Accessibility links

«Ресей қаласа да, БРИКС Батысқа қарсы тұрмайды»


БРИКС елдері жиынына қатысушы мемлекет басшылары. Уфа, 9 шілде 2015 жыл.

БРИКС елдері жиынына қатысушы мемлекет басшылары. Уфа, 9 шілде 2015 жыл.

Азаттыққа сұхбат берген сарапшы Асқар Нұрша «ШЫҰ-ға мүше Қазақстан БРИКС-ке енсе, не өзгереді?» деген сауалға да жауап іздеді.

Ресей құрамындағы Башқұртстанның астанасы Уфа қаласында БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы мүше) пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан мүше) саммиті өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар алдын-ала таратқан ақпараттарға қарағанда, саммиттің күн тәртібінде аталған ұйымдардың халықаралық деңгейдегі рөлін күшейту жайы талқыланып, әлемдік және аймақтық өзекті мәселелер сөз болуы мүмкін.

Ресейдің кейбір ақпарат құралдары БРИКС пен ШЫҰ самммитін «Үлкен сегіздік» ретінде бағалап, «Батыстың қаржы-экономикалық институттарының үстемдігімен күресу үшін дипломатиялық клуб құру жөнінде Ресей идеясының жүзеге аса бастағанын» хабарлады.

Қазақстанның Тұңғыш президенті қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Асқар Нұрша Азаттыққа берген сұхбатында БРИКС пен ШЫҰ-ның бағыты жөнінде айтып берді.

Азаттық: – Халықаралық сарапшылар «Ресей БРИКС ұйымының қызметін жандандыру және жаңа даму банкін ашу арқылы «Үлкен жетілікке» (АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Канада, Жапония және Италия) қарсы блок құруға ұмтылып отыр. Бұл Ресейдің өзін қиындыққа ұшыратады. Өйткені БРИКС-тің басқа мүшелері Батыспен арасын бұзғысы келмейді» деген пікірлер айтып жатыр. Бұл пікірлер қисынды ма?

Ресей президенті Владимир Путин БРИКС елдері жиынында отыр. Уфа, 9 шілде 2015 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин БРИКС елдері жиынында отыр. Уфа, 9 шілде 2015 жыл.

Асқар Нұрша: – Бұл пікірлер қисынсыз емес. Кейбір елдер БРИКС-ті «Үлкен жетілікке» қаншалықты ұқсатқысы келгенімен оған мүше елдер көбі әлдебір тартыс үшін Батыспен ара қатынасын үзіп, экономикалық мүдделерін құрбандыққа шала алмайды. Мәселен, Үндістанның, Бразилия мен Қытайдың АҚШ-пен арада қайшылығы бар екендігіне қарамастан бұл елдердің экономикасы Батыс экономикасымен матаса байланысқанын ескеру керек. Сол себепті БРИКС-ті Батысқа қарсы тұратын блок ретінде толыққанды қарастыруға болмайды. Мұны көпполярлы әлем тұжырымдамасы бойынша құрылатын жаңа балама полюс құру талпынысы деген дұрыс болатын шығар.

Бір қызығы, БРИКС құру жөнінде бастапқы идеяны алғаш рет Батыс сарапшылары айтқан еді. Әлемдік саясатта екінші эшелонда отырған елдер болашақта Батыс елдеріне бәсекелес бола алатыны туралы осы идея кең тарағаннан кейін барып қазіргі БРИКС мүшелері оны жүзеге асыруға кірісті.

Азаттық: – Батыстың санкциясына ілігіп отырған Ресей БРИКС арқылы Батысқа қыр көрсете ала ма?

Асқар Нұрша: – Рас, дәл қазір Ресей БРИКС-тің де, ШЫҰ-ның да мінберін пайдаланып, оны Батыспен диалогта өзінің ұстанымын күшейтетін аргументке айналдырғысы келеді. Алайда БРИКС-тің өзге мүшелері мұндай беталысқа дайын емес, яғни Ресейді біржақты қолдап кетпейді. Олар Халықаралық валюта қорына балама бола алатын ортақ құрылымды қолдауы мүмкін. Яғни олар ұйымға экономикалық тұрғыда қарайды.

Қытайдан Батысқа қарсы әрекет іздеудің қажеті шамалы, өйткені ол – әлемдегі ірі инфрақұрылымдық жобаларға ірі қаржы құюға мүмкіндігі бар ел.

Мәселен, Ресей БРИКС елдерінің парламентттік ассамблеясын құруды ұсынған. Ресей мұндай идеяны Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен ШЫҰ аясында да айтқаны бізге мәлім. Бірақ шын мәнінде жұмыс істемейтін мұндай шартты ұйым құруға Үндістан қарсы болды. Екіншіден, БРИКС елдерінің экономикалық салмағы әртүрлі. БРИКС пен ШЫҰ-ның қазіргі қозғаушы күші – Қытай. Инфрақұрылымдық жобаларға ірі қаржы құюға дайын ел де – осы Қытай. Ал Қытайдан Батысқа қарсы әрекет іздеудің қажеті шамалы, өйткені Қытай – әлемдегі ірі инфрақұрылымдық жобаларға ірі қаржы құюға мүмкіндігі бар ел. Қытайға ол қаржыны қандай ұйым арқылы жұмсағаны соншалық маңызды емес. Қытай нарықтағы баға шайқалған кезде құнсызданатын мол қаржысын нақты экономикаға салуға ұмтылады. Сол себепті Қытай бүкіл әлем бойынша түрлі инфрақұрылымдық жобаларды белсенді қаржыландырады. Бұл, әрине, бір жағынан Қытайдың әлемдегі саяси-экономикалық ықпалы ұлғайтуға да пайдаланылады. Ал Ресей – түрлі бастамасына қарамастан, экономикалық әлеуеті Қытайдан төмен ел. Нақты мысалмен айтатын болсақ, Қытайдың Ресеймен тауар айналымы өткен жылы 90-95 миллиард доллар шамасында болды. Ал Қытайдың АҚШ-пен және Еуропамен тауар айналымы триллион доллардан асты. Қытай, әрине, мұндай мүдделерін жиып қоя алмайды.

Азаттық: – Қазақстанды БРИКС-ке мүше етіп алу керек дейтін ұсыныстар соңғы уақытта жиі айтылатын болды. Мұндай ұйымға мүше болу Астананы Батыстан алшақтатпай ма?

БРИКС елдері жиынына қатысушы мемлекет басшылары. Уфа, 9 шілде 2015 жыл.

БРИКС елдері жиынына қатысушы мемлекет басшылары. Уфа, 9 шілде 2015 жыл.

Асқар Нұрша: – Менің ойымша, дәл қазір Қазақстанның бұл ұйымға қосылуына ешкім де қарсы келмейді. Қазақстан өзінің дипломатиялық ресурстарын ұтымды пайдаланса, онда бұл толығымен мүмкін. Бірақ бұл ұйым Қазақстанға не береді? Әрине, әлемдік саясатта Қазақстанның имиджін, саяси ұстанымын нығайтуға мүмкіндік беретін шығар. Ал практикалық тұрғыдан алсақ, Қазақстан өз аумағындағы инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция тарта алса тиімді болар еді. Менің ойымша, қазіргі жағдайда Қазақстанның әлеуеті БРИКС-тің басқа мүшелерінен төмен. Қазақстан бұл ұйымға қосылса да, оны көп векторлы саясатының бір қыры ретінде қарайды. Көп векторлы саясатта Батысқа қарсы тұру туралы сөз жоқ. Екінші мәселе, Қазақстанның Батыс үшін айта қаларлықтай проблема туғызатын ресурсы да жоқ. Сол себепті Батыс Қазақстанның БРИКС-ке кіруін соншалықты маңызды фактор деп санамайды.

Азаттық: – БРИКС жиынымен бір мезгілде өтіп жатқан ШЫҰ саммитінің қандай ерекшеліктері бар?

Асқар Нұрша: – Бұл – ШЫҰ-ның жыл сайын өтетін саммитінің бірі. Биыл Ресей БРИКС-ке де, ШЫҰ-ға да төрағалық етеді. Сондықтан олар екі саммитті біріктіріп отыр. Бір қызығы Ресей осы жолы БРИКС-пен қатар ШЫҰ және Еуразия экономика одағы ұйымының жетекшілерінің бейресми кездесуін ұйымдастырмақ. Сөйтіп бір саммитте үш түрлі ұйымның жетекшілерінің басын қосып, үш эффектіні қатар көрсетпекші. Осы арқылы Ресей әлемдік саясатта балама полюс құрауы мүмкін елдердің жиынының геосаяси эффектісін аңғартқысы келеді.

Азаттық: – ШЫҰ-ны келешек НАТО-ға теңеу қаншалықты қисынды?

Асқар Нұрша: – ШЫҰ, біріншіден, әскери ұйым емес. Екіншіден, Қытай таяуда өзінің Ресеймен әскери альянс құру мақсаты жоқ екенін мәлімдеді. Бұл – маңызды мәселе. Үшіншіден, ШЫҰ-ны Ресей мен Қытайдың геосаяси альянсы ретінде қарастыру керек. Бірақ ондағы Орталық Азия елдерінің де мүддесін жоққа шығаруға болмайды. Тұтастай алғанда ШЫҰ-ның әлдебір ортақ стратегиясы туралы айтуға әлі ерте. Өйткені ондағы әрбір елдің өз мүддесі бар. Қазір ол біртіндеп саяси-дипломатиялық және экономикалық ұйымға айналып барады. Егер осы саммите Үндістан мен Пәкістан мүше болса, онда бұл ұйымдағы Ресей мен Қытай басымдығына баланс пайда болады. Ондай болса, ШЫҰ айтарлықтай салмағы бар, бірақ геосаяси маңызы әлсіз ұйымға айналады. Сол себепті оған Азия НАТО-сы болу мүмкіндігі жоқ. Өйткені мұның ықпал аймағы Еуразия құрлығы төңірегінде ғана. Ал аталған елдердің Азия аумағындағы қауіпсіздік мәселесі бойынша бұрыннан келе жатқан ортақ ірі ұйымдары бар.

Азаттық: – Сұқбатыңызға рақмет!

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG