбол академиясына жіберу нәтиже бермегенін» мәлімдеді. Мемлекет бір баланың оқуына 78 мың доллар шығындаған.

Астанада мәжіліс депутаттарымен сәуірдің 18-і күні кездескен Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «2009 жылдан бастап балаларды Бразилияға оқуға жіберіп келдік. Бразилияда футбол мектебі жақсы дамыған деп үміттендік. Үміт ақталмады - Бразилияға бала жіберу нәтиже берген жоқ. Мемлекеттен көп қаржы бөлінгенімен, оқыған балалардың көбі жақсы ойын көрсете алмай жүр» деп мәлімдеді.

Мұхамедиұлы «балаларды Бразилияға оқуға жіберу енді тоқтайтынын, қазір қазақстандық мамандар Нидерланд пен Германия футбол мектептерімен келіссөз жүргізіп жатқанын» айтты.

Бразилияға футбол оқуына аттанған қазақстандық балалар. Алматы, 19 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Бразилияға футбол оқуына аттанған қазақстандық балалар. Алматы, 19 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

14-15 жастағы оқушыларды Бразилияға футбол оқуына жіберу бағдарламасымен алғашқы топ «Оле Бразил» академиясына 2009 жылы аттанып, елге 2012 жылы оралды.

Екінші топ 2012-2015 жылдары Бразилиядағы «Ботафого» футбол академиясында оқып келсе, үшінші топ 2015 жылы кетіп, қазір «Крузейро» футбол академиясында оқып жатыр.

Қазақстан спорт комитеті дерегінше, бір баланың Бразилияда үш жыл оқуына 78 мың доллар бөлінеді. Бразилияға әр топпен 25-26 оқушыдан аттанып отырды, оқып келгені мен оқып жатқанын қосқанда олардың саны 70-тен асты.

Бразилиядан келген алғашқы түлектер үшін 2012 жылы Астанада «Бәйтерек» командасы құрылды. «Бәйтерек» 2012 жылы Қазақстан чемпионатының 1-лигасына (премьер-лигадан төменгі топ) қатысып, 4-орын алды. Ал 2015 жылы 1-лигада бұл команда 13 клуб ішінде 12-орынға құлдырады.

«БРАЗИЛИЯДА ЖАСАНДЫ АЛАҢДА ЖАТТЫҚҚАН»

Спорт тілшісі Ермұхамед Мәулен 2014 жылы Бразилияға жұмыс сапарымен барып, қазақстандық оқушылардың «Ботофаго» футбол академиясындағы жаттығуын көріп қайтқан еді. Оның сөзіне қарағанда, «балаларды Бразилия академияларына жіберу - орны толмас шығын».

Спорт журналисі Ермұхамед Мәулен. Сурет жеке архивінен алынды.

Спорт журналисі Ермұхамед Мәулен. Сурет жеке архивінен алынды.

Гранаткин турнирі

1946-1955 жылдары ФИФА (Халықаралық футбол федерациясы – ред.) президентінің орынбасары болған Валентин Гранаткинді еске алуға арналған жасөспірімдер (17 жасқа дейінгі) арасындағы халықаралық турнир. Бұл турнир 1981 жылдан бері өтіп келе жатыр. Жыл сайын Ресейде өтетін жарысқа 20 шақты елдің футбол жастар құрамалары қатысады.

- «Оле Бразил» академиясы Қазақстан үшін ашылған. Тарихы бар академия емес. Біз барғанда балалар жасанды алаңда дайындалып жүрді. Ондай алаң Шымкентте де бар. Бағдарлама жүзеге асырарда толық зерттелмеген. Үш жыл деген көп, бір жыл жеткілікті еді. Балалар мектеп бағдарламасынан да қалып қойған. Олар Қазақстаннан кеткенде португал немесе испан тілін білмеген. Бірақ Бразилияға барғанда мектептерін португал тілінде жалғастырған. Балаларды Бразилияға емес Еуропа академияларына бір жылға жіберу керек еді, - дейді ол.

Бразилияда 2012-2015 жылдары аралығында оқып келген 9 ойыншы Қазақстан жасөспірімдер құрамасына шақырту алып, 2015 жылы қаңтарда Ресейде өткен Гранаткин турниріне қатысты. Бірақ Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Болгария (0:2), Словения (0:1), Молдова (0:3), Эстония (2:5) командаларынан жеңіліп, соңғы орын алды. 2016 жылы өткен Гранаткин турниріне Бразилияда оқыған балалар барған жоқ.

«ОЛЕ БРАЗИЛ» ТҮЛЕКТЕРІ - ҚОСАЛҚЫ ҚҰРАМДА

Бұрынғы футболшы Құралбек Ордабаевтың ойынша, «бағдарлама оқушыларды іріктеу дұрыс өтпегендіктен сәтсіз болған».

Құралбек Ордабаев. Алматы, 10 сәуір 2013 жыл.

Құралбек Ордабаев. Алматы, 10 сәуір 2013 жыл.

- Бразилияда оқыған балалардың бірде-бірі кәсіби футболшы болған жоқ. Премьер-лига командаларының негізгі құрамында ойнап жүргендері де жоқ. Басты қателік – іріктеу дұрыс жасалмады. Іріктеуді облыстарға барып жасады. Аулада, мектепте ойнап жүрген балаларды алды. Бұл бағдарламаға әр клубтың жастар командасында жүрген, Қазақстандағы футбол мектептерінде оқитын жасөспірімдерді апару керек еді, - дейді футбол маманы.

2009-2012 жылдары оқыған футболшылар ішінен Рауан Сариев Бразилияда «Атлетико Манейро» клубында қалғанымен, кейін ол Қазақстанға оралды. Сариев алдымен Алматының «Қайрат» командасында бір жыл ойнап, негізгі құрамға іліне алмады. Қазір ол Талдықорғанның «Жетісу» командасында жүр. Бірақ Сариев биыл Қазақстан чемпионатында бірде-бір ойын өткізбеді.

Бразилияда оқып жүрген қазақстандық балалар. (Суретті Данияр Дәулетбаев ұсынды). Бразилия, 2012 жыл.

Бразилияда оқып жүрген қазақстандық балалар. (Суретті Данияр Дәулетбаев ұсынды). Бразилия, 2012 жыл.

Бразилияда оқып келген футболшылардың бірде-бірі Қазақстан құрамасына шақырту алмады. Жастар құрамасында тек Рафкат Аслан, Берік Шаихов және Рауан Сариев ойнады. Биыл бұл құрамада «бразилиялықтардан» Рафкат Аслан, Берік Шаихов қана қалды. Бірақ бұл екі ойыншы да биылғы Қазақстан біріншілігі ойындарында әлі алаңға шыққан жоқ.

Бразилияда оқып келген Олжас Ілиясов былтыр «Тобыл» командасына шақырту алғанымен, негізгі құрамға іліне алмай, 1-лигада ойнайтын қызылордалық «Қайсар» клубына ауысып кетті.

Ал Бразилияға 2015 жылы кеткен 25 бала елге 2018 жылы көктемде оралады. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің Штаттағы ұлттық командалар және спорттық резерв дирекциясы өкілі Ардақ Тоғымов «олардың үш жылдық оқуларын бітіріп қайтатындарын» айтты.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG