Accessibility links

Астық мол болса да нан арзандамайтыны айтылды


Нан сатушыға ақша төлеп жатқан сәт. Алматы, 23 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Нан сатушыға ақша төлеп жатқан сәт. Алматы, 23 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда биыл астық молынан жиналса да нан бағасында өзгеріс жоқ. Наубайханашылар оны ұн бағасымен байланыстырады. Ауыл шаруашылығы министрі нан бағасы оны өндіру шығынымен өлшенетінін айтады.

Астанада тұратын Ғани мен Гауһардың жанұясында жеті адам бар. Кәмелетке толмаған үш баласы мен Гауһардың әке-шешесі де олардың қолында тұрады. Бұл жанұя екі жылдан астам уақыт Астанада пәтер жалдап тұрып келеді. Отағасының қазір тұрақты жұмысы жоқ. Қысылтаяң шақта Ғани әрбір тиынның қадірі артқанын айтады.

Нан бағасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:32 0:00
Жүктеп алу

Жеті адамы бар отбасы күніне екі бөлке нан тұтынады.

- Қазір азық-түлік қымбаттап жатыр ғой. Соның бәрі қалтамызға әсер етеді, - дейді Ғани.

БИЫЛҒЫ ӨНІМ

Қазақстан үкіметі биыл астық жылдағыдан көп жиналғанын жиын сайын айтып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарашаның 1-інде жариялаған жариялаған дерегі бойынша, биыл елде 23 миллион 680 мың тоннадан астам астық жиналған.

Егін ору. Ақмола облысы, 10 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Егін ору. Ақмола облысы, 10 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Биылғы орташа түсім - бір гектарға 15,4 центнерден айналған. Ал былтырғы өнім - 19 миллион 788 мың тонна астық, орташа түсім гектарына 13,4 центнерден болған еді. Ресми дерекке сәйкес, биыл Қазақстанда жалпы көлемі 15 миллион 353,2 мың гектар егістік алқабынан астық жиналған. Бұл былтырғы егістік жерден тек 409,1 мың гектарға артық болып шыққан.

ҰННЫҢ ҚҰНЫ - НАН БАҒАСЫНЫҢ ЖАРТЫСЫ

Астана дүкендерінде нан бағасы әртүрлі: бір дүкендерде 75 теңге болса, екіншілерінде 80-85 теңге. Астаналық «Столичный хлеб» наубайханасында ең көп өтетін 550 граммдық бір бөлке нан дүкеншілерге 75 теңгеден сатылады. Наубайхана директоры Әбдірахим Төлендиевтің айтуынша, биылғы астық мөлшері көп болғанмен, нан бағасы ең алдымен ұн бағасына тәуелді.

- Нан құнының жартысын ұн бағасы қалыптастырады. Одан кейін қалған ингредиенттері бар. Бұрынғы әлеуметтік нан дегеннің бәрін алып тастады ғой. Бұрын үкіметтің дотациялық ұны болатын. Оны алсаң, белгілі бір бағамен сатасың. Бірақ қазір нан бағасы сол қалпымен тұр. Ештеңе өскен жоқ қазір. Тамыз-қыркүйекке дейін ескі өнімнің ұнымен келгенбіз. Биылғы ұн енді келе бастады. Оның бағасы сапасына қарай орташа есеппен алғанда килосы 80 теңгені шамалайды, - дейді Әбдірахим Төлендиев.

Қырман. Ақмола облысы, 10 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырман. Ақмола облысы, 10 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Оның айтуынша, Астанада 50-ге тарта наубайхана жұмыс істейді және олардың ешқайсысының тұтынушысын жоғалтқысы жоқ. Сондықтан өзгелері сияқты олар да сапалы нан беріп, бағаны төмен ұстауға мүдделі.

Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің айтуынша, биылғы мол астық пен түсім нан бағасын төмендетуге әсер етпейді.

- Нан бағасы нарық коньюктурасына байланысты қалыптасады. Біздіңше, наубайханаларды шикізатпен (ұн - ред.) қамтамасыз етуде мәселе туындамайды. Баға нарықтағы жағдайға қарай қалыптасады. Нанның бағасы шикізатқа ғана емес, энергоресурс, жанар-жағармай құнына да байланысты реттеледі, - деді министр Асқар Мырзахметов Азаттыққа.

БАҒАНЫ ҰСТАП ТҰРУҒА МӘЖБҮРЛЕУ

Қазақстанның астық өңдеуші және наубайшылар одағы төрағасы Евгений Ган да «астықтың молдығы нанның бағасына әсер етпейді» деп санайды.

- Өнім көп болса, нан арзандау керек деген логикаға сай келмейді. Бүгінгі күні біздегі нан бағасы нарықтық жолмен қалыптасып отырған жоқ. Нан бағасы әкімшілік жолмен реттеліп келеді, - деді Евгений Ган Азаттық тілшісіне.

Өнім көп болса, нан арзандау керек деген логикаға сай келмейді. Бүгінгі күні біздегі нан бағасы нарықтық жолмен қалыптасып отырған жоқ. Нан бағасы әкімшілік жолмен реттеліп келеді.

Оның айтуынша, «Қазіргі нан бағасы онсыз да арзан. Сондықтан нан бағасын бұдан төмен қылуға болмайды». Ол өзі айтқан «нан бағасы нарықтық жолмен қалыптасып отырған жоқ» деген мәселені кеңірек түсіндіруден бас тартты.

Ал ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің Азаттыққа айтуынша, нан бағасына жергілікті әкімдіктер компаниялармен келісімдер (меморандум) жасау арқылы әсер ете алады. Алайда министр мұны нан бағасын ұстап тұруға мәжбүрлеу деп санамайтынын да айтты.

Қазақстан - астық экспорттайтын елдердің бірі. Ресми ақпарат бойынша, елдің 12 облысында егін егіледі. Қазақстанда егістік алқаптары ең көп өңірлер – Ақмола облысы (4 миллион 328,7 гектар), Қостанай облысы (4 миллион 215 мың гектар) және Солтүстік Қазақстан облысы (3 миллион 217,7 мың гектар).

XS
SM
MD
LG