Accessibility links

Ағылшын ханзадасының Алматыдағы жүрісінен дау шықты


Гарри ханзада.
Гарри ханзада.

Сүйікті қызымен тыныш жерде демалам деп Алматыға келген ағылшын ханзадасы Гарридің басы дауға қалды. Баспасөз оны «автократ басшыға жақын адамдардың ақшасына демалды» деп айыптады.

Алматыда шаңғы теуіп демалған ханзада Ұлыбритания патшайымы Елизаветаның отбасын тағы да сынға ұрындырды.

КІМ ШАҚЫРҒАН, ҚАЛАЙ КҮТКЕН?

Солдан оңға қарай: Гарри ханзада, Уильям ханзада және аббат қызметкері Вестминстер аббаттығында. Лондон, 29 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Солдан оңға қарай: Гарри ханзада, Уильям ханзада және аббат қызметкері Вестминстер аббаттығында. Лондон, 29 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Ұлыбритания патшайымы Елизаветаның немересі Гарри ханзада Қазақстанға президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын адамның шақыртуымен келген. ​

29 жастағы ханзада сүйген қызы Крессида Бонаспен бірге төрт күндік сапармен мұнайға бай Қазақстанға келіп, тауда шаңғымен сырғанады.

Қожайындар оларға тау басында көпшігі қалың, жайлы орындықтар тізіп қойып, түрлі тағам пісіріп, барынша күткен.

Британдық Daily Mail басылымының хабарлауынша, ханзаданың Қазақстандағы демалысының шығындарын Түркиядағы белгілі саясаткер Онур Ойменнің ұлы, құрылыс саласындағы бизнесмен Бурак Оймен көтеріп алған.

Бурак Оймен мен оның бизнестегі әріптесі Сержан Жұмашов Қазақстанда сән-салтанатты құрылыс нысандарын салумен айналысады. Екеуі де Қазақстан президентіне жақын адамдардың санатында.

«ҚАЗАҚСТАНДА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖИІ БҰЗЫЛАДЫ»

Букингем сарайы Гарридің бұл сапарын «жеке мақсаттағы демалыс» деп ақтауға тырысты. Ал Amnesty International ұйымы патшайым немересінің бұл қылығын қатты сынап, оны «Қазақстандағы адам құқықтарын бұзу фактілеріне көз жұма қарады» деп айыптады.

Amnesty International баспасөз хатшысы Аллан Хогарт «Гарри бірге сырғанауға болмайтын адамдар туралы ойлануы керек. Қазақстан – репрессиялық мемлекет, мұнда зорлық-зомбылық жиі болады, ал саяси оппозиция талқандалған» дейді.

Британияның патшайым отбасы мен Қазақстан элитасы арасында бұрыннан байланыс бар. 2010 жылы Гарридің немере ағасы Эндрю меншік сарайын қазақстандық миллиардер, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевқа сатып, оның мұнысын БАҚ қатты сынаған еді.

Ұлыбританиядағы Саннгингхилл паркіндегі 600 акр аумақты алып жатқан сарайды Тимур Құлыбаев белгіленген бағадан 6 миллион доллар артық төлеп, 28 миллион 500 мың АҚШ долларына сатып алған. Бұдан соң бұл жай сауда-саттық емес, ерекше ықылас көрсету шарасы екені белгілі болды. Ал сол күтімсіз қалған үй әлі күнге бос тұрған көрінеді.

ҚЫМБАТ КЕҢЕСШІ

Эндрю ханзаданың қазақстандық белгілі әйел Гога Ашкеназимен түскен суреттері де талай әңгімеге арқау болды. Гога Ашкенази - Құлыбаевтың үй күтушісі. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, екеуінің екі баласы бар. Бұл жағдай Тимур Құлыбаев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динараның некесіне еш әсер еткен жоқ. Ал Ашкенази болса өзінің Эндрю ханзадаға «ғашық екенін» айтқан.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр. (Көрнекі сурет)


Патша отбасы мен Қазақстан элитасы арасындағы достық Британияның жоғары лауазымды саяси тұлғаларына да әсер еткен. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрдің фирмасына Қазақстан президенті Назарбаевқа арнайы кеңесшілік қызмет көрсеткені үшін 13 миллион доллар қаражат аударылған. Адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар бұл келісімді сынайды.

Мұнай, газ және басқа да минералды ресурстарға бай елді басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаев пост-советтік бұл елді халықаралық дәрежеде мойындалған мемлекетке айналдыру жолында Батыстың қолдауына ие болды.

Бірақ Қазақстанның адам құқықтары саласындағы көрсеткіштері нашарлап барады. Human Rights Watch ұйымы 2014 жылғы ғаламдық есебінде Қазақстанда сөз және жиын бостандығына шектеу қойылып, саяси көзқарасы үшін қудалау фактілерінің, құқық қорғау саласындағы зорлық-зомбылықтың көбейгенін хабарлады.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG